Accessibility links

Таразда мүмкіндігі шектеулі балалар наразылық акциясына шықты


16 мамыр күні Таразда, саңыраулар мен нашар еститіндерге арналған мектеп-интернаттың кейбір оқушылары Жамбыл облыстық әкімшілігінің алдына шығып, аталмыш мектеп-интернаттың директоры Жанна Мамашеваның отставкаға кетуін талап еткен.

Олар өздерінің мұндай қадамға баруына Тараз қаласындағы саңыраулар мен нашар еститіндерге арналған мектеп-интернаттың директоры Жанна Мамашеваның осында оқитын балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендігінің себеп болғандығын мәлімдеген. Ал, Жамбыл облысының ресми өкілдері бұл шараны өздерінің мүддесін ойлаған адамдар ұйымдастыруы мүмкін дегенді айтып отыр.

Атап айтқанда, Тараздағы облыстық әкімшіліктің алдына жиналғандармен сөйлескен, Жамбыл облыстық білім беру департаменті директорының орынбасары Айман Садықова 16 мамыр күні түстен кейін Азаттық радиосына телефон арқылы берген жауабында, сол күні облыстық әкімшілік алдына шыққандардың көбі мектепте оқитын балалардың ата-аналары емес екендігін айтты. Сондай-ақ, Айман Садықова қазіргі уақытта осы мәселеге қатысты облыстық әкімшілік тарапынан тексеру жұмыстарының жүріп жатқандығынан да хабардар етті.

Ал, Жамбыл облыстық саңыраулар қоғамының төрайымы Наталья Скальяпова, бұл наразылық шеруін өткізуге, аталмыш мектеп-интернат қызметкерлерінің кемтар балаларға зорлық-зомбылық тәсілін қолдануының себеп болғандығын әңгімелеп берді.

Оның айтуынша аталмыш мектеп-интернаттың қызметкерлері, осында оқитын төрт баланы экскурсияға барамыз деп, Тараздағы 2-ші полиция учаскесінің бөліміне апарған. Сондай-ақ, Наталья Скальяпова мектеп қызметкерлері полицияға апарған балалардың тек соққыға ғана жығылып қоймай, оларға неше түрлі зорлық-зомбылық әрекеттерінің де жасалғандығын тілге тиек етті. Наталья Скалапованың айтуынша, балаларды қорлау арқылы, олардан мектеп қызметкерлерінен кешірім сұратқызған.

Біз осы мәселеге байланысты түсініктеме беруін өтініп, мамырдың 16-күні Тараздағы 2-ші полиция учаскесіне хабарластық. Телефон тұтқасын көтерген кезекші бұған байланысты, 2-ші полиция учаскесі бастығы орынбасарларының бірі Жексембаев Әкімжанмен хабарласуымызға кеңес беріп, сол кісінің телефонын берді. Алайда, ол телефонда өз аты-жөнін атағасы келмеген адамның Азаттық радиосына берген жауабы төмендегідей болды:

- Ол жерде ештеңе болған емес. Ол жердегі “оқиға” - бір-біріне қарсы ұйымдастырылып отырған нәрселер. Ол жердегі басшылық бір-бірімен айтысып, полицияға алып келген ғой, қорқытып бер деген мақсатта. Олар келгеннен кейін, балаларды қайтып алып кетті. Ұрған-соққан ештеңесі жоқ. Енді келіп, бар кінәны полицияға аудара салмақ.

Ал осы дау-дамайдың ортасында аты аталып отырған Тараздағы саңырау және нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернат директоры Жанна Мамашеваға дүйсенбі күні бірнеше мәрте телефон шалғанымызбен, онымен байланысудың сәті түспеді. Күні бойы біздің өтінішімізге бастығының жиналыстан қолы босамағанын айтқан хатшы қыз, кешкі сағат бес кезінде кезекті сауалымызға, Жанна ханымға енді тек ертең хабарласуымызды өтінді.
XS
SM
MD
LG