Accessibility links

Баспасөзге шолу. 18 мамыр 2005 жыл


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың облыстарға жасаған сапары туралы жазған кейбір тәуелсіз газеттер "президент Ақтөбедегі “Әлия” базарына барады екен" деген әңгіме шыққаннан кейін, тамақ өнімдерінің бағасы қолдан арзандатылып сатылғанын жазыпты.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасында жарық көрген Андрей Рубиннің мақаласында өткен аптада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Батыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарында Қарашығанақ және Орал газ құбыры құрылысы жобасының іске қосылғандығы хабарланыпты.

Мақалада, сондай-ақ, Мемлекет басшысының қарапайым халықпен жүздескендігі, көп балалы отбасылардың шаңырағында болғандығы, студенттермен және мектеп оқушыларымен кездескендігі де айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, Батыс Қазақстан облысында соңғы жылдары ауыл шаруашылық өнімдерін шығару 53 процентке артқан.

Сонымен бірге аталмыш мақалада жергілікті кәсіпкерлердің, Мемлекет басшысымен кездескен кезінде Оралды және оның маңайында тұратын бес мыңнан астам ауыл тұрғындарын Қарашығанақ газымен қамтамасыз ету мәселесін көтергендігі баяндалыпты. Газет тілшісінің айтуынша, осы кезге шейін оралдықтар Орынбордан алынатын газды пайдаланып келіпті.

“Аргументы и факты” газетінің хабарлауынша, осы оқиғадан кейін Оралда Мемлекет басшысының бастамасымен қаланы жылына 500 миллион кубометр газбен қамтамасыз етіп тұратын меморандумға қол қойылған.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасының жазуынша, осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ендігі уақытта инвесторлардың Оралды Ресеймен салыстырғанда газды 15-20 процент арзан бағамен қамтамасыз етіп тұратындығын мәлімдеген.

Ал, “Жас Алаш” газетінің хабарлауынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе облыстарына барып қайтқаннан кейін, редакцияға көптеген оқырмандар телефон шалып, Мемлекет басшысы келердің алдында түрлі келеңсіздіктердің орын алғандығын айтып, мұң-мұқтаждарын жеткізген. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Мемлекет басшысы Ақтөбедегі “Әлия” базарына барады екен” деген әңгіме шыққаннан кейін, тамақ өнімдерінің бағасы қолдан арзандатылып, 650-700 теңге тұратын еттің бағасы 250 теңгеге түсірілген.

Мақала авторының айтуынша, қарапайым халық Президент кете салысымен шарықтап шыға келген бағаға қатты наразы болған. Редакцияға Батыстан телефон шалған бір азаматтың айтуынша, Президент келетін кезде, студенттерді стадионға апарып, «уралатып» айқайлатып қойған. Редакцияға хабарласқан әлгі азаматтың айтуынша, сол студенттердің көбінің жағдайы нашар, баспанасы да жоқ көрінеді.

Сондай-ақ, сәрсенбі күні жарық көрген басылымдарда жастар тақырыбы да сөз болыпты. Атап айтқанда, “Экспресс К” газетінде жарық көрген Илья Гуктың мақаласында Астанадағы студенттерден пара алу, оларға қысым көрсету секілді оқиғалардың жиілеп кеткендігі туралы мысалдар келтіріліпті. Мақала авторының айтуынша Астанада жастардың 16 жатақханасы болғанымен, олардың көбінің дәретханасы да жоқ екен.

Газет тілшісі келтірген деректерге жүгінсек, кейбір жоғарғы оқу орындарының басшылары жатақханаларында қанша студенттің бар екендігі туралы мәлімет беруден бас тартқан. Автор өз мақаласында көп жағдайда студенттердің пара беру арқылы ғана жатақханаға орналаса алатындығына тоқтала келіп, бір жоғарғы оқу орны деканының өз студент қыздарына қиындықтарын шешіп беру үшін, төсек қатынасына баруға дейін ұсыныс жасағандығы туралы оқиғаның орын алғандығына да тоқталыпты.

“Литер” басылымында жарық көрген Ольга Медведьеваның мақаласында бүгінгі таңда жас қыздардың арасында жезөкшелікке салынғандардың көбейіп бара жатқандығы сөз болады. Мақалада мысалға келтірілген, тәуелсіз сарапшылардың сараптамасына сүйенсек, бүгінгі таңда Алматы қаласының өзінде ғана 20 мыңға жуық жезөкшелікті кәсіп қылған қыз-келіншектер бар екен.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасында адам өлтіруге дейін барып, аса ауыр қылмыс жасаған жасөспірімдердің тағдыры туралы проблемалық мақала жарық көріпті. Мақала авторының айтуынша, кейде жас балалардың адам өлтіруі аса үлкен қатігездікпен жасалады екен.

Мысалы, 14 жасар Балқаштың тұрғыны Михаил Мухин телевизорды сатып жібергенін ата-анасына айтамын деп қорқытқаны үшін туған әжесін сым темірмен қылқындырып өлтірген. Мақалада, сондай-ақ, Сергей Аксаков пен Андрей Беленький атты жасөспірімдердің 31 жастағы жігітті 350 теңге үшін аяусыздықпен өлтіргендігінің тарихы да баяндалыпты.
XS
SM
MD
LG