Accessibility links

Қазақстанда синтетикалық есірткі түрлері көбейіп келеді


Қазақстан полициясы елде есірткінің өзге түрлерімен қатар синтетикалық есірткіні тұтыну да тез өсіп келеді дейді. Мамандардың айтуынша, биылғы 4 айда ұсталған синтетикалық есірткі көлемі былтырғы дәл осындай кезеңмен салыстырғанда 5 есеге өскен.

26 жастағы Саяттың есірткіге әуестенгеніне 3 жыл болған. Өзінің айтуынша, ол есірткінің шылым секілді шегетін түрін қолданады. Саят оны жеңіл есірткі санайды.

- Шөп күйіндегі есірткіні шегемін. Оны “индейка” дейміз. Темекі сияқты шегеміз. Жиі шекпеймін, анда-санда отырыстарда, көңіл көтеру үшін айына бір-екі рет шегемін.

Өзін есірткіге тәуелділердің қатарына жатқызбайтын Саят, синтетикалық есірткілер жайлы былай дейді:

- Клубтарға барғанда таблетка түріндегі есірткілерді тұтынып көрдім. Бірақ, оларды жиі қолданбаймын, өйткені өзім түнгі клубтарға жиі бармаймын, әрі синтетикалық есірткілер қымбаттау.

Алматыдағы сот-сараптама орталығы мамандарының айтуынша, Қазақстанға Еуропадан әкелінетін синтетикалық есірткілер, негізінен “метилендиоксимедамфетамин” деп аталатын есірткі түріне жатады. Дүние жүзінде шығаруға тиым салынған бұл синтетикалық есірткі, негізінен, Еуропадағы жасырын лабораторияларда дайындалатын көрінеді. Қазақстанның Әділет министрлігінің жанындағы сот-сараптама орталығының бас сарапшысы Валентина Замкованың айтуынша, түнгі клубтарда сатылатын экстази, амфетамин таблеткалары осы синтетикалық есірткі түріне жатады екен.

- Мұндай таблеткалардағы амфетамин үлесі 50 миллиграмнан 70 миллиграмға дейін жетеді. Есірткінің бұл түрі адамды арықтатып, оның ұйқысын бұзады. Адам депрессияға ұшырап, елес ауруымен ауыра бастайды. Тағы бір ерекшелігі, мұндай есірткіні пайдаланған жан үнемі белгілі бір дене қимылдарын қайталай береді, - дейді маман.

Синтетикалық есірткінің осы соңғы қасиеті, есірткі жөніндегі сарапшы Валентина Замкованың айтуынша, түнгі клубтарға қажет көрінеді. Өйткені, экстази таблеткаларын қабылдаған адам еріксіз түрлі қимылдар жасауға мәжбүр болады. Сырттан қараған жанға, адам билеп жүрген әсер қалдырады. В.Замкова синтетикалық есірткілердің тағы бір қасиеті жөнінде былай дейді:

- Есірткінің бұл түрі адам ағзасына миға энергияның көптігі туралы жалған мәлімет беруге мәжбүрлейді деп айтуға болады. Нәтижесінде, адам өзінің шаршағанын немесе ауырғанын білмей таңға дейін билей береді.

Экстази таблеткаларының бұл қасиетін оны қолданып көрген Ақбаян есімді бойжеткен де растайды.

- Түнгі клубтарға барғанда бір-екі рет пайдаланып көргенмін. Ол әркімге әрқалай әсер етеді дейді. Мен өзім қолданғанда барлық проблемаларымды ұмыттым, шаршағанымды сезбей, таңға дейін билеген болатынмын.

- Қандай түрін пайдаланып едіңіз?

- Экстази таблеткаларын.

Арман есімді жігіттің айтуынша, экстази таблеткаларын түнгі клубтарда адам мас болғанда ұсынатын көрінеді.

- Маған бір рет түнгі клубта әлдекімдер осындай таблеткаларды пайдалануға ұсынған болатын. Бірақ, оның қай клубта болғанын, кімдер ұсынғанын мен айта алмаймын. Өйткені, мен өте мас едім.

Полиция қызметкерлерінің мәліметіне қарағанда, синтетикалық есірткілердің бір таблеткасы орташа есеппен 10 АҚШ доллары тұрады. Өзге есірткі түрлеріне қарағанда салыстырмалы түрде қымбаттау тұрғанымен, Қазақстанда синтетикалық есірткілерді тұтынушылар саны жыл сайын өсіп келе жатқан көрінеді. Сот-сараптама орталығының мәліметі бойынша, соңғы 4 айда Алматы қаласында ұсталған синтетикалық есірткі көлемі 3 мың таблетканы құраған.
XS
SM
MD
LG