Accessibility links

Өзбекстанның Қарасу қалашығын билік бақылауына алды


Хабарларға қарағанда, Өзбекстанның үкімет күштері елдің шығысындағы Қарасу қалашығын өз бақылауына алды. Өткен аптада Әндіжандағы қантөгістен кейін наразылық танытушылар көршілес Қырғызстанмен шекарадағы Қарасуда биліктің федералды мекемелеріне шабуыл жасаған еді.

Жергілікті тұрғындардардың айтуынша, Өзбекстан әскерлері бейсенбі күні түнде Қарасу қалашығына қарай жылжып, Бахтиёр Рахимов есімді кісіні тұтқынға алыпты. Өзбекстан ресмилері Рахимов өткен аптадағы наразылық акцияларға жетекшілік еткен дейді. Жергілікті тұрғындардың хабарлауынша, әскерилер сондай-ақ, Рахимовтың қолдаушыларын да қамауға алған екен. Дегенмен, бұл хабар әлі расталған жоқ.

Қарасу қалашығының Қырғыз жағында жүрген тілшіміз Елмұрат Юсупалиев:

- Бүгін таңертең Өзбекстанның Қарасу қалашығына Өзбек әскерлерінің кіргені туралы хабар алдық. Өкінішке орай, мен шекарадан өтіп, қаланың Өзбек жағына өтуге мүмкіндігім болмай отыр, өйткені Қырғыз шекарашылары рұқсат бермей жатыр. Мен тұрған жерде Өзбек әскерлері көрінбейді, - деді Азаттық радиосына жолдаған хабарында.

Мамырдың 14-і күні үкімет күштері Қарасудан 35 шақырым жерде орналасқан Әндіжан қаласында қару қолданып, өз бақылауын орнатқан кезде, ереуілшілер Қарасу қалашығын өз қолына алған болатын.

Наразылық білдірушілер Қарасудағы әкімшілік ғимаратын басып алып, қала әкімін Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовті елдің көзінше сынауға мәжбүр еткен.

Тілшіміз Е.Юсупалиев сол кездегі оқиғаны өз көзімен көрген еді.

- Бүгін таңертең, яғни мамырдың 14-і күні, мыңдаған адам Қарасу қаласындағы әкімшілік ғимаратын қоршап алды. Содан кейін бірнеше ереуілші ғимаратты басып алып, әкімшілік қызметкерлерінің кейбіреуін қатты ұрды, ал қала әкімін кепілдікке алды. Мен бұның бәрін өз көзіммен көрдім. Сосын ереуілшілер әкімді ғимараттың шатырына шығарып, Кәрімовтың саясатын сынауға мәжбүр етті. Олар “егер сен Кәрімовты жамандамасаң, біз сені төменге түсірмейміз” деді. Ал, полиция қызметкерлері мен шекарашылар қорқып, қашып кетті, - деп хабарлаған еді тілшіміз Е.Юсупалиев.

Ереуілшілер Қарасу қалашығын өз бақылауына алған соң, олар бұдан екі жыл бұрын Өзбекстан үкіметі жағынан бұзып тасталған шекарадағы көпірді қайта орнатып алды. Тұрғындар сол көпір арқылы Қырғызстанға өтіп, жергілікті базарда саудамен айналысуға мүмкіндік алды.

Қарасуда Өзбекстан жауынгерлерінің жоқтығын пайдаланып, көптеген Әндіжан тұрғындары Қырғызстанға босып кетті. Бірақ, Өзбекстан үкіметі Қарасуды тез арада әскермен қоршап алып, босқындар ағымын қысқартты.

“Ассошиэйтед Пресс” пен “Франс-Пресс” ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Өзбекстан әскерлері аталған көпірді өз бақылауына алып, саудагерлерге ғана Қырғызстанға өтуге рұқсат беріп жатқан сияқты.

Қырғызстанның шекара қызметінің хабарлауынша, Бішкек соңғы күндері босқын ретінде шекарадан өткен бірнеше өзбекстандықты кері қайтарған.

Интернеттегі Өзбекстанның оппозициялық бағытындағы «Ферғана.ру» сайты Қырғызстан шекара қызметінің өкілі Гүлмира Бөрібаеваға сілтеме жасап, осы күнге дейін 17 адам Өзбекстанға қайтарылды деп хабарлайды.

Г.Бөрібаеваның айтуынша, Өзбекстанға қайтарылған 17 адамның құжаттары болмаған. Бөрібаева, сондай-ақ, Кәрімовтың “Қырғызстанға босып кеткендер қаруланған” деген мәлімдемесін жоққа шығарып отыр.
XS
SM
MD
LG