Accessibility links

Бақытжан Төреғожина: «Қаһар» қозғалысы биліктің қытығына тиеді


Алматыда “Ар.Рух.Хақ” қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина «Қаһар» жастар қозғалысымен жұмыс істегені үшін өзіне қысым көрсетіліп жатқанын айтып, арнайы мәлімдеме жасады.

Мамырдың 19-күні Бақытжан Төреғожина өзі тіркеуде тұрған үйдің кіре беріс қабырғаларына белгісіз біреулердің “Қаһар” деп жазып тастағанын көрген. Төреғожинаның айтуынша, бұдан бұрын ол Алматы прокуратурасынан ескертпе алыпты, ал Алматы қала әкімшілігінің өкілдері оған арнайы телефон шалып, онымен соттасатынын жеткізген көрінеді.

- Мен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйым жастардың “Қаһар” қозғалысына қолдау көрсетіп, оларға семинар өткізумен шұғылданады. “Қаһар” қозғалысы түрлі шараларды ұйымдастыра бастағаннан кейін, біздің үкіметтік емес ұйымды мемлекеттік органдар тексере бастады, - деді Бақытжан Төреғожина Азаттық радиосына.

Бақытжан Төреғожина көп жылдан бері Қазақстан оппозициясының қатарында жүрген адам. Ол жастарға өз білген-көргенін айтып, тәжірибе бөліскісі келетінін айтады.

- Алғашында, мен «қаһарлықтармен» жұмыс істеуді енді бастап жүргенімде, маған бұл жұмыстан бас тартсаңыз, Астанадан екі бөлмелі пәтер алып береміз, ақшалай көмек болады деп айтты. Ондай ұсынысты мен қабылдамадым, міне, енді қысым көріп жатырмын. Маған Алматы прокуратурасынан ескертпе келді, онда “Қаһар” қозғалысы заңсыз жұмыс істеп жатыр деп жазыпты. Олар қозғалысты тіркеу үшін керекті талаптарды айтып, тізіп берген екен. Мен бұл дұрыс емес деп есептеймін, себебі, біз заң шеңберінде жұмыс істеп жатырмыз, бұл бірдей ойлайтын жастардың қозғалысы, яғни біз - заңды тұлға емеспіз. Одан кейін, қала әкімшілігінің қызметкерлері заңды бұзғаныңыз үшін біз сізді сотқа береміз деп айтты. Өздерін әкімшілік қызметкерлеріміз деген азаматтар – “Қаһар” қозғалысының мүшелері өз қозғалыстары туралы түрлі ақпарат таратып, түрлі жазу жазып, мемлекеттік мүлікке зиян тигізіп жатыр, сол себептен біз сізбен соттасамыз” деп отыр. Бұл - дұрыс емес, - деп санайды Бақытжан Төреғожина.

Бұл мәселеге байланысты Алматы прокуратурасына хабарласқанымызбен, қандай да бір жауап алу мүмкін болмады. Ал Бақытжан Төреғожинаға телефон шалған әкімшілік қызметкерлерінің телефоны бейсенбі күні жауап бермеді.

- Күні бүгінге дейін «қаһарлықтар» өздерін оппозиция қатарына қоспаған, есесіне ресми билік бізді оппозиция қатарына қосып, қысым көрсетіп отыр, егер осылай жалғаса берсе, біз шынымен де “Әділетті Қазақстан” қозғалысының мүшелері қатарына қосылуымыз керек болады, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Бақытжан Төреғожинаның сөзін өзге де «қаһарлықтар» қолдап отыр. Бұл бір қызық ойын сияқты дейді қозғалыс мүшелерінің бірі, Қарағанды қаласынан келген Ерғали есімді жігіт:

- Біз жеңілмейміз, қорықпаймыз, жұмысымызды одан әрі жалғастыра береміз. Негізінен, бұл оқиғаның артында билігі бар азаматтар тұруы мүмін, Бақытжанды көре алмайтын азаматтар да тұруы ықтимал.

Бақытжан Тореғожинаны көп жылдан бері танитын, оппозиция белсендісі Қайрат Ердібаев «қаһарлықтар» төңірегінде қалыптасып отырған жағдайға өз бағасын береді:

- Бұл нені білдіреді? Бұл - биліктің оппозициядан қорқатынын білдіреді. Грузия, Украина және бізге көрші мемлекет - Қырғызстанда болған оқиғаны көргеннен кейін Н.Назарбаев пен оның маңында жүрген адамдар оппозициядан қорқып отыр деген сөз.

Бұған дейін «қаһарлықтар» өткізіп келген шараларға заң қызметкерлерінен өзге жұрт баса назар аудармаған еді. Енді өздеріне билік тарапынан әлгіндей әрекеттер жасалып жатқанын мәлімдеген “Қаһар” қозғалысының мүшелері, түрлі қысым-кедергілерге қарамастан өз жұмысын жалғастыра беретінін айтып отыр.

Бұл ұйым туралы ақпаратпен жұртшылық негізінен олардың Интернеттегі сайтынан танысады. Алайда, ондағы кейбір ақпараттар, мысалы, Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі адам құқықтары мен сөз бостандығына, заңдылық пен азаматтық қоғам қоғам орнату ісіне қарсы істерімен «антидемократ» деп танылғандардың «қара тізімі» орналасқан интернет парақшасы Қазақстаннан ашылмай тұр.
XS
SM
MD
LG