Accessibility links

Қазақстанда қаржыны бақылайтын тағы бір орган құрылмақшы


Қазақстан бас прокуратурасы жанынан қаржыны бақылайтын жаңа орган құрылады. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, негізгі мақсаттың бірі - лаңкестікті қаржыландыруға қарсы тиімді құқықтық механизм жасау болмақ.

Бас прокуратураның тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап хабарлауынша, Қазақстан экономикасының 20-30 пайызы көлеңкелі экономикада жүр. Осы жағдайды ретке келтіру үшін, валюта айырбастау пунктері, казинолар және екінші деңгейдегі банктерден өткен қаражат тексеріледі. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, негізгі мақсаттың бірі - лаңкестікті қаржыландыруға қарсы тиімді құқықтық механизм жасау. Ал, кәсіпкерлердің кейбіреуі жаңа тексеруші органның құрылуына қарсы екендігін айтып отыр.

Енді жаңа орган туралы заң жобасы парламент қарауына беріледі. Егер, жаңа орган құруға Қазақстан парламенті қарсылық білдірмесе жеке тұлғалар үшін, орта есеппен 14 мың доллар, ал заңды тұлғалар үшін 36 мың доллардан астам қаражат тексерілетін болады. Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенұлының айтуынша, екінші деңгейдегі көптеген кәсіпорындар тексеріледі:

- Ақша айырбастау бөлімдері, екінші деңгейдегі банктер. Мысалы, Алматыдағы құмар ойындары мекемелерінің саны Мәскеудегімен бірдей екен. Жеке тұлғалар үшін 2 мың айлық есептік көрсеткіштен асатын, ал, заңды тұлғалар үшін 5 мың айлық есеп көрсеткішінен асатын барлық қаржы операциялары қадағаланып отырады.

Мемлекеттік емес ұйым жетекшісі заңгер Марат Башимов, мұндай органдар дамыған мемлекеттердің көбінде бар дейді:

- Америка шарттары бойынша жемқорлықпен күресуге қарсы керек деп айтады. Америкада да бар, бірақ, онда ол қаржы мониторингі емес, қаржы барлауы деп атайды. Жалпы, барлық жерде бар. 90 жылы Еуропа кеңесі тіпті Еуропа емес елдерінде осындай орган құру керек деген.

Қазақстандағы АҚШ елшілігі өз тәжірибелерімен бөлісіп, Қазақстан прокурорларына семинар өткізіп үлгірді. Мамандығы экономист парламент депутаты Уалихан Қайсаровтың айтуынша, прокуратура ақша айналымын тексермеуге тиіс:

- Бас прокуратура экономикамен айналыспауы керек. Оны тексеретін қаржы полициясы бар емес пе. Меніңше казино сияқты мекемелерден прокуратура тағыда қосымша «кормушка» жасайын деп отыр.

Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенұлының айтуынша, прокуратураның басқа тексерушілерге қарағанда құзыры көп:

- Прокуратура негізгі бақылау органы болып есептеледі. Кез келген банктен, органнан анықтама алатын құқы бар. Ол милицияда, ұлттық қауіпсіздік органдарында және қаржы полициясында жоқ. Ол тек бізде ғана бар.

Кәсіпкер Төретай Аманбаев тексерушілердің жұмысына қарсы емеспін, бірақ, оларға ақпарат беру үшін өз кәсібімді тоқтатып, ресурстарымды соларға жұмсауға мәжбүр боламын дейді:

- Мен кәсіпкер ретінде бізді қадағалау саясатына онша қарсылығым жоқ. Әділ болсаң, қорқатын ештеңе жоқ сияқты. Бірақ, азғантай шығынға барам.

Мамандығы экономист парламент депутаты Уалихан Қайсаровтың айтуынша, прокуратура кәсіпкерлерді емес, тексеруші органдардың өздерін тексергені жөн:

- Олар қосымша құрылым жасамай, қаржы полициясымен салық комитетін тексеруі керек, жемқорлыққа қатысты қарым-қатынас қалыптастырды ма деп. Егер, экономиканың 30 пайызы көлеңкеде болса, әрине, олардың дұрыс жұмыс істемегені. Ол - қаржы полициясымен салық комитетінің жұмысына берілетін баға.

Мемлекеттік емес ұйым төрағасы заңгер Марат Башимовтың айтуынша, заң бойынша кәсіпкерлерді тексеруге болады:

- Бизнес жасайтын адамдарға да, бізге де заңдар бірдей жазылған. Егер, конституцияға, шарттарға сәйкес келсе, оларды тексеруге болады.

Кәсіпкер Төретай Аманбаевтің айтуынша, тексерушілер қарапайым салық төлеушілердің қаражатына өмір сүріп отырсада, соларға қайтадан жүк түсіреді:

- Мен шығындарымды өз қалтамнан төлемеймін. Мен ол шығынды өз өніміме қосам. Сосын оны сіз бен біз сияқты қара халық төлейді.

Прокуратура жанындағы жаңа орган тексеру не тергеу жүргізбейді, тек үйлестіріп, анықталған деректерді басқа органдарға жіберіп отырады. Ал, қаржы полициясы және салық комитеті сияқты тексеруші органдар әзірге жаңа қаржы қадағалау органы туралы ақпарат бермей отыр.
XS
SM
MD
LG