Accessibility links

Ақтөбеде елді алдап мал алған деген күдікпен сезікті әйел ұсталды


Полиция Қобда ауданы Астрахановка кентінің тұрғындарын алдап, олардан 50 бас ірі қара малын алып кеткен деп осы әйелден күдіктенеді. Елден мал жинаған кезде қолында қолма-қол ақшасы болмаған соң, тірі тауарды қолхатпен алып, сенімдірек болу үшін төлқұжатының көшірмесін тастап кетіп отырған көрінеді.

Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің инспекторы Мәди Қуанышұлы, облыстық криминалдық полициясы 1959 жылы туған, Ресей Федерациясының Орынбор облысынан келген азаматшаны Ақтөбе облысының Қобда, Алға, Мұғалжар аудандарының тұрғындарынан алаяқтықпен мал алып келген деген күдікпен тұтқындады деген дерек берді, сейсенбі күні Азаттық радиосына. Полиция қызметкерлері оны бастапқыда ұрлыққа қатысы бар болуы мүмкін деген күдікпен іздестірген.

- Бастапқы тергеу амалдарының өзінде күдіктінің Мұғалжар ауданы тұрғындарына 7 миллион теңге шамасында, Алға және Қобда ауданы тұрғындарына үш миллион теңге көлемінде зиян шектіргені анықталды, - деді Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасының өкілі Мәди Қуанышұлы.

Күдікті бастапқыда тұрғындардың сеніміне барынша кіріп алуға тырысады екен. Астанадағы орталық базардың малдәрігерлік зертханасының мал өнімдерін қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ғафур Сейднәсімұлыдан Астанада мал өнімдерін өткізу кезінде алаяқтық оқиғалары кездесіп тұра ма деген сауал қойған едік. Ол зертхананы айналып өтіп, басқа шағын базарларға жеке адамдарға өткізу жайттары кездесетіндігін, ал Астананың орталық базарында бейне бақылау және тексерулердің күшейтілуіне орай жыл басынан бері ондай факті тіркелмегендігін айтты.

Ақмола облыстық көлік полициясының майоры Самат Кішкентаев қазіргі уақытта тұрғындардың алдындағы малдарын біреуге сатуға сеніп беруіне үш нәрсе ықпал ететіндігін айтады.

- Ол: оқу жылының аяқталуына байланысты мектеп бітірушілерге қажетті қаражат табу үшін, тұрғындардың малын өзі сатуға арлануы және жаз кезінде құрылыс жұмыстарын тез бастап кетуге қаражат тапшылығы себеп болады, - дейді Самат Кішкентаев.

Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасының өілі Мәди Қуанышұлының айтуынша, қазір әлгі ұсталған күдікті әйел уақытша оқшаулау абақтысында қамуда отыр екен. Оған қарсы ҚР Қылмыстың кодексінің 177-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Қазақстан ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі Қазақстанда мал ұрлығы жиі кездесетінін хабарлап отыр.

Ал, Ақтөбе облысындағы үш ауданның тұрғындарының сеніміне толық кіріп, үш жыл бойы жалғыз өзі ғана иландырып, елу адамның алдындағы малын сатуға оған сеніп тапсыруға дейін апару фактісі бұған дейін тіркелмеген көрінеді.
XS
SM
MD
LG