Accessibility links

«Microsoft» өнімдерінің қазақ тіліндегі нұсқалары шықты


«Microsoft» компаниясы өзінің «Microsoft Windows XP» операциялық жүйесі мен “Microsoft Office 2003» бағдарламасының қазақ тіліндегі нұсқаларын Алматыда жұртшылыққа таныстырды.

“Microsoft Windows XP” операциялық жүйесін және “Microsoft Office 2003” бағдарламасын енді қазақ тілінде пайдаланып, жұмыс істеуге мүмкіндік туды. “Microsoft” компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің бас директоры Айдар Дәулетов компания өнімдерін тұтынатын қазақстандықтардың 90 пайызы осы екі бағдарламаны жиі пайдаланатындықтан, олардың қазақ тіліндегі нұсқасын жасауды ұйғарғандарын айтады. Айдар Дәулетовтың айтуынша, қос бағдарламаның ең маңызды болып табылатын басты интерфейсі 80 пайызға қазақ тіліне аударылыпты.

- Мен сізге «Word» мәтіндік редакторының негізінде мысал келтірейін. Мұндағы командалардың барлығы, басқаша айтқанда интерфейсі толығымен қазақ тілінде жазылған. Мінеки, файл, терезе, анықтама - бәрі қазақша. Сонымен қатар, қазақ тілінің орфографиясын тексеретін арнайы модуль бар. Мәселен, бір сөзді дұрыс жазбасаңыз, модуль оны бірден тексеріп, сөздің дұрыс баламасын өзі ауыстырып береді.

“Microsoft Windows XP” операциялық жүйесімен және “Microsoft Office 2003” бағдарламасын қазақшалау үшін түрлі IT компаниялардың өкілдері және тіл мамандарынан жинақталған екі арнайы топ құрылып, олар екі жыл жұмыс істеген екен. Бағдарламалардың қорытынды нұсқасын жасауға қатысқан «Қазақ терминологтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Ыспандияр Ахайұлының айтуынша, бағдарламаны аударуда қазақ тілінің күнделікті қолданылатын тұрмыстық сөйлеу мәнері қолданылған.

- Мәселен, “Щелчок” деген сөзді осыған дейін “шерту” деп келді, біз оны “нұқу” деп аудардық. “Мышь” деген терминді “тышқан” деп келсе, оның “тінтуір” деген баламасын жасадық. Курсорды “жүгіргі” деп аудардық, өйткені, экрандағы таяқша үнемі әрі-бері жүгіріп жүреді емес пе? Әрине, терминдер бір күнде аударылмайды, әлі талай адам жаңа балама ұсынатындығы сөзсіз.

Алматыдағы компаниялардың бірінде бағдарлама құрастырушы және желілік администратор болып істейтін Ербол Сәрсенов аталған бағдарламалармен оларды көпшілікке таныстырудан бұрын, аударуға қатысқан жолдастарынан көріп, танысқан екен. Ербол қазақ тіліндегі алғашқы компьютерлік бағдарламалар жөнінде өз пікірін білдірді.

- Мен “Microsoft Windows XP”-дің қазақша баламасымен танысып шықтым, кейбір қазақша мәтіндерді түсінбегенім болмаса, жалпы маған ұнады. Ең бастысы - операциялық жүйе еш кедергісіз, тоқтаусыз жақсы жұмыс істейді екен.

«Microsoft» компаниясының Қазақстан және Орта Азиядағы өкілдігінің бас директоры Айдар Дәулетов қазақ тіліне тұңғыш рет аударылған бағдарламалардағы мәтіндер мен ұғымдар бойынша қателіктер кеткен жағдайда, оған қатысты барлық сын-ескертпелерді ескеріп, алдағы уақытта бағдарламаға түзету енгізіп отыратындарын айтады. Бағдарламалардың қазақ тіліндегі нұсқасының қазақ және орыс тіліндегі екі бірдей интерфейсі бар. Мұндай ерекшеліктердің маңызы жөнінде А.Дәулетов мырза былай дейді:

- Мәселен, кез-келген фирмада немесе мемлекеттік мекемеде екі адам бір компьютерде жұмыс істеуі мүмкін. Олардың біреуі қазақ тілді болса ол бағдарламаның қазақ тілді интерфейсімен жұмыс істейді, ал орыс тілді екінші қызметкер бағдарламаның орыс тіліндегі интерфейсіне ауысып жұмыс істей береді. Интерфейстің тілін ауыстыруға небары 2-3 секунд кетеді. Бұл фирмаға немесе мекемеге қазақ тіліндегі “Microsoft Office 2003” және орыс тіліндегі “Microsoft Office 2003” бағдарламаларының әрқайсысын жеке-жеке сатып алмауға мүмкіндік береді. Яғни, біраз қаржы үнемделеді.

“Microsoft Windows XP” операциялық жүйесі және “Microsoft Office 2003” бағдарламасының қазақша нұсқасы ресми түрде саудаға мамырдың 31-інен бастап түседі. Аталған бағдарламалардың лицензиялы түріне ие жандарға бағдарламалардың қазақ тіліндегі нұсқасы тегін беріледі.

«Microsoft» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің бас директоры Айдар Дәулетовтің айтуынша, компания алдағы уақытта “Microsoft” компаниясының Қазақстанда кең таралған өзге де өнімдерін қазақ тіліне аудару мүмкіндіктерін қарастырып жатыр екен.
XS
SM
MD
LG