Accessibility links

Төтенше жағдай қызметі құтқару техникаларының көбі ескірген


Қазақстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Мұхамбет Көпей республикада төтенше жағдайларда қызмет жасайтын құтқару техникаларының тең жартысынан астамы ескіргенін айтады.

«Қазқұтқару-2005» оқу-жаттығуына Қазақстан, Ресей және Қырғызстаннан 30-дан астам команда қатысып, құтқару жұмыстарын жүргізу жөнінде сайысқа түсіп жатыр. Саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, лаңкестік оқиғаларына да осы қызметтер әдетте бірінші келеді:

- Лаңкестік оқиғаларға төтенше қызметтер тіпті полициядан бұрын іске қосылуы мүмкін.

Орман және аң шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Наурызбай Қадіркеевтің айтуынша, төтенше жағдай қызметтері әсіресе көктем шығысымен белсенділігін арттыра түседі:

- Машиналар, тік ұшақтар көктем бастала салысымен орман бар жерлерге тарайды.

Журналистерге сұхбат берген төтенше жағдайлар министрі Қазақстанның бұл салада Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің ішінде Ресейден кейін екінші орында тұрғанын айтты. Парламент депутаты Уалихан Қайсаровтың айтуынша, 1-2 жыл бұрын төтенше қызметтердің керек жарақтары өте аз болатын:

- Оларда 8 тік ұшақтың 1-2 ғана істеді. Жылжымалы радио торап істеген жоқ, керек жарақтары аз болды. Енді ғана кішкене көңіл бөлініп біздің көзқарасымыз дұрыс болады деп сенемін.

Қаржы министрлігінің маманы Наталья Иванованың айтуынша, қаражат өрт сөндіретін көлік алуға және тік ұшақ жөндеу сияқты қажеттіліктерге беріледі.

Орман және аң шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Наурызбай Қадіркеевтің айтуынша, техника жаңартылғалы өрт оқиғалары азайған.

- Былтырға қарағанда көп азайды өрт. Қаржы бөлініп, техника алынып жатыр. Әрине, 100 пайыз жаңартқан жоқпыз. Бірақ, 1-2 жыл бұрын техника жағы тіпті қиын болды.

Жарысты бақылауға Біріккен Ұлттар ұйымы, НАТО сияқты халықаралық ұйымдар мен алыс-жақын шет елдердің төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік басшылары мен елшілік өкілдері қонақ ретінде қатысып отыр. Саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, Қазақстандық төтенше жағдайлар қызметерінің сапасын әлдеде жақсартуға болады:

- Ең бастысы менеджмент және кадрлардың жетіспеуі.

Парламент депутаты Уалихан Қайсаровтың айтуынша, қаржыны алдын алу шараларына қазір берген тиімді:

- Ертең не болатыны белгісіз. Төтенше жағдай деген содан шықты. Ешкім күтпеген оқиға болады. Бірдеме болса, қаржыландырмасақ арты жаман болуы мүмкін. Бұрын бұл министрліктің не екенін білген жоқпыз, өздерінен басқа. Көпеев келгелі кішкене түсіне бастадық.

Қаржы министрлігінің маманы Наталья Иванованың айтуынша, жыл сайын төтенше қызметтердің шығысы өсіп келеді.

- Жыл сайын қамтамасыз етуге бөлек есеп жүргіземіз, - дейді ол.

Қазір қазақстандық құтқару қызметтерінің озық техникалармен жабдықталуы ешкімнен кем емес дейді төтенше жағдайлар министрі.

- Дегенмен ауыстыратын техника жеткілікті. Бұған алдағы уақытта қаржыны көбірек бөлдіруге күш саламыз, - деді Мұхамбет Көпей. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспа сөз қызметкері Қайрат Тарбаевтің айтуынша, қазір ескірген техника біртіндеп жаңартылып келеді.

- Тең жартысы министрлік болып құрылғанда ескірген. Бірақ, қазір ескірген техниканы жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Қазқұтқару-2005» оқу-жаттығуының сыртында «Антитеррор-2005» деген атпен жаттығулар өткізіліп жатыр. Соңғы кезде бар әлемде лаңкестік оқиғалар көбейіп кеткен. Сондықтан, біз оларға дайын болуымыз керек дейді мамандар.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG