Accessibility links

Қазақстанда қан қысымынан көз жұмғандар саны көбейіп отыр


Демографиялық әлеуметтік статистикаға қарағанда Қазақстанда өткен жылы 152250 адам өмірден озса, оның 51 пайызы еңбекке жарамды жастағылар екен. Әйелдерге қарағанда ерлер арасындағы өлім көрсеткіші үш есе жоғары. Қайтыc болғандардың 50 пайыздан астамының ажалына қан қысымы себеп болған.

Статистикалық мәліметтер Қазақстандағы ерлердің өмір сүру орташа жасы 60,2 –ге, әйелдердің орташа жасы 71,2-ні құрайтындығын көрсетіп отыр. Осыған орай, Қазақстанның саясаткерлері мен қоғамдық ұйымдарының жетекшілері және бірқатар Парламент депутаттары «Қазақстанның зейнетақымен қамту туралы» заңына өзгерістер енгізіп, еңбеккерлердің зейнетке шығу жасын 63-тен 60-қа дейін кеміту қажеттігін айтып жүр.

Қазақстан статистика агенттігінің демография және әлеуметтік статистика жөніндегі басмаманы Жеңіс Кәрібаевтың айтуынша, демографтар 2004 жылы туған сәбилердің орташа жасы 66,2-ге жетеді деп болжам жасап отыр. Сол кезде әйелдер - 72, ерлер 60,6 жас ғұмыр сүрмек. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана ерлердің орташа жасы - 55, әйелдердікі - 67 деп есептеліп келгенді.

- Қазақстандағы ең ауыр жағдай Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында қалыптасып отыр, - дейді Жеңіс Кәрібаев.

Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ризахмет Молдажанов аталған үш облыстағы адамдардың орта жасының төмендігін сонда орналасқан кендерге байланысты деп есептейді.

- Мәселен, Ақмола облысында Тың тау кен комбинаты уран шығарады. Қарағандыда шахтерлер мен металлургтер, Шығыс қазақстан да солай. Сондықтан ауыр жұмыстағы жандарды зейнетке 55 жасынан шығаруды үкіметтік тұрғыда реттеу керек, - дейді Ризахмет Молдажанов.

Сенатор Бексұлтан Тұтқышев статистикалық мәліметтерге сүйене отырып ерлер әйелдерден 12 жас кем өмір сүріп қана қоймай, оның сыртында әйелдерге қарағанда ерлер арасында өлім-жітім үш есеге жоғары болып отырғандығын айтады. Статистика агенттігінің демография және әлеуметтік статистика жөніндегі бас маманы Жеңіс Кәрібаев өткен жылы Қазақстанда 152 мың 250 адам қазаға ұшырағандығын айтады.

Олардың жартысынан астамы қан қысымы дертіне шалдыққандар болса, негізгі бөлігі жазатайым жағдайларға ұшырағандар көрінеді. Мұның барлығына жуығы зейнет жасына жетпегендер. Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Гүлшара Әбдіхалықова қазақстандық зейнеткерлердің ерте зейнетке шығуы бюджетке қыруар қаржы шығын келтіретіндігін айта келіп, демографтар мен статистика мамандардың дәйектеріне өзінің күмәнмен қарайтынын білдірді.

Себебі, орташа зейнет жасы барлық қазақстандықтар үшін бірегей шешілмеуі тиіс. Тек қана зейнеткерлердің өзі ғана зерттелуі тиіс деген пікірде. Вице-министрдің айтуынша, биылғы шілде айынан бастап Қазақстандағы әрбір зейнеткердің зейнетақысына үш мың теңге қосылады. Бұған республика бойынша бір миллион 600 мың зейнеткер қол жеткізбек.
XS
SM
MD
LG