Accessibility links

Қазақстанда биыл 145 студенттер отряды үй салады


Биыл жазда Қазақстанда студенттердің 145 құрылыс отряды жұмыс істемек. Олардың қызметін үйлестіретін Астанадағы орталық штаб басшылығының айтуынша, студенттер негізінен тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру шараларына тікелей қатысатын болады.

Астанадағы орталық штаб басшылығының айтуынша, бүгінде студенттік құрылыс отрядтарына 6 мыңға жуық болашақ маман тартылып отыр. Олар жазғы маусымда 208 миллион теңгенің құрылыс жұмыстарын атқаратын болады. Ал, Қазақстанның бас еңбек инспекторы Серікқали Бисеқаевтің айтуынша, студенттерді маман деп айту қиын:

- Студент отрядтарын маман деп айту қиын олар кірпіш қалауды білмейді уақытша жұмыс күші.

Жастар конгресінің өкілі Ұлжан Қапаеваның айтуынша, жастар ересектерге қарағанда батыл болады, сондықтан мамандығы болмасада кез келген жұмысты біртіндеп үйренеді деген пікірде:

- Жастарды қазір қолдамаса олар масыл болып қалады. Олар желтоқсаннан кейін белсенді болған, ештеңеден қорықпайды.

Қазақстанның бас еңбек инспекторы Серікқали Бисеқаевтің айтуынша, студенттік отрядтар Астана, Алматы сияқты қалаларда жұмыс істей алмайды:

- Кеңес одағы кезінде олар мал қашарларын, бір қабатты үйлерді салған. Сондай жеңіл жұмыс жүргізген. Олар Астана, Алматыда жұмыс істей алмайды. Бір-екі айда маман болып оқып шыға алмайды.

Жастар проблемаларын зерттеу орталығының жетекшісі Владислав Сергеевтің айтуынша, жастар кәсіби құрылысшы болмасада, көмекші ретінде қолғабыс жүргізе алады.

14 пен 29 жас аралығындағы жастардың 85 пайызының өз шаңырақтары жоқ, дейді статистика мамандары. Олардың айтуынша, қазақстан тұрғындарының 30 пайызы жастар. Демек, 4 миллион жастардың 3 жарым миллионы пәтерден құр алақан қалған. Мамандығы экономист парламент депутаты Уәлихан Қайсаровтың айтуынша, жастарға арзан пәтер алудың бір-ақ жолы бар:

- Студенттер өздері жиналып, үй салса. Сонда еңбекақыға кететін қаражат үнемделеді, пәтерлер арзанға түседі.

Қазақстан үкіметінің жоспары бойынша, арзан пәтерлерді салуға болады. Мысалы, Қостанай облысында көптен бері аяқталмай келе жатқан құрылыс нысандары көп. Жамбыл облысында 70 миллион теңгеге сұйық бетоннан құйып салынатын монолит құрылысына қажет жабдық алынған. Жастар проблемаларын зерттеу орталығының жетекшісі Владислав Сергеевтің айтуынша, мәселе жастарды еңбекпен қамту және тәрбиелеуде жатыр, ал, өздері салған үйлерден оларға пәтер беру мәселесі әзірге шешілмеген дейді ол.

Әзірге студенттерге «жаңа достар табасыз, студенттік өмірдің таңғажайып қызығына кенелесіз. Түнде от жанында жолдастарыңызбен жиналып әңгіме дүкен құрасыз, гитарамен ән айтып, спорттық ойындар ойнайсыз» деген мәлімет берілген.

- Жұмыс күні 8 сағат, ал кәмелетке толмағандар үшін - 6 сағат болып белгіленеді. Алайда, жұмысыңызды бітірсеңіз бос боласыз. Жол ақысы, тамақтану және жексенбі сайын өтетін би кештері тегін ұйымдастырылады. Бірақ, еңбекақы көп емес - шамамен 90 доллар, - дейді еңбек отрядтарын ұйымдастырушылар.

Әйтсе де, студенттер үшін ол да аз емес дейді жастар ұйымдарының басшылығы.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG