Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10 маусым 2005 жыл


Жұма күнгі газеттерде Астана күні басты тақырып болыпты. Баспасөз Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана туралы жаңа кітап жазғаны туралы, Астананың дамуы мен қала құрылысында туындап келе жатқан жаңа проблемалар жайлы сөз қозғапты.

“Егемен Қазақстан” газеті өзінің жұма күнгі санын толығымен Астана күніне арнапты. Газеттің бірінші бетінде “Елбасының Елорда тойына тамаша тартуы” деген атпен Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың “Еуразия жүрегінде” деп аталатын Астана жайлы жаңа кітабының жарық көргендігі туралы көлемді мақала басылған екен.

Мақаланың өне бойы Н.Назарбаевтың жаңа кітабының тұсаукесерінде автордың сөйлеген сөзінен алынған үзінділерден тұрады. Онда автор, бұл кітаптың түрлі сапарлар мен уақыттың сан алуан кезінде жазылған естеліктердің, жазбалардың негізінде құралғанын айтқан.

Астана күні тақырыбын “Казахстанская правда” газеті Астананың құрылысы жайлы мақаласымен жалғастырыпты. “Есіл рубиконы” деп аталатын мақалада тілшімен сұхбаттасқан Қазақстан Республикасы архитекторлары одағының президенті Ақмырза Рүстембеков Астананың Қазақстанның экономикалық өсуінің бейнесі екендігін, мұнда қазір жылына 400 құрылыс нысандары салынып жатқандығын айтыпты.

Сұхбат берушінің айтуынша, “алдағы 3 жылдың ішінде 1 миллион 590 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру” жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ, Ақмырза Рүстембеков алдағы 10 жылда жарты миллион тұрғыны бар қала үшін 3 миллион шаршы метрден артық жаңа үйлер салу көзделіп отырғанын, мұндай көрсеткіштің ешқашан, еш жерде болмағандығын айтыпты.

“Панорама” газетінің бұл жолғы санында жарық көрген журналист Киікбай Қосаевтың да мақаласы Астананың келбеті мен құрылысына арналыпты. Мақалада автор ”Қазақстан астанасының тұрақты дамуы” деп аталған халықаралық семинарға қатысқан шетелдік мамандардың Астананың құрылысындағы бірқатар кемшіліктерді көрсеткендігін жазыпты.

Автордың айтуынша, Астана қаласында халыққа қызмет көрсету ісі әлі де төмен деңгейде қалып келеді. Газет тілшісі, Астана қаласы қазір қонақтар мен мемлекеттік қызметкерлерге арналған ресми және көпшілікке, оның ішінде әлеуметтік ахуалы төмен жандарға арналған екі бөлікке бөлінгенін жазады. Сонымен қатар газет, Британдық экономика ғылымдарының магистрі Ройстон Брокмаштың сөзімен қалада қазір 100 мыңнан артық мемлекеттік қызметкер тұратындығын, бұл жайдың қала дамуына кедергі келтіретіндігін де тілге тиек етіпті.

Ал “Экспресс К” газетінде “Астана пілдердің отаны” деген мақала жарияланыпты. Мақала авторы Аида Тұрдалиеваның жазуынша, бірқатар палеонтолог ғалымдар Астана қаласы орналасқан жерде, бағзы замандарда пілдің “орманды” және “хазарлық” деп аталатын түрлерінің өмір сүргендігін айтып отыр екен.

Сонымен қатар, “Астананың тарихи-саяси рөлі” деп аталған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Калифорния штатынан келген профессор Сандра Олсен Астана қаласы орналасқан Қазақстанның солтүстік аймағында әлемдегі ең алғашқы көшпенділер пайда болған деп санайды деп жазады газет тілшісі.

Ал “Қазақ әдебиеті” газетінің жұма күнгі санында “Астана - ескерткіші даналықтың” деген атпен фотоколлаж және қаламгер Қуаныш Ахметовтың Астана туралы өлеңі жарияланыпты.
XS
SM
MD
LG