Accessibility links

Ұлттық тестілік сынақтан 16 талапкер 120 балл алды


Қазақстанда орта білім мектептерінің түлектері жаппай ұлттық тестілеу сынағынан өтіп жатыр. Білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова биылғы сынақтан өтіп үлгергендердің 2500-ден астамы 100-ден артық балл жинағанын хабарлады.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне қарағанда, биылғы мектеп бітірушілердің 81,6 пайызы, яғни 183 мың 256-сы ұлттық тестілік сынағынан өтуге өтініш берген екен. Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде басталған тестілік сынақ кезінде Білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова маусымның 10-ынан бері сынақ тапсырған талапкерлердің көрсеткіші жоғары болғанын айтты.

- Мәселен, өткен жылы бір ғана бала 120 балл алса, биыл 16 талапкер 120 балл алды. Жүзден жүз жиырмаға дейінгі балл жинағандардың саны 2500, ал тоқсаннан жүз баллға дейін жинағандар саны - 7300-ге жетті, - деді министр Б.Әйтімова.

Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының директоры Тахир Балықбаев республика бойынша құрылған 137 тестілеу орталығында ата-аналар тарапынан ешқандай күдік тумас үшін барлық шаралар қолданылып отырғандығын айтады. Оның барлығын қадағалау үшін республикалық комиссия құрылыпты.

Ғалымдар мен мамандар соңғы жылдары Қазақстанда заңгерлер тым көбейіп кеткендіктен, жоғары оқу орындарын бітіруші-заңгерлердің де жұмыссыздар қатарын толықтырып жатқандығын айтады. Ал, биылғы түлектердің арасында да заңгер болғылары келетіндері аз емес көрінеді. Мысалы, Астана бойынша тестілік сынаққа қатысушылардың 70 пайызға жуығы гуманитарлық мамандықтарды таңдап отыр. Солардың арасынан кейбір жастар мен олардың ата-аналарын сөзге тартып көрген едік.

Астаналық Зарлық Сарыжанова өз егіз балаларының екеуінің де заңгер болуын қалайды. Астаналық Жібек Құсайынова қызы Шолпанның Еуразия университетінде саясаттанушы мамандығы бойынша білім алғанын жөн көреді. Қаладағы №15-ші мектептің түлегі Шынар Оспанова ағылшын тілі мамандары да ел ертеңі үшін нағыз қажетті мамандық деп есептейді.

Немересінің тестілік сынақты тапсыруына тілектес болып Қарағандыдан арнайы келген зейнеткер Сағындық Қанатбаев болса, қазіргі күнде Қазақстанның жер асты байлығын игеріп жатқан шетел компанияларындағы мамандарды алмастыратын инженерлер қажет деген пікірде. Астаналық Нәзира Тойлыбаева болса, өз қызын дизайнерлік салаға бейімдеп жүр екен.

Ал, №7-ші мектеп гимназияның түлегі Ғазиза Тілеулесова Еуразия университетінің ядролық физика саласын таңдапты. Өйткені, таяудағы отыз-қырық жылда әлемдегі мұнай қоры түгесілсе, ядролық салаға көп көңіл бөліне бастайды деген болжам айтқан ол, бұған дейінгі алдын ала тестілік сынақтардан өзінің 101 балл алғанын айтады.

Қазақстанның білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімованың айтуынша, биылғы ұлттық тестілік сынақ кезінде ата-аналар мен түлектер тарапынан жасалатын шағым-арыздармен жұмыс істеу үшін жергілікті жерлердегі 137 сынақ орталығының барлығында сарапшылар комиссиясы құрылыпты.
XS
SM
MD
LG