Accessibility links

Бас прокуратура полицияның есірткіге қарсы күресін сынға алды


Қазақстан ішкі істер министрлігінің есірткі бизнесімен күресі және есірткі айналымына бақылау комитетінің жұмысы жеткіліксіз деңгейде жүргізіліп жатыр деп сынайды бас прокуратура. Биылдың өзінде есірткінің заңсыз айналымына араласқан деген күдікпен полицияның 10 қызметкеріне қатысты 9 қылмыстық іс қозғалған.

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, өткен жылы есірткіге қатысты қылмыстардың ашылуы Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстары бойынша кеміген. Бас прокуратураның анықтау және тергеудің заңдылығын қадағалау жөніндегі департаментінің бастығы Нұрғалым Әбдіров заңсыз есірткі бизнесіне қатысты деген күдікпен құқық қорғау құрылымдары өкілдеріне қылмыстық істер қозғалғанын айтады. Оңтүстік Қазақстан облысында мұндай үш, Алматы және Қарағанды облыстары бойынша екі, Қостанай облысы және Астана қаласы бойынша бір қылмыстық іс қозғалыпты.

Нұрғалым Әбдіровтің айтуынша, сотпен Ішкі істер министрлігіне Қостанай облысындағы қалалық ішкі істер басқармасының 9-шы басқармасы бастығының орынбасары Шаповаловтың ұйымдасқан қылмысқа қатысы барлығы белгілі болыпты. Нұрғалым Әбдіров Ішкі істер министрлігінің тиісінше шара қолданбауынан осы жылдың наурызында облыстың есірткіге қарсы күрес басқармасы бастығының лауазымында Шаповалов Ресейге 10 кг-нан аса героинді тасымалдауды ұйымдастырғаны үшін деген күдікпен ұсталды дейді.

Ішкі істер министрінің орынбасары, Есірткі бизнесімен күрес және есірткі айналымына бақылау комитетінің төрағасы Анатолий Выборов есірткіге қарсы күресте жағдайды тұрақтандыруда айтарлықтай жұмыстардың атқарылғанын, есірткімен күрес туралы мемлекеттік бағдарламада жоспарланған шараның көбісі атқарылғанын атайды.

Выборов мырзаның айтуынша, есірткіге қарсы күрес комитеті құрылған бір жылдың ішінде 23 тоннадан аса есірткі тәркіленген, оның 300 кг-ге жуығы героин дейді. Сондай-ақ, 13 мың есірткі қылмысы анықталыпты.

Анатолий Выборов комитет құрылған кезден бері әртүрлі органдардың тексеруінен арылмай келе жатқандарын, бәлкім содан жиі үйлестіру жүйесіне ене алмай отырған шығармыз дегенді айтты. Бұл комитет тоғыз ай бойы әртүрлі заң орындарының, яғни, қаржы бақылау, ұлттық қауіпсіздік комитеті, бас прокуратура органдарының тексеруінде болыпты.

Анатолий Выборовтың айтуынша, 2004 жылы республикада есірткіні таратқаны және өндіргені үшін 2600-ден аса адам сотталған екен. Олардың әрбір төртіншісі шартты жаза алаған, ал әрбір бесінші қылмысты бұрын сотталғандар жасапты. Выборов мырза Америка Құрама Штатттарының мемлекеттік департаменті Орталық Азия мемлекеттерімен салыстырғанда 2004 жылы аталған салада Қазақстанның мейлінше тиімді жұмысы жайында ресми мәлімдеме жасады дейді.

Алайда, Бас прокурор Рәшид Түсіпбеков Анатолий Выборовқа өз министрліктеріңде әдемі сөйлеуді үйренгенсіздер дегенді айтты.

- Сіздердің жұмыстарыңызға баға беретін Америка Құрама Штаттары немесе басқа ұлттық компаниялар емес, баға беретін - мемлекет және Қазақстан халқы, - деді бас прокурор.

Бас прокуратура аталған саладағы жұмыстар бойынша Ішкі істер министрлігіне ұсыным жолдамақ.
XS
SM
MD
LG