Accessibility links

Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен келіспегендер шағымданып жатыр


Астанада өткен ұлттық тест сынақтарынан кейін ата-аналар мен мектеп бітіруші түлектер апелляциялық комиссияға 100-ден астам шағым түсірген. Шағым берушілер апелляциялық комиссия көз алдау үшін ғана құрылған деген сын айтады.

Маусымның 15-і – мектеп түлектері арасында ұлттық бірыңғай тестілеудің соңғы күні. Биыл бірінші рет әр оқу орнында апелляциялық комиссия құрылды. Олардың төрағаларын білім министрі тағайындады. Осы комиссия тестілеуден алған балдарына риза болмаған және қателіктер табылған балаларға қайтадан баға қосуға тиіс. Бірақ, балдарына риза болмаған қайсібір мектеп түлектерінің ата-аналары бұл комиссиялар көз алдау үшін құрылған деп сын айтады.

Өйткені, қанша баладан шағым түскенімен, комиссия олардың бірде біреуінің бағаларын көбейтпеген, ендеше мұндай комиссиялардың қажеті не дейді кейбір ата-аналар. Олардың пікірінше, комиссия мүшелері әділеттікті орнатуды емес, білім министрлігінің абыройын сақтап қалмақшы. Қызының бағасына қанағаттанбаған ана Айнұр Салмурзинаның айтуынша, комиссияның еш пайдасы жоқ.

- Салыстырған кезде олардікі дұрыс, ал, компьютер санаған кезде оған бір-екі балл жетпейді. Соны дәлелдеген кезде, оны қайтадан санамайды мыналар. Оған біз емес, компьютер кінәлі, дейді. Оның кінасы болмаса, баланың да кінасы жоқ қой. Мына комиссия не үшін сонда жиналған?!

Басқа ата-аналар болса, бірнеше емтихан тапсырып, басқа қалаларға барып шығындалатынбыз, енді бір жерден бір күнде тест тапсырған тиімді болды, дейді. Әрі олар тест балдарын аппарат есептегендіктен, адам факторы азайып, жемқорлықтың арқасында бағаларды өтірік қою деректері азайған деген пікірде. Астанадағы Аграрлық университеттегі апелляциялық комиссия төрағасы Қасен Әбдіқалықұлының айтуынша, енді балдардың қайта есептелуі екі талай:

- Оны қайта есептей алмаймыз. Өйткені, белгілі баланың өзінің жауап парағында қате болуы мүмкін. Ол өшірілген болуы мүмкін, немесе екі жауапты бірден бояп қоюы мүмкін.

Ал, жоғары балл жинаған балалардың ата-аналары керісінше өткен жылдармен салыстырғанда тестілеу жақсы өтті деген пікірде. Былтыр тест сұрақтарында бір-бірін қайталайтын жауаптар көп болды деген шағымдар айтылған-ды, биыл жағдай біршама түзелген деген пікір бар. Білім минстрлігінің өкілдері былтырғы тест сұрақтарының ішіндегі «Шыңғысханның тісі қанша?», «Абылайдың екінші әйелінің аты кім?» деген сияқты үміткерді ғана емес, үлкен кісінің өзін ұялтатын ыңғайсыз сауалдардың болмайтынын айтты. Ал, Астана мектебінің түлегі Әселім Асанова, биылғы тестерде сұрақтары жақсы болғанымен, ұсақ кемшіліктер көп болды деп баға береді:

- Білім министрлігі сағат 10-да басталады деген. Бірақ, бізге сағат 8-де мектепке кел деді. Түсте 2-ден кейін бір-ақ шықтық. Сосын, тест жауаптарын 6-да беру керек еді. Олар созып, сағат 10 жарымда бір-ақ берді. Бағанағы тест сұрақтары 40 минуттан соң ғана келді, менің бір сағатым текке кетті, оны да есептемеді.

Білім министрлігі жұмыс жақсарған деген пікірде. Өйткені, былтыр тестілеуден өтіп, ең жоғары балл жинаған бала барлық Қазақстан бойынша біреу ғана болатын. Биыл олардың саны 27 жетті. Олар мемлекет қаражатына қарызға шет елде оқуға мүмкіншілік беретін президенттің «Болашақ» стипендиясына ие болуы мүмкін. Ал, тесттердің мемлекеттік стандарттау орталығының директоры Тахир Балықпаев биылғы тестілеудегі байқалған кейбір олқылықтар жайлы былайша түсініктеме берді:

- Мектептің өз әкімшілігі жолға жинап, ерте шақыруы мүмкін. Тестің басталу уақыты сағат 10 болғанымен, алдында кітап тарату уақыты бар. Бірақ, ол балалардың сұрақ-жауап беру уақытына кірмейді. Ал, нәтиже беретін уақыты кей жерде 3-4 сағатта үлгірмеуі мүмкін. Ол балалардың варианттарының жеке кодтарын дұрыс толтырмауынан.

Білім министрлігінің хабарлауынша, биыл 31 мыңнан астам балаға мемлекеттік тапсырыс бойынша грант беріледі. Бірақ, мамандықтарға деген сұраныс өзгерген дейді министрлік өкілдері. Осыған дейінгі жылдардағыдай заңгерлер мен экономистерге емес, мұғалімдер мен техникалық мамандықтарға деген сұраныс көптігі байқалады екен. Ал, Қазақстанның білім министрінің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекованың айтуынша, биыл көптеген бала жоғары оқу орындарына түсе алмай қалуы ықтимал:

- 40 балдан аз жинаған мектеп бітіруші, мейлі ол жеке меншік болсын, мемлекеттік болсын - жоғарғы оқу орнына түсе алмайды. Бүгінгі күнде осындай 22 мың 782 бала белгілі болып отыр, яғни бұл тестілеуге қатысқандардың 14 проценті.

Биыл да былтырғыдай, тест бірден 4 пән бойынша тапсырылды, тек шығармашылық мамандықтарды таңдаған түлектер, болашақ журналистер немесе сазгерлер екі пәннен тест тапсырады, ол - тарих және тіл пәндері. Қалған пәндерді түлектер өздері таңдаған оқу орындарында тапсырады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG