Accessibility links

Баспасөзге шолу. 18 маусым 2005 жыл


Сенбі күні Қазақстанда жарық көрген бірқатар басылымдарда Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік инвесторлардың қызметтеріне қатысты және Қазақстандағы жұмыссыздық тақырыбына қатысты мақалалар жарияланыпты.

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Қазақстан адам басына шаққандағы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі жөнінен ТМД елдері арасында алда келеді, яғни 1993 жылдан бастап Қазақстанға келген инвестиция көлемі шамамен 40 миллиард долларды құрапты. Тек өткен 2004 жылы Қазақстанға 8,4 миллиард доллардың шетелдік инвестициясы тартылған, ал 2001 жылдан бері жылына 4 - 4,5 миллиард доллардың инвестициясы кіретін деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Осы Қазақстан экономикасына шетел инвестициясын көбірек тартуды көздейтін Қазақстан президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесі жұма күні өзінің 13-ші жалпы отырысын өткізіп, онда сөз сөйлеген Қазақстан презденті Н.Назарбаев қысқа мерзім ішінде осы кеңестің беделді, тұрақты жұмыс істейтін институтқа айналғандығын атап көрсетті деп жазады газет. Сондай-ақ, Н.Назарбаев Қазақстан Орталық Азия аймағы елдері арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтудың бастамашысы әрі белсенді жақтаушысы болып табылатындығын атаған.

Бұл аймақта бүгінгі күні 56 миллионнан астам адам өмір сүреді, ал аймақтың жиынтық жалпы ішкі өнімі 60 миллиард долларды құрайды, ал Қазақстан болса Орталық Азия аймағының дамыған, тұрақты аймаққа айналуында шешуші рөл атқаратындығы анық деп жазады «Егемен Қазақстан» өзінің сенбілік санында.

Ал «Литер» басылымы да осы тақырыпқа қатысты «Қазақстанның жаһандануға қарай бет бұрысы» атты тілші Айнұр Балакешованың мақаласында Қазақстандағы инвестициялық хал-ақуалды дұрыс деп бағалаған «Мудис», «Стандарт анд Пурс» және «Фитч» секілді әлемдік деңгейдегі халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанға инвестицияға қолайлы ел деген баға беріп отырғаны жазылыпты.

2003 жылы Дүниежүзілік банк Қазақстанды инвестиция салуға ең қолайлы жиырма мемлекеттің қатарына кіргізген болатын деп жазады мақала авторы. ТМД елдері арасында Қазақстан экономикалық процесстерді басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыруға бет алды. Еуропаның қайта құру және даму банкінің президенті Жан Лемьер Қазақстан экономикасының бүгінгі жағдайын бағалай келе шетел инвесторлары мен бизнесмендері алдында жаңа мүмкіншіліктердің ашылып отырғандығын атады деп жазады газет тілшісі.

Ал «Айқын» басылымы Қазақстандағы жұмыссыздық мәселесін қозғаған тілші Айгүл Ақанбайқызының мақаласында «Қазақстандағы жұммысыздар саны 6000 ғана дегенге сенер ме едіңіз?» деп сұрау тастайды. Сөйтсек, бұл ақпаратты парламент депутаттары алдында Қазақстанның халықты әлеуметтік қорғау және еңбекпен қамту министрі Гүлжан Қарағұсова ханым айтыпты. Министр, тіпті Қазақстандағы жұмыссыздар санын дәлірек айтып берді, яғни 6281 екен.

Министр Қарағұсова осы ақпаратты бере тұрып, депутаттарды осыған қалайда сендіргісі келді дейді газет тілшісі. Ең қызығы сол, министр Қарағұсова осы 6281 адамға жұмыс тауып беру мәселесін қозғай отырып, оларға бюджет қоржынынан 225 миллион теңге жұмсалуы қажет екендігін айтқан. Гүлжан Қарағұсованың айтуынша, 1,5 миллион халқы бар Шығыс Қазақстан облысында жұмыссыздар саны небәрі үш жүз адам ғана екен.

Сонымен бірге, бұндай деректерге күмән келтіргендерге министр Қарағұсова «егер де жұмыссыз адам өзі келіп тіркелмесе, біз кімнің жұмысы бар, кімнің жұмыссыз екенін қайдан білеміз, біз тек тіркелгендерді ғана айтып отырмыз» деп, депутаттарға берген ақпаратының жалған екенін өзі мойындады деп жазады газет тілшісі. Мәжіліс депутаттарының есебі бойынша Қазақстанда бүгінгі күні жұмыссыз адам саны 150 мың адам, оның басым бөлігі - ауыл тұрғындары көрінеді. «Жарайды, министр Г.Қарағұсова ауылдағы жұмыссыздарды көрмеді дегенде қалада сансырап жұмыссыз жүргендерді неге көрмейді, неге оларға көңіл бөлмейді?» деп сұрау тастайды газет тілшісі.

«Жас Алаш» газеті де осы әлеуметтік мәселеге қатысты жүргізген сауалнама қортындысын жариялапты. Газет тілшілері Қазақстанның түкпір-түкпірін қамтыған 100 адаммен тілдесіп, «Қалай күн көріп жатырсыз?» деген сұраққа жауап іздепті. Жауап бергендердің көбі балаларының жұмыссыз, өздерінің тек зейнетақымен күн көретіндіктерін айтқан.

«Соңғы үш жылда күн көрісіңізде алға ілгерлеушілік бар ма?» деген сұраққа көбі, яғни 73 проценті, «жоқ» деп жауап беріпті, қорыта айтқанда, сауалнамаға қатысушылар өздеріне экономиканың тірегі болған жерасты байлығынан келер пайданың аз екендігін қинала айтты, ал оның үстіне кедейлер мен байлар арасындағы алшақтықтың күннен күнге алыстап бара жатқанын белгілі болды деп жазады «Жас Алаш» газеті.
XS
SM
MD
LG