Accessibility links

Қазақ даласындағы жусан қатерлі ісікке ем


Қазақстандық мамандар қатерлі ісікке қарсы жергілікті жусаннан дәрі жасап шығарды. Дәрі ТМД елдеріндегі онкологиялық клиникаларда кеңінен қолданылатын болды.

Қарағанды қаласындағы фитохимия иниститутының өнімі – «Арглабин» дәрісі Ресейдің ғылыми орталығында клиникалық сынақтан өтіп, ТМД аумағына таралу құқығына ие болып отыр. Бұл туралы Ұлттық ғылым академия өкілдері хабарлады. Бұған дейін осы дәрі 11 елдің патентімен қорғалған болатын.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл дәрі бауыр, өкпе және сүт бездерінде пайда болған ісіктерді емдеуге және олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Осы уақытқа дейін қатерлі ісік ауруларына қолданылатын бұл дәріге шетелдерден 11 миллион данаға тапсырыс түссе, ішкі сұраным 2 миллион данаға жетіп отырған көрінеді.

Қарағанды қаласында осыдан 2 жыл бұрын президент Назарбаевтың тапсырмасымен «Арглабин» дәрісін шығаратын зауыт құрылысы басталған болатын. Жусаннан қатерлі ісікке қарсы дәрі жасайтын фармацевтикалық кәсіпорын құрылысына инвесторлардан және Қарағанды облысының бюджетінен 93 миллион теңге бөлінген.

Сондай-ақ, зауыт құрылысына Ресей банктері қаражат беруге келісті. Оның сыртында, Германияның «Лурги» атты компаниясы осы дәрінің Еуропада сынақтан өткізілуін өз мойнына алды. Қарағанды облысының кәсіпкерлікті дамыту басқармасының маманы Мирамбек Үсенбековтың айтуынша, Германия дәрігерлері қазақстандықтардан осы дәріні шығару құқын сұрапты:

- Немістер келді осында. Бізге патент берсеңдер деп сұрады, біз бермейміз, дедік. Енді олар сатып алатын болды. Олар тіпті екі есе бағасымен беріңіздер деді. Мысалы, бізде 3 доллар тұрса, олар 6 доллардан алмақ.

Қазақстанда өсетін 1000 түрлі жусанның тек біреуінен ғана осындай дәрі жасауға болады дейді мамандар. Қарағандыдағы фитохимия иниститутының мамандары бұл жусанның атын және дәрі жасау технологиясын құпия ұстап отыр дейді облыстың кәсіпкерлікті дамыту басқармасының өкілдері.

Ал жергілікті онколог дәрігерлердің айтуынша, соңғы кезде тек Қарағандының өзінде қатерлі ісікке шалдыққандар саны көбейіп кеткен екен. Кәсіпкерлікті дамыту басқармасының маманы Мирамбек Үсенбеков жаңа дәріге сұраныстың бірнеше есеге артқанын айтады:

- Ресей, Украина, Беларусь, Тәжікстан, Өзбекстаннан сұраныс бар. Осы уақытқа дейін қатерлі ісік ауруларына қолданылатын бұл дәріге шет елдерден 11 миллион данаға тапсырыс түссе, ішкі сұраным 2 миллион данаға жетіп отыр.

1997 жылы «Арглабин» препаратының жасалуы Қазақстан үшін үлкен жаңалық болған еді. Алғашқы сынақ барысында дәріні қабылдаған 72 аурудың 44 пайызында ісіктің өсуі тоқтаған екен. Қарағанды зауытында шығарылатын «Арглабиннің» әр ампуласы 3 долларға бағаланып отыр. Бірақ, ол емханаға түскенде үстеме баға қойылуы мүмкін, ал Еуропада ол бұдан да қымбат бағаға сатылады деп отыр Қарағанды облысының кәсіпкерлікті дамыту басқармасының өкілдері.

Ал дәрігерлер болса, «Арглабин» қатерлі ісіктің барлық түрлерін емдей бермейді, есесіне ол әлгі аурудың бірнеше түріне шипалы дегенді айтады. Қарағанды облысының онкологиялық орталығының дәрігері Мұратбек Жұмақаевтың айтуынша, «Арглабинді» жалғыз емес, басқа ем түрлерімен бірге қолданған абзал:

- Ол адамның иммунитетін көтеретіні зертханада анықталған. Сәуленің адам ағзасына ықпалын азайтады, ал, ісікке әсерін көбейтеді. Өз күшімен жазып шыққан бір-екеу ғана. Көбінесе ісікті кішірейтеді. Әсіресе, бауыр, қуық, төс ісіктеріне әсері бар.

Қатерлі ісікті сәулемен емдеу барысында «Арглабин» қолданылса, науқастардың емделуі 95 пайызға көтеріледі дейді жергілікті онколог дәрігерлер. Ал, фитохимия институтының маманы Науан Жаңғабыловтың айтуынша, Қазақстанда сынақтан өткен кезде дәрінің шөптен жасалатындықтан адамның сау органдарына зақым тигізбейтіндігі анықталған. Бірақ, асыра пайдаланса азғантай зияны болуы мүмкін дейді ол:

- Токсикалық әсері төмен болады. Асыра пайдаланса, жусанға деген аллергиялық реакция қоздырады.

Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда «Арглабин» денсаулық сақтау министрлігінің өмірлік маңызы бар дәрілердің тізіміне енгізілген. Бүгінде «Арглабин» дәрісі 11 елдің патентімен қорғалып отыр. Қарағанды облыстық онкологиялық орталығының дәрігері Мұратбек Жұмақаевтің айтуынша, дәрі жоғары технологиялар бойынша жасалады, ал фармацевтика ғарыш, информатика және электроника сияқты жоғары технология салаларының бірінші төрттігіне кіреді дейді ол.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG