Accessibility links

Астаналық заңгер ұстаздар ақшасын төлеген пәтеріне қол жеткізе алмай келеді


Қазақ заң академиясының оқытушылары мен Астана әкімдігінің арасындағы тұрғын үй дауы өршіп барады. Есілдің сол жағалауынан аталған оқу орнының оқытушылары үшін салынған үй пайдалануға берілер қарсаңда басқа біреулердің иелігіне өтіп кеткені белгілі болып отыр. Ал, оқытушылар үлескер ретінде ақшаларын төлеп қойған болатын. Сенатор Зәуреш Батталова мен Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы оқытушылардың құқығын қорғауды сұрап Бас прокуратураға сауал жолдап отыр. Алайда, әлгі үйдің пәтерлері әр шаршы метрі 900-1000 долларға басқа адамдарға сатылып жатқан көрінеді.

Ұстаздардың бірі заңгер Марат Башимовтың айтуынша, әкімшіліктің жерді алу туралы шешімі заңға қайшы, заңгер мұғалімдердің құқы былайша тапталып жатса, қалғандары не болмақ дейді маман. Башимовтың айтуынша, жерді мемлекет қажеттілігіне алу Конституцияға сай жүргізілуі шарт:

- Жер ұлттық қауіпсіздік үшін, қоғамдық тәртіпті қорғау үшін, адам құқықтарын және адам денсаулығын қорғау үшін деген талаптармен ғана алынады. Бұл жердің алынуы осы талаптардың бір де біреуіне сәйкес келмейді. Және нарық талаптарына сәйкес, өтемақы берілуі керек. Қылмыстық тілмен айтқанда бізді лақтырып кетті деуге болады.

Марат Башимовтың айтуынша, ол өз пәтерін алмай тынбайды, бірақ, басқа заңгер мұғалімдер соттасудан бас тартқан, өйткені Қазақстанда соттасқан тиімсіз дейді олар. Башимовтың айтуынша, қазір үйді алған компания мұғалімдерге өз пәтерлерін қымбатқа сатып жатқан көрінеді:

- Пәтердің шаршы метрі 55 мың теңге деп жазылған. Ал, басқа мұғалімдерге 900 доллардан ал депті. Сотқа 1 пайыз төлеу керек. Енді ойлаңыз - кей кісілер 50 мың доллар салды. Сондықтан, 14 адам салған ақшаларын қайтарып алып, шығып кетті.

Осы ғимарат ісімен айналысып жүрген Астана әкімінің орынбасары Марат Төлебаевтың хатшысы Жанар Сәулебектің айтуынша, бұл мәселеге байланысты әкім орынбасарының жауап беретін уақыты жоқ.

Астанадағы Қазақ мемлекеттік заң академиясының мұғалімі Мұратбектің айтуынша, ол оқу орнының ректоры Мақсұт Нәрікбаевтан осы мәселеге байланысты түсініктеме сұраған:

- Мемлекет үйі бізден жерді тартып алды деді. Сосын қалалық әкімшілікке бардық. Олар біз «Адони» фирмасына бергенбіз. Бірақ, оның ішінде сіздердің үлестеріңіз жоқ. Ал, университет 10 пәтерді өз қызметкерлеріне тегін бермекші болған деді. Бұл қалай, біз 20 шақты адам ақшасын төлегенбіз. Басқалары үштен бірін төлеген. Қызмет бабымен алатындар бар. Соған «Адониге» хабарлассақ, телефондары алмайды.

Мұғалімдердің айтуынша, әкімшілік бұл жерді Алматыдан келген инвесторға берген. Қазақстан президентінің жолдауындағы мұғалімдерге көрсетілетін көмектің бәрін Астана әкімі теріске шығарып отыр дейді мұғалімдер. Ал, Парламент Сенатының депутаты Зәуреш Батталова Бас прокурордың атына осы мәселе жөнінде сауал жолдады. Онда айтылғандай, заң академиясының мұғалімдері пәтерлерінің бір бөлігін төлеп, ректормен келісім шартқа отырған. Ал Астана әкімшілігі мемлекеттік қажеттілікке деп, құрылысы бітіп қалған үй тұрған жерді жеке меншік құрылыс компаниясына берген. Осылайша, мұғалімдер ақшаларын беріп қойған пәтерлерінен айырылып қалған дейді депутат Зәуреш Батталова:

- Келісім шарт құрғаннан кейін мұғалімдердің алдында кім жауап береді - оқу орны ма, жоқ әлде әкім бе?

Сенатор З.Батталова осы жағдайға түсініктеме беруді Бас прокуратурадан сұрап отыр:

- Бұл мемлекеттік іске керек деген соң, неге жерді жеке меншік фирмаға беріп отыр? Екіншіден, мұғалімдердің айтуынша, оқу орны 10 миллион теңге несие алған. Ол алынды ма? Алынса қайда жұмсалды?

Заңгер Марат Башимовтың айтуынша, тіпті осы даулы жерді алып отырған компания мұғалімдерге ақшасын қайтарып берген күннің өінде мұғалімдер ұтылып қалады. Өйткені, мұғалімдер пәтерлерінің бір шаршы метріне 450 доллардан осыдан екі жыл бұрын тиісті ақшасын төлеп қойған. Сол ақшаға олар сол кезде жақсы пәтер алуына болар еді. Ал, қазір, инфляцияны ескере отырып, ол ақшаға Астанадан, әсіресе сол жағалаудан, пәтер алу мүкін емес дейді заңгер.
XS
SM
MD
LG