Accessibility links

Алматыда «Орталық Азиядағы азаматтық қоғамдар» тақырыбына арналған халықаралық жиын басталды


Дүйсенбі күні Алматыдағы «Рахат Палас» қонақ үйінде «Еуропа Одағының сыртқы саясаты: азаматтық қоғамдық ұйымдардың Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда атқаратын рөлдері» атты аймақтық семинар басталды.

Халықаралық семинар жұмысына Орталық Азиядан Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен, сондай-ақ, Армения, Грузия, Украина және ЕуроОдақ елдерінің өкілдері қатысып отыр. Еуропа Комиссиясы, Еуропа Одағы, «АРRODEV» халықаралық қоғамдық ұйымдар қауымдастығы және қазақстандық «Баспана» қоғамдық ұйымының мұрындық болуымен Қазақстанда алғаш рет өткізіліп жатқан бұл аймақтық жиында азаматтық қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік ұйымдар арасындағы байланыстар, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан қоғамда орын алып отырған түрлі әлеуметтік проблемаларды шешуге ат салысу және бұған байланысты жоба, бағдарламаларды Еуропа Одағы тарапынан қаржыландыру мүмкіндіктері талқыға салынғалы отыр.

Алматыда басталған аймақтық семинарды ұйымдастырушылардың бірі - Қазақстандағы «Баспана» атты үкіметтік емес үйымның бас директоры Ернар Мәліковтың пікірінше, қоғамдық ұйымдар үшін Еуропа Одағының қаржылық көмектерін пайдалана отырып, қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды үкіметтің ұйымдармен бірлесе отырып шешкен тиімді болмақ. Мысалы, Еуропа Одағының осы мақсатқа арнап жыл сайын бөлетін 7 миллиард еуроның тек 20 проценттейі, яғни 1,4 миллиарды ғана пайдаланылады екен.

Ал, Еуропа Одағының өкілі Рози Нильсон ханымының айтуынша, бұндай аймақтық семинардың алғашқы екеуі де Бельгия астанасы Брюссель қаласында өткен болса, биыл алғаш рет Қазақстанда өтіп жатыр. Осы жиында Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның сарапшылары кездесіп, өзара емін-еркін пікірлесу мүмкіндігіне ие болып отыр. Еуропа Одағы мен Еурокомиссия Орталық Азия елдерінде жүріп жатқан түрлі қоғамдық өзгерістерді жеткілікті түсініп, оған дұрыс баға білуге ықылас танытып отыр дейді сарапшылар.

Аймақтық семинарға Қырғызстаннан келіп отырған Бішкектегі «ЦентрИнтерБілім» орталығының директоры Әсия Сасықбаева Қырғызстанда билік ауысқаннан кейін билікке келген жаңа үкіметтің елдегі үкіметтік емес ұйымдармен байланыс орнатып, оларға қолдау көрсете бастағанын айтты. Үкімет пен қоғамдық ұйымдар арасында осындай байланыстың болуы өзекті проблемаларды шешуге септігін тигізері сөзсіз дейді ол.
XS
SM
MD
LG