Accessibility links

Қазақстан Тайванды Қытайдың бөлігі санайды және Тайванның тәуелсіздігіне қарсылық білдіреді


ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның Қазақстандағы сапары барысында Қазақстан мен Қытайды қосатын мұнай құбыры аяқталып келе жатқандығы және жуық арада газ құбыры салынатындығы хабарланды. Жергілікті экономистер бұл жобалар Қазақстан үшін тиімді десе, кейбір саясаткерлер бұл жобалардың кесірінен Қытай экспансиясы Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін дейді.

ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның бұл Қазақстандағы үшінші сапары. Бұл жолы Қазақстан мен Қытай арасында 8 құжатқа қол қойылды. Оның біріншісі - Қытайдың батысы мен Каспийді жалғастыратын тар табанды трансқазақстандық темір жол салу мүмкіндігін бірлесіп зерттеу туралы келісім деді президент Назарбаев:

- Биыл екі арада мың шақырымдық мұнай құбыры іске қосылады. Болашақта газ құбыры салынады. Темір жол мәселесін қарау жөніндегі құжатқа қол қойылды.

Екінші құжат «Қорғастағы» шекаралық ынтымақтастықтың халықаралық орталығын реттеу туралы келісім болып отыр. Президент Назарбаев айтып өткеніндей, мұнда Қытай жағынан 300, Қазақстан жағынан 200 гектар жерде екі елдің тауар айналымын ұлғайтуға септігін тигізетін, еркін сауда орталығы дамытылатын болады. Мәдениет саласында Қазақстан жағынан Қытайда мәдениет орталығын салу көзделіп отыр. Ал, Қазақстанда Қытайдың Конфуций институтын ашу жоспарланған деді президент Назарбаев.

ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао Қытайдағы Қазақстандық мәдени орталық пен Қазақстандағы Конфуций институтының салынуына қолдау көрсететіндігін білдірді.

Ал мұнай саласында «Атасу-Алашаңқай» мұнай құбырының құрылысы айтылды. Жоспар бойынша ол биылғы жылы желтоқсан айында аяқталуға тиіс. «Мұнай» институтының директоры Надир Надировтың айтуынша, жаңа мұнай құбыры бәріне де тиімді:

- Осы құбыр туралы әңгіме болғанда Ресей қарсы болған. Қазақстан мұнайы біз арқылы өтпейді деген болатын. Ал, қазір құбырды бұрып жіберуге болады. Сондықтан, Ресейде қазір риза. Енді, экспансия деп көп айтады, Меніңше, бізге ол зиян емес.

Осылайша, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық қатынастың негізгі бағыты мұнай дейді сарапшылар. Бұған дейін, Қытайдың мемлекеттік одағының қасындағы даму институтының директоры Ли Фэнлинь алдағы 20 жылда қазақстанның мұнай саласы Қытай үшін ерекше базар болмақ деген болатын. Ал саясаттанушы Досым Сатпаевтің пайымдауынша, «Мұнай саласында Қытай қаражатының ұлғайғаны жақсы. Бірақ, болашақта Қытайдың демографиялық экспансиясы Қазақстанға қауіп төндіреді». Саясаттанушы Болатхан Тайжанның айтуынша, экспансиядан қорқатын ештеңе жоқ:

- Экспансия десеңіз Қазақстан Ресеймен қосылғалы жүр. Біз оны экспансия демейміз. Қытайда бір жарым миллион қазақ тұрады. Олар өз тілін біледі.

Қытай терриориясы жағынан әлем бойынша Ресеймен Канададан кейін екінші орында. Адам тұрғындары саны бойынша Қытай тұрғындары 1 миллиард 300 миллион адамға жеткен. «Табиғат бос кеңістікті шыдатпайды. Сондықтан мұндай үлкен территориялармен тұрғындардың аздығы болашақта экспансияға әкеп соғуы мүмкін» дейді саясаттанушы Досым Сатпаев. Ал, саясаттанушы Болатхан Тайжан болса бұны қауіпті демейді:

- Қытайлар жаулап алады деген сөздерді Ресей Қытайдан қорқыту үшін құйып кеткен. Қытай 14 мемлекетпен шектеседі. Олардың біреуі де Қытайдан қорықпайды.

Бірақ, екі президент өткізген келіссөздерден кейін аталған басты құжат ол екі ел арасындағы стратегилық серіктестік декларациясы. Құжатта айтылғандай Қазақстан Тайванды Қытайдың бөлігі санайды және Тайванның тәуелсіздігіне қарсылық білдіреді. Бірақ, бұл туралы сұрақтар қойылған жоқ. Қытайлық делегациямен бірге Қазақстанға 63 журналист келген екен. Алайда, екі елдің мемлект басшыларына қазақстандық және қытайлық журналистерге сұрақ қою мүмкіншілігі берілген жоқ.
XS
SM
MD
LG