Accessibility links

Мемлекеттік жастар саясаты туралы заң баптарының жартысына жуығы орындалмайды


Қазақстанда «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданғанына тура бір жыл толуына орай шілденің 7-күні осы заңға байланысты жүргізілген сауалнама нәтижесі жарияланды. Әлеуметтанушылар аталған заң толығымен орындалмайды десе, жастар ұйымдарының өкілдері заңның орындалмауына көптеген жеңілдіктер тек жергілікті атқару органдарының келісімімен жасалуы шарт деген екіұштылық себеп болып тұр деп есептейді екен.

«Қазақпарат» хабарына жүгінсек, жастар заңындағы 20 баптың кем дегенде 8-і орындалмайды екен. Мысалы, мемлекеттік спорттық мекемелерге жастардың жеңілдікпен кіру туралы бап орындалмайды. Сауалнама нәтижесінде айтылғандай, заңның бұл бабы бірде бір ірі қалада орындалмаған. Құрамына жастардың 125 ұйымы кіретін «Жастар конгресінің» атқарушы директоры Мадияр Қожахметтің айтуынша, жастар туралы заңның болғандығының өзі жақсы:

- Алматыда, Қарағандыда жеңілдіктер көп. Ал, Астана қаласының мәртебесіне байланысты жеңілдіктер аз. Бірақ, заңның өзінің қабылдануы жастар үшін бір пайда. Ондағы баптардың көбісі орындалып жатыр. Бірақ, олардың орындалу деңгейін қарау керек.

Еуропалық құқық институтының директоры Марат Башимовтың айтуынша, «Жастар саясаты туралы» заң кезінде саясатқа байланысты қабылданған. Бірақ, қаржы тапшылығына байланысты қазір ол орындалмай отыр дейді заңгер:

- Заң басында бюджетке келіп тірелген. Сосын саясатқа байланысты жастар деп қабылдады. Ал, қабылданғансоң, әкімшіліктер заңды орындау керек және бюджеттеріне енгізуі керек.

Сондай-ақ, Қазақстанның көптеген қалаларында жолаушы тасымалдайтын компаниялар қалалық көліктерде жастардан жолақының тек жартысын алуға тиіс деген бабын орындамайды. Мысалы, Алматыда жол ақы 30 теңге болатын автобустарда жастардан 20 теңге талап етіледі. Білім министрлігінің жастар саясаты департаменті директорының міндетін атқарушы Нұрлан Өтешевтің айтуынша, қазір үкіметте студенттердің жол ақысына арнайы қаржы бөлу жолдары қарастырылып жатыр:

- Студенттер және оқушылар, грантпен оқитын жастар жылына екі рет өтемақы алады. Оған мемлекеттік қаржыдан бір миллиард бөлініп отыр, биылға ғана.

Семей жастары болса грант есебінен білім алып жатқан жастардың жазғы және қысқы демалыс кезінде теміржол көлігімен жеңілдікпен жүруіне мүмкіндік берілмейді деп отыр. Заңның бұл нормасы Семейден басқа да қалаларда орындалмайтындығы анықталған. «Жастар конгресінің» атқарушы директоры Мадияр Қожахметтің айтуынша, заңның толық орындалмауы заңның өзінде екіұштылық болғандығынан деп есептейді:

- Жолақы және басқа жеңілдіктер жергілікті басқару органдарының шешімімен берілетін нәрсе. Егер, олардың бюджеттерінде қаржы болмаса, онда, осы баптардың орындалмауы мүмкін, деп жазылған.

Жастар саясаты департаменті директорының міндетін атқарушы Нұрлан Өтешевтің айтуынша, жастар саясатының жергілікті органдарға беріліп жатқандығы саяси шешім. Бастысы, соңғы кезде жағдай біршама өзгерген, дейді ол:

- Қазір орталықсыздандыруға байланысты жастардың көп мәселелері жергілікті орындарға берілген және екі жыл бұрын жастар бағдарламаларына ақша бөлінген жоқ. Ал, бүгін ең кішкентай бюджеттік бағдарламаға жыл сайын 8 миллион теңге бөлінеді.

Еуропалық құқық институтының директоры Марат Башимовтың айтуынша, Еуропада заң қағаз жүзінде емес, іс жүзінде орындалады:

- Олар заң жүзінде беріп тұрады. Мысалы, Германияда жоғары білім алу үшін ақша төлемейді олар. Еуропада «айсит» студенттік карталары бойынша көптеген жеңілдіктері бар, мұражайға кіргенде жеңілдіктері бар.

Тағы бір мәселе. Студент болып жүрген жас ата-аналар оқу орындарына күн сайын бару міндетінен босатылған. Ал, іс жүзінде жастарға мұндай мүмкіншілік берілмейді, дейді сауалнамаға қатысқан жастар. Сондықтан біз бір жарым жыл уақытымызды зая кетіріп, академиялық демалыс алуға мәжбүр боламыз, дейді жас ата-аналар. Білім министрлігінің жастар саясаты департаменті директорының міндетін атқарушы Нұрлан Өтешевтің айтуынша, көш жүре түзелмек.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG