Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.19.2005 жыл


Шілденің 19 күні жарық көрген қазақстандық басылымдар республикадағы инфляция деңгейі туралы, мемлекеттегі туризм саласы жөнінде жазыпты. Сонымен қатар, сейсенбі күні жарық көрген басылымдарда республика Парламенті Сенатына депутат сайлауы да сөз болған.

Енді бір айдан кейін өтетін сенат сайлуы туралы “Жас Алаш” газетінде жарық көрген «Асықтырған жолдау ма, әлде Байгелдіні қолдау ма?» деген мақала авторы Оралхан Дәуіт, Жамбылдағы Сенат сайлауы бұрынғы сайлаудан өзгеше болатын түрі бар деп пайымдайды. Себебі, «Қазақстан Республикасы парламентінің сенатына депутаттар сайлау туралы» президенттің жарлығы баспасөз беттерінде маусымның 17-күні жарияланып, сол күннен бастап күшіне енсе, Жамбыл облысындағы барлық аудандық мәслихаттар 18-і күні кезектен тыс сессияларын өткізіп, үміткерлерді ұсынып тастаған. Сөйтіп, «кезектен тыс сессиялар жөніндегі мәселе оны өткізбестен 5 күн бұрын шешімін тауып, барлық депутаттарға хабарландырып және сессиядан 3 күн бұрын оның күн тәртібі мен өткізілетін күні толық көрсетіліп, жергілікті ақпарат құралдарында жариялануы тиіс» деген заң талабы адыра қалды деп жазады мақала авторы. Бұл жайттың барлығын зерттей келе, мақала авторы, мұның астарында не жатыр деген сұраққа жауап іздейді. Ұсынылған 4 үміткердің ішінде бүгінде парламент сенаты төрағасының орынбасары Өмірбек Байгелдінің «шоқтығы» биік екені, қалған үшеуін облыс тұрғындары жақсы тани қоймайтынын жазады автор. Бұл асығыстықтың астарында «Сенат депутаттығына үміткер болып Өмірбек Байгелдіге қарсылас ретінде қауіп төндіретіндей ешкім ұсынылып қоймасын» деген пиғыл жатқан жоқ па екен өзі?» деп жалғастырады өз мақаласын Оралхан Дәуіт. Президент жарлығынан 4 күн бұрын ғана Тараздың үлкен мейрамханасында бүкіл Қазақстанға бақ-дәулет, тыныштық тілеп, дүниеден озған барша аруақтарға арнап ас беріп, шенеуніктердің басын қосып, 41 адамға шапан жабуы тегін болмай тұр ғой деп тұжырымдайды мақала авторы.

“Егемен Қазақстан” газеті сейсенбі күні жарық көрген санында республикадағы инфляция деңгейіне назар аударыпты. «Көкөніс неге күйіп тұр» деген мақалада статистика агенттігінің 2005 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы берген көрсеткіші туралы жазған. Статистиктердің сөзіне қарағанда, инфляциялық үрдестердің жалғасатын түрі бар, оған азық-түлік, көкөніс, жеміс-жидек бағаларының өсуі де аз әсер етпейтін секілді деп жазады мақала авторы Сұңғат Әліпбай. Оның жазуына қарағанда Қазақстан үкіметі жыл сайын бұл мәселеге шарасыздық танытатын, ал үстіміздегі жылы үкімет бағаны ауыздықтауға қатысты біраз әрекеттер жасап шыққан. Мәселен, Өзбекстан, Қырғызстан секілді көрші елдерге де шығып, олардан арзан өнімдер жеткізу арқылы іштегі бағаны шарықтатпау жөнінде жаңа қадамдар жасаған.

«Айқын» газеті шілденің 19 күні «Қазақстанның төлқұжаты содырлардың қолына қалай түскен?» деген сұраққа жауап іздеген. Өткен жексенбіден дүйсенбіге қараған түнде Пәкістанның Ауғанстанмен шекаралас жатқан Солтүстік Вазиристан аймағындағы болған оқиғаны сипаттай келе, мақала авторы мерт болған 4 содырдың жан қалтасынан қазақстандық төлқұжаттар шыққанын жазады. Сонымен қатар, мақала авторы бұлар 100 долларға қазақстандық төлқұжат сатып алған өзбек босқындары болуы мүмкін деген болжам жасайды. Ал, республиканың сыртқы істер министрлігі бұл ақпарат анықталып жатыр дегенді жеткізген.

«Казахстансая правда» газеті республикада туристік кластердің құрылмауына не себеп?» деген мәселе төңірегінде ой қозғапты. Бұл мәселе «Ақсу-Жабағлы» қорығында арнайы өткен жиында сөз болған. Арнайы басқосуға келген мамандар, егер туристік кластер құрудағы мәселені отандық кәсіпкерлер өз қолына алмаса, бұл жұмыспен шетелдік инвесторлар шұғылдануы мүмкін дегенді айтқан.

“Экспресс К” газеті Алматы облысындағы дәрігерлердің бала босану кезінде қайтыс болған әйелдердің санын жасырғаны туралы жазған. Алматы облысының прокуратура қызметкерлері осындай бірнеше оқиғаны анықтаған. Прокуратура қызметкерлерінің көзіне алғашқылардың бірі болып Алакөлдегі орталық аудандық аурухана түскен. Бұл мекеме 3 әйелдің өлімін жасырған. Сонымен қатар, аурухана дәрігерлері қайтыс болған әйелдердің құжаттарын жойып жіберген. Мәселен, 2005 жылдың қаңтарында орталық аудандық ауруханаға халі ауыр жағдайда түскен жүкті әйел бірнеше күн өткеннен кейін қайтыс болған. Ал аурухана қызметкерлері қайтыс болған әйелдің дертін жасырған деп жазады газет. Прокуратура мамандарының айтуынша, мұндай қадамға барған дәрігерлер қылмыстық кодекстің 325 бабының 2-тармағы бойынша жауапқа тартылып, 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Дәрігерлердің не себептен мұндай қадамға барғаны белгісіз, бірақ заңды бұзған азаматтар атқарып жатқан қызметінен босатылып, оларға қатысты қылмысты іс қозғалған деп жазады “Экспресс К” газеті.
XS
SM
MD
LG