Accessibility links

Алматы қаласында жергілікті биліктің шешіміне наразы азаматтар «Өз үйімізді қорғаймыз» атты қоғамдық комитет құратындарын мәлімдеді


Баспанасыз қалу қаупі туындаған 1000-нан астам алматылық «Өз үйімізді қорғаймыз!» деген қоғамдық комитетке бірікті. Бұл жөнінде сәрсенбі күні қоғамдық комитеттің үйлестірушісі Маржан Аспандиярова мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, комитетке қазірдің өзінде көптеп түсіп жатқан шағымдардың дені қала әкімшілігінің шешімімен құлатылатын ескі үйлер мен қайта өңдеуден өтіп сатылатын жоғары оқу орындарының жатақханаларына қатысты. Маржан Аспандиярова қазір наразы топтың Алматы қаласы әкімімен кездесуді талап етіп отырғандарын айтып отыр. Ал «егер қала халқының мәселелерін шеше алмаса, ондай әкім қызметінен кетуі тиіс» деп есептейді бастамашы топ мүшелері.

Баспана мәселесін шешуде заңсыздықтарға тап болғандардың құқығын қорғайтын қоғамдық комитет құру идеясы осыдан 1 ай бұрын пайда болды. Сол кезде Алматыдағы Қаратаев көшесінің тұрғындарымен кездескен едім. Олардың үйлері жаңа құрылыс объектісінің салынуына байланысты құлатылуаға жатқызылған болатын дейді «Өз үйімізді қорғаймыз» қоғамдық комиетінің үйлестірушісі Маржан АСПАНДИЯРОВА:

- Жылдап салынған зәулім үй, оның қорасы бар, бағы бар. Мінеки, солар үшін тиын-тебен ұсынған. Тұрғындар өз құқықтарын қорғау үшін түрлі орындарға шағымданды. Бірақ одан нәтиже болмады. Содан қоғамдық комитет құруға шешім қабылдадық. Бір аптадан соң кездестік, ал сейсенбі күні комитеттің алғашқы отырысы өтті. Оған 50 адам қатысты.

Алматыдағы Қаратаев көшесінде 40 жыл тұрған тұрғындарының бірі Күнсұлу ҚАРАБЕКОВА, қаланың орталығында орналасқан үй-жайына тәуелсіз сарапшылар мен жылжымайтын мүлік орталығы мен сот бағалаушысының әр түрлі баға беріп отырғанын айтады:

- Менің үйім жаңадан салынған. Көлемі - 100 шаршы метр. Барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Оны бағалау үшін әдейі Бағалаушылар палатасынан жерді бағалайтын маманды жалдап алдым. Оның есебі бойынша менің үйім 700 мың доллар. Мен үйімді тиын-тебенге бермеймін! Ал ана жолы сот бағалушылар біресе әр шаршы метрін 500 доллардан есептейміз деді, біреуге – 350 доллар деді, енді 150 доллардан деп отыр. Бұл үйге мен қаншама денсаулығымды бердім. Қанша рет тамағымнан да жырған болармын.

Оның сөзіне қарағанда, Қаратаев көшесіндегі 70-ке жуық үй тұрғындары қалай боғланда өз құқықтары аяғына дейін қорғауға бар:

- Бірде-бір адам үйінен шықпайды! Өліспей-беріспейміз!

Қаратаев көшесінің тұрғындары өз үйлерінің әр шаршы метрін 350 доллардан есептелініп отырғанын айтса, өзінің аты-жөнін айтудан бас тартқан Алматы құрылыс-сәулет академиясының қызметкерлерге арналған нөмірі 3-ші жатақхана тұрғыны жатақханаларының бір шаршы метрі одан әлдеқайда қомақты сомаға сатылмақ екендігін тілге тиек етті:

- Бір шаршы мерті жатақхананың 700 доллар! Сіздер қайдан көрдіңіздер арзанды?! Ескі жатақхананың шаршы метрі 400 доллар. Енді бүгін сол жерде неше жыл жұмыс істеп, 10 мың теңгенің айлығын алып жатқан жұмысшыларға айтады: 700 доллардан алыңыздар, жатақхана дайын тұр деп.

Сөйтіп, ол 700-ге жуық адамның жатақханадан қуылу қаупі туғанын айтып дабыл қақса, Алматы маңындағы Каменка ауылының тұрғыны Айгүл ЖҮНІСОВА 24 отбасының ондағы жапсарлас орналасқан бірнеше жер төлелерден кетсе, қайда барып пана іздейтіндерін білмейтіндерін айтты:

- Менің қызым бар 10 жаста. Ол жерде көп балалы отбасылар, жалғызбасты аналар бар. Бір әйел 3 баласын сол маңдағы базарға барып, сауда жасап асырап отыр. Енді ол қайда барады? Біз қайда барамыз? Тек енді бізге қалалық әкімшіліктің маңына барып «бомж» болып жатудан басқа амал жоқ шығар.

Келесі бір алматылық Юрий УСОВ бұл мәселені жергілікті билік - Алматы қаласының әкімшілігі реттеуі тиіс дейді:

- Себебі, одан басқа бізде қандай билік бар?!

Алайда, Алматы қаласының әкімшілігіне хабарласып, қиратылатын ескі ғимараттар мен олардың орнына бой түзейтін жаңа үйлер жөнінде мәлімет сұрағанымызда тиісті жауап ала алмадық. Оның есесіне Алматы қаласы әкімшілігінің ресми сайтынан қаладағы жаңа ғимараттар мен үлкен құрылыстардың салынуы жайында ақпараттар табу оңай. Мәселен, дүйсенбі күні Алматыда 3 ірі автокөлік жол торабын салу туралы жоба бекітіліпті. Тамыздың 1-де басталатын бұл кең көлемді құрылысқа бастапқыда 6 миллиард теңге бөлінбек. Оның бір бөлігі жол тораптары салынатын жерде қазір тұрған 54 нысанды алып тастаудың өтеамқысын төлеуге кетпек.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG