Accessibility links

Кеңес әскерінің қатарында Ауғаныстандағы соғысқа қатысқандар бірлескен құрылтайын өткізді


Шілденің 29-ында Алматыдағы Әскерилер үйінде Ауғаныстан соғысы ардагерлерінің басын біріктіру мақсатында ұйымдастырылған тұңғыш құрылтай өтті. Бұл құрылтайға Қазақстанның барлық облыстарынан өкілдер қатысып, «Қазақстан Республикасындағы Ауғаныстан соғысы ардагерлерінің қауымдастығы» құрылып, оның төрағасы болып генерал Бақытжан Ертаев сайланды. Құрылтайға қатысушылар бүгінгі таңда Ауғаныстан соғысына қатысқан ардагерлерге үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтың аз екендігін айтып, ол проблемаларды бірігіп шешудің қажеттілігіне тоқталды.

Алматының қақ төріндегі Әскерилер үйінде өткен Ауғаныстан соғысы ардагерлерінің бірлескен құрылтайына Қазақстанның әр облысынан келген, Ауғаныстан соғысына қатысқан ардагерлердің өкілдері қатысты. Олар бүгінгі таңда Ауғаныстан соғысына қатысқан ардагерлерге үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтың аз екендігін айтып, ол проблемаларды бірігіп шешу қажеттігін айтты. Құрылтайға Жамбыл облысынан келген Нұрлан Сейітбеков кей кездері билік саяси мақсаттарын Ауғаныстан соғысы ардагерлерінің атынан жасап, олардың атына кір келтіріп жататындығын айтты. Оның айтуынша, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Шымкентте немесе Өскемендегі оппозиция басшыларына қарсы жасалған қастандық әрекеттерге Ауғаныстан соғысына қатысқан ардагерлердің қатысы бар екендігі туралы ақпарат таратқан. Нұрлан Сейітбеков Ауғаныстан соғысына қатысқандардың ондай бұзақылыққа баруы мүмкін емес деп санайды, мұндай ақпараттардың олардың абыройына кір келтіретіндігіне тоқталды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда Ауғаныстан соғысы ардагерлерінің ұйымдарының қатары аз емес. Кейбір сарапшылар, осы ұйымдар тарапынан сұралатын көмек көп жағдайда қанағаттандырылмай жататындығын айтып жүр. Ауғаныстан соғысының ардагері Қайрат Медиевтің пікірінше, бұл ұйымдар тарапынан түрлі мағынадағы көмектің сұралуы да көп мәселелерді шешуге қолбайлау болып отыр. Осы сөздеріне дәлел ретінде Қайрат Медиев мемлекет басшысынан кейбір Ауғаныстан соғысы ардагерлері ұйымдарының атақ-дәреже емес, 15 мың теңге ақшалай көмек, ал тағы біреулерінің керісінше, мәртебе сұрап хат жазатындығын мысалға келтірді.

Бұл құрылтайға Семей облысынан келген Ербол Мусин өз аймағындағы Ауғаныстан соғысы ардагерлерінің жағдайының аса жақсы емес екендігін тілге тиек етіп, оны түзеу «арнайы статус» берілуінің керектігіне тоқталды. Ал, 1982 жылы Ауғаныстанда қаза тапқан Дмитрий Жилинскийдің анасы Раиса Афанасьевна, Ауғаныстан соғысында қаза тапқандардың отбасына үкімет тарапынан беріліп келе жатқан 20 доллар көлеміндегі көмекті олардың аруағын қорлау деп санайды.

«Үкімет, Ауғаныстан соғысында қаза тапқандардың отбасына беріп келе жатқан 2700 теңге көмектің мөлшерін мүлде өсірмей қойды. Жылына индексация жасап, әрі кетсе 40-50 теңге ғана қосып отырады. Кезінде үкімет бізге тиесілі жеңілдіктердің бәрін де алып тастап, оны ақшалай көмекпен ауыстырғанда доллардың құны 64 теңге тұрды. Ол уақыттан бері киім-кешек пен азық-түлік өнімдерінің, сондай-ақ коммуналдық қызметтің бағасы бірнеше есе өсіп кетті», - деді Ауғаныстанда қаза тапқан жауынгердің анасы Райса Афанасьевна.

Жаңадан сайланған «Ауғаныстан соғысы ардагерлері қауымдастығының» басшысы, генерал Бақытжан Ертаевтың пікірінше, Ауғаныстан ардагерлері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бір қауымдастықтың астына бірігіп жұмыс істегенде ғана көп мәселелерді шешуге мүмкіншілік тумақ. Кейбір сарапшылар жаңадан құрылған қауымдастықты алдағы келе жатқан президент сайлауы секілді саяси науқанмен де байланыстырып отыр. Алайда, «Ардагер» атты Ауғаныстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серікбай Кеңесбайұлы Баймолдинов құрылған қауымдастық саяси партиялардың қай-қайсысынан да іргесін аулақ салуы керек деп есептейді. Оның пікірінше, әртүрлі саяси партиялардың жетегінде кете берсе, келешекте бұл қауымдастықтың абыройына нұқсан келуі ықтимал. Дегенмен, 29 шілде күні құрылған Ауғаныстан соғысы ардагерлері қауымдастығының келешегіне күмәнмен қарайтындар да жоқ емес. Сондай азаматтардың бірі Ауғаныстанда соғысқан ұлы қаза тапқан Яша Шапалов ұлының артында екі баласы қалғанымен, Ауғаныстан соғысы ардагерлеріне қатысты құрылған көптеген ұйымдардың ешқайсысының да оған қол үшін бермей отырғанын айтты.

1979 жылдың 27 желтоқсанында Кеңес әскерлерінің арнайы бөлімі Ауғаныстанға кірген соң, бұл соғыс он жылға созылды. Кеңес әскерлері Ауғаныстаннан 1989 жылы шығарылды. Он жылға созылған Ауған соғысында әскери борышын өтеген 14 мыңнан астам жауынгер қаза тапты.
XS
SM
MD
LG