БУХАРЕСТ. Өзбекстаннан қашып Қырғызстанды паналаған өзбек босқындарының алды бүгін Румынияға ұшып жетті. 440 өзбек босқыны басқа – үшінші елден тұрақты пана тапқанша, уақытша Румынияға аялдайды. Өзбек босқындарының бұл сапарын БҰҰ-ының босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссариаты ұйымдастырды. Комиссариат өкілінің хабарлауынша, өзбек үкіметінің сұрауы бойынша тұтқындалған тағы 15 босқын – Қырғызстанның Ош қаласында қалды. Ресми Ташкент осы 15-ті қылмыскелер ретінде елге берілуін талап етіп жатса, БҰҰ-ы мен Ташкенттегі АҚШ елшісі оларды Өзбекстанға беруге болмайды, өйткені оларға “босқын” мәртебесі берілген деп отыр. Қырғызстанның Бас прокуроры Әзімбек Бекназаровтың мәлімдеуінше, ол 15 адамды “босқын” деп санауға келмейді.