Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.29.2005 жыл


Шілденің 29-күні Қазақстанда шыққан басылымдар мемлекет шекарасының белгіленгені туралы мақалалар жариялапты. Онда сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мұрат Атанов, Қазақстан көрші мемлекеттермен территорияны бөлісу кезінде есебін жібермегенін айтса, кейбір басылымдар шекараны белгілеу кезінде Қазақстанның кен орындары өзге елдерге беріліп қойғаны туралы жазылған.

Республикалық «Панорама» газеті сыртқы істер министрлігі Қазақстан территориясын белгілеу барысында көрші елдерге жер берген жоқ деп мәлімдегені туралы жазыпты. Таяуда өткен баспасөз маслихатында Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, үкіметтік делегецияның шекара мәселесі бойынша жетекшісі Мұрат Атанов Қазақстан мемлекттік шекара сызығын жүргізу кезінде көрші елдерге жеңілдік жасады деген әңгімені қысқарту керектігін айтқан. Атанов мырзаның шекараны белгілеу кезінде Қазақстан территориясы азайды деген әңгімені кейбір саясаткерлер саяси капитал жинау мақсатында әдейі айтып жүр деген пікірін жазыпты. Шанхай бестігіне кіретін төрт елдің шекарасы Қазақстанмен шектеседі, сондықтан, осы елдер арасында шекараны белгілеу жұмыстарының сәтті аяқталғанына аса мән берілуі дипломатиялық акция болуы мүмкін деп көрсетіпті мақала иесі. Алайда, Атанов мырза оның мұндай пікірін жоққа шығарған. Өзбекстан мен Қытай елдері негізінен Қазақстан аймағына құқылы болды, егер Қазақстанның кейбір жер бөліктері беріліп жатса, сонша жерді Қазақстан өзге елдерден алды делінген.

«Қазақстанның сыртқы саяси мекемесі Қазақстанның шекарасы ресми белгіленгені туралы шусыз хабарлады» деп басталады «Новое поколение» газетіндегі мақала. Автор әлі де болса, даулы территориялар бар, бірақ бұл шараның маңыздылығын атап өту керек деп жазыпты. Осыған орай, газет Қазақстанның бірнеше саяси партиялар өкілдерінің шекараның белгіленгені туралы пікірін беріпті. Солардың бірі, Қазақстанның Азаматтық партиясының өкілі Анатолий Волков, Қазақстан мен қазақтардың тарихында алғаш рет халықаралық деңгейде мойындалған шекара белгіленгені үшін, Нұрсұлтан Назарбаевқа ескеркіш орнату керек депті. «Оңды-солды бес-он шақырым кетіп жатса ештеңе етпейді. Маңыздысы, оның мойындалуында. Кеңес Одағы кезінде ыдырап қалған шекараны бейбіт келісім арқылы бекіткеніміз дұрыс болды, өйткені ол осы уақытқа шейін шартты түрде ғана шекара саналып келді», - дейді Анатолий Волков газетке берген сұхбатында.

Сонымен қатар, Коммунистік партияның төрағасы Серікболсын Әбділдин, «Новое поколение» газетіне берген сұхбатында, «Мен толық ақпарат алған жоқпын. Бірақ, Ресей, Өзбекстан, Қытай елдерімен келісім сөз жүргізу барысында Қазақстан жеңілдік жасағаны туралы көп айтылып жүр. Сондықтан, Кеңес өкіметі кезіндегі шекарадан ауытқушылықтар бар сияқты. Тек аймақтар ғана емес, кен орындары да кетіп қалғанын естідім. Ал, Өзбекстанмен арадағы тұрғын үйлер құлатылды. Мәселені шешудің басқа амалы табылмады ма?» деген пікірі беріліпті.

«Көршіңмен шекара бөлісу оңай шаруа емес» деп жазыпты «Ана тілі» газеті. Мақала авторы Өзбекстанмен шекараны анықтау жұмыстары екі жылдан кейін ғана толық аяқталады деп Атанов мырзаның айтқанын жазыпты. Қазіргі уақытта енді шекараны бөлу жұмыстары қарқынды жүріп жатқандығы және Өзбекстан шекарасына қойылатын 1500 алабағанның 650-і орнатылғандығы туралы айтылған. Сонымен қатар, мақала иесі Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы адамдарды көшіруге биыл 1,5 млрд теңге бөлінгенін атап көрсеткен.
XS
SM
MD
LG