Accessibility links

Қазақстанда құс тұмауының жаңа ошақтары анықталып отыр


Қазақстанда құс тұмауы Ақмола мен Қарағанды облыстарына да жеткені мәлім болып отыр. Қазір қауіпті дерттің алдын-алу шаралары қолға алынып жатыр. Астанаға жақын Үшсарт ауылында 2745 үй құсының көзі жойылып, залалсыздандырылған. Ақмола облысындағы құс базары – Қорғалжын қорығы толық оқшауландырылып, оған барар жолдардың барлығына күзет қойылды.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы күрес бөлімінің маманы Жанат Жұмабекованың айтуынша, Ақмола облысындағы Қорғалжын ауданының Үшсарт ауылында үй құстарының арасында құс тұмауының үш оқиғасы тіркеліпті. Соған байланысты құс тұмауын тұрғындарға жұқтырып алмаудың шаралары қарастырылып жатыр дейді маман.

Қарағанды облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департамент бастығының орынбасары Баян Рысқұлова Қарағанды облысындағы Шет ауданының Тұмсық атты ауылында құс тұмауының бірнеше фактілері кездескендігін, соған орай облыс деңгейінде арнайы комиссия құрылып, аймақта құс тұмауының кең етек жаюына жол бермеу мақсатында тиісті шаралар атқарып жатқанын айтады.

Астана қалалық санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің директоры Файзулла Бисмилдиннің айтуынша, елордаға құс өнімдерін жеткізетін іргелес Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында құс тұмауының жиі кездесуіне байланысты алаңдаушылық байқалады. Осыған орай, Астана қаласының әкімі Өмірзақ Шүкеевтің шешімімен арнайы комиссия құрылған. Ол комиссия қалаға кіретін жолдарда тексеруді күшейтіп, құс өнімдері саудаға түсетін 1500 нысанның жұмысын бақылауға алды.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы күрес бөлімінің маманы Жанат Жұмабекованың айтуынша, республиканың бірнеше елді мекенінде құс тұмауы анықталғанымен, әзірге одан адамдарға жұқпағандығын зертханалардағы тексеру нәтижелері анықтап отырған көрінеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз мәліметіне қарағанда, құс тұмауының соңғы фактілері тіркелген Ақмола облысындағы Үшсарт ауылында 2745 үй құсының көзі жойылған. Сондай-ақ, Қарағанды облысындағы Тұмсық ауылында 332 үй құсы залалсыздандырылған. Мамандар құс тұмауын Қазақстанды мекендейтін жабайы құстар жұқтырып отыр деген болжам айтады. Сондықтан, қара күзде құс базарына айналатын Қорғалжын қорығын жұқпалы аурудан сақтап қалудың жайлары ойластыру қажет дейді олар.
XS
SM
MD
LG