Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.13.2005 жыл


Сенбі күнгі жарық көрген тәуелсіз басылымдарда “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайдың облыстарды аралау кезінде, оның халықпен кездесуіне жол бермеу үшін түрлі тосқауылдардың қойылып жатқандығы баяндалыпты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының келешекте мемлекеттік қызметтен кетуі мүмкін екендігі де апта соңында жарық көрген басылымдардың басты назар аударған тақырыптарының біріне айналыпты.

“Жас Алаш” басылымында жарық көрген Ерік Рахымның мақаласында «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайдың халықпен кездесуіне жол бермеу үшін билік тарапынан түрлі айла-шарғылардың жасалып жатқандығы баяндалыпты. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы жақында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында кездесу өтуге тиіс, алдын-ала келісілген жерді торауылдатып, кафенің есігіне дәу қара құлыптың салынып қойылғандығын мысалға келтіріпті. Ал, осы оқиғаның куәгері, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының Жамбыл ауданы бойынша үйлестірушісі Қаржан Әміржанұлы “Жас Алаш” басылымына берген сұхбатында алғашқы кезде Жармахан Тұяқбаймен кездесудің “Рахат” кафесінде өткізудің жоспарланғандығын, алайда кейіннен әкімшіліктегілерден сескенген, кафенің қожайынының ақшасын қайтарып беріп, өз уәдесінен бас тарқандығына тоқталыпты. Қаржан Әміржанұлының айтуынша, Жармахан Тұяқбаймен келісілген кездесу басқа жерде өтетін болған соң, оппозиция өкілдері “Рахат” кафесінің алдына жиналған қарақұрым халықты таксимен, шағын автобуспен кездесу өтетін жерге тасыған.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығында жарық көрген ақпараттар ағымында “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайдың Маңғыстау облысының халқымен кездесу өткізіп жатқандығы айтылыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Жармахан Тұяқбайдың Маңғыстау облысына іссапары барысында, осы аймақтағы “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының басшысы Мұхтар Үмбетов әкімшілік жазаға тартылып, оны 15 бес күнге қамауға алу туралы шешім шығарылған. Газет тілшісінің хабарлауынша, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайдың Жаңаөзен қаласына облысына іссапары барысында қалалық телеарнадан оның келе алмайтындығы туралы жалған ақпарат таратылған.

“Алма-Ата инфо” басылымында жарық көрген Евгения Войткевичтің мақаласында саясаттанушы Ерлан Қариннің баспасөз мәслихатын өткізіп, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайдың президент сайлауына шейін өз рейтингін көтере алмайтындығын мәлімдегендігі хабарланыпты. Ерлан Қариннің айтуынша, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайдың рейтингі оппозиция өкілдері Болат Әбілов, Ғани Қасымов, Ораз Жандосовтардан асып тұрған жоқ.

“Новое поколение” апталығында жарық көрген Юлиана Жихорьдың мақаласында “Республикалық Ақ Орда қозғалысы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал Қайрат Сатыбалдының келешекте мемлекеттік қызметтен кетуі мүмкін екендігі хабарланыпты. Естеріңізге сала кетейін, Қайрат Сатыбалды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі болып табылады. Қайрат Сатыбалдының пікірінше Қазақстанға көп діннің қажеті жоқ. Қайрат Сатыбалды Қазақстанға христан, ислам және иудаизм діндері жеткілікті деп есептейді екен. Газет тілшісінің хабарлауынша, келесі жылдың соңында “Республикалық Ақ Орда” қоғамдық бірлестігі саяси қозғалысқа айналуды көздеп отыр.

Ал, “Литер” басылымына берген сұхбатында “Республикалық Ақ Орда” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал Қайрат Сатыбалды келешекте саяси қозғалысқа айналуды көздеп отырған жаңа ұйымның мақсатымен таныстырып өтіпті. Қайрат Сатыбалдының айтуынша, жаңа ұйымның басты мақсаты экономикасы күшті мемлекетте халықаралық және конфессиялар арасындағы тұрақтылықты сақтап қалу болып табылады. Сондай-ақ генерал Қайрат Сатыбалды “Литер” басылымына берген сұхбатында жаңа қоғамдық бірлестіктің демеушілердің қаржысы арқасында көздеген мақсаттарын жүзеге асыратындықтарына да тоқталыпты.
XS
SM
MD
LG