Accessibility links

Түркіменстанда Ниязов тағы бір министрін қызметінен босатты


Түркіменстан өзінің жоғары шенді шенеуніктері мен министрлерінің орнын жиі алмастыру ісімен де танылып отыр. Әсіресе, осы жазда бұл тұрғыда ерекше жағдайлар болды. Мәселен, екі бірдей министрдің мәселесіне тоқталсақ, олар жаңа қызметке тағайындалып, екі айдың ішінде қайта орнынан алынды. Оның біреуіне қылмыстық айыптар тағылды.

Егер Түркіменстан газеттерінің беттерінде, мемлекеттік қызметтегі бос орынға жұмысқа алу мүмкіндігі айтылса, онда былай жазылады екен:

«Қысқа мерзімді жұмысқа алынады, сенімді адамды министр қызметіне аламыз. Адал болуы қажет, бұл салада тәжірбиесі болудың қажеттілігі жоқ. Ұзақ мерзімге қызметке алынуы өзін көрсетуіне байланысты болады. Өзін көрсетуден бас тартудың соңы түрмеге жабылуға әкеледі. Ұсыныс жасап, бұл хабарландыруға жауап берген адамның қандай да бір ұзақ мерзімге жоспары болмауы керек».

Түркіменстанда, Сапармұрад Ниязов мемлекеттік қызметке тағайындаулар мен қызметінен алу сияқты барлық істі өзі шешеді. Соңғы кездері оның қызметке қоюдан да орнынан алу ісі басты назарға алынып отыр. Осы аптада үкіметке соңғы болып келіп, қызмет еткеніне бір ай ғана болған Құрылыс министрі Амангелді Режепов, жұмысындағы кемшіліктері үшін орнынан кетті.

Режепов осы айдағы аздаған уақыттың ішінде қызметінен айрылған жалғыз шенеунік емес. Тамыздың 12-сі күні, Ниязов «Түркіменнефть» мемлекеттік мұнай компаниясының басшысы әрі мемлекеттік министр болған Сапармамед Валиевті де орнынан түсірді.

Оның бұл қызметтерде істегеніне тек екі айдың жүзі ғана болған. Үкіметтің кезекті отырысында Ниязов, Валиевке өзінің көңілі толмайтындығын айтып, оған жемқорлық жасады әрі елдің мұнай байлығын ұрлады деген айып тақты.

«Заңға сәйкес, мен сенің бостандығың мен Түркіменстан батыры деген атауыңды алып тастауым керек. Бірақ, мен олай жасамаймын. Оны тергеулер шешуге мұрсат берейік. Бас прокурор, ішкі істер министрі, ұлттық қауіпсіздік министрлерінің тергеулерді аяқтауына 90 күн беріледі», - деген президент Ниязов.

Ақырында бірнеше күн өтпей-ақ, бас прокурор Гурбанбибі Атажанова зерттеу-тергеулердің қорытындысын жариялады.

«Бүгінгі күнге қарағанда, біз Валиевке тиесілі 21 үй мен 20 шетелдік көлікті тәркіледік. Біз сондай-ақ, Валиевтің жеке қорындағы сегіз сейфтен 9,5 миллион долларды тәркіледік. Сонымен қоса біз одан, 1 миллион доллар мен 560 миллион манатты, алты заңсыз қару-жарақты таптық», - деген мәлімет берді ел прокуроры.

Сол күні Ниязов Валиевті мемлекеттік сыйлықтары мен атақтарынан айырды.

Валиев «Түркіменнефть» компаниясының басшылығына оның алдында басшылықта болған Иоллы Гурбанмурадовтан кейін келді. Ол мамыр айында қызметінен алынған еді. Гурбанмурадов Ниязовтың ескі досы, ол орнынан алынбай тұрғанда Түркіменстан үкіметінде ең ұзақ жұмыс жасаған адам болған. Ол шетелдік барлау қызметтерімен байланыста болды әрі 100 миллион долларды иемденіп алған деген айыппен шілде айында 25 жылға сотталды.

Сол сияқты президент аппаратының басшысы болған Режеп Сапаров та Ниязовтың досы әрі Гурбанмурадовтың бәсекелесі болған. Сапаров шілде айында қызметінен алынды. Түркіменстан газеттерінің ол туралы хабарларында, Сапаров өзінің пара алғанын, мемлекеттік меншікті иемденгенін, заңсыз қару мен жарылғыш зат ұстағанын және өз қызметін шектен тыс пайдаланғанын мойындағаны айтылған. Ол 20 жылға түрмеге жабылды.

Ал, Түркіменстан орталық банкінің басшысы болған, бүгінде қуғындағы оппозиция өкілі Құдайберді Оразов, президент Ниязовтың соңғы кездегі шенеуніктерді қызметтен алу әрекеттері, президенттің мемлекет ақшасын ұрлағаны туралы білетін адамдардың аузын жабу үшін жасалып отыр дейді.

«Ниязов өзінің ақша ұрлаған және қаржылық қылмыстары туралы білетін адамдарды құртқысы келеді. Ниязовты оның қылмыстарын білетіндер еркіндікте жүре алмайды, олар түрмеде отырып өлуі керек. Бұл менің пікірім», - дейді оппозиция өкілі Оразов.

Осыған дейін Түркіменстан билігінің жоғарғы шенді өкілі болған, өз атын жасырған бір азаматтың «Азаттық» радиосына айтқан сөзіне қарағанда, Ниязовтың көптеген шенеунікті қызметінен алғанына себеп - олардың елде қарсылық шараларын өткізуді қаржыландыра алатындай ақшасы бар екені. Ақпарат бұлақтарының айтуынша, Ниязов бүгінде халықаралық қауымдастық сынап отырған мамыр айында Өзбекстанның Әндіжан қаласында болған оқиғаларға ұқсас наразылықтар өз елінде бола ма деп қорқады.

Қызметтен алып, түрмеге жабу сияқты Гурбанмурадов пен Сапаровтың жағдайларының ерекшелігі, ол екеуі де президентке жақын әрі президенттің орнын басатындай адамдар болған. Алайда, жоғарыда айтылған мәселе олардың орнынан ерте кетуіне әкеліп отыр.

Соғыс және бейбітшілік институтының деректеріне қарағанда, Түркіменстан тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері 120 министр қызметтен алынып, 40-тан аса аймақтық әкімдер орнынан кеткен. Сөйтіп, Түркіменстанда қызметтен алу әрекеті әдетті жағдайға айналып, ел арасында бұл туралы қалжың да пайда болыпты. Халық ішінде «совет одағы кезінде, министр болу үшін пара төлейтін болсаң, енді қазір министр қызметіне қоймау үшін пара беретін болдық» деген келемеж айтылады екен.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG