Accessibility links

Ирақ: Қарама-қайшылықтардың қалуына қарамастан Конституция жобасы мақұлданды


С.Хусеин режимінің құлауынан кейінгі Ирақтың бірінші Конституциясын дайындау процесі, ұзаққа созылған үдеріс аяқталды. Бастапқыда 15 тамызға қарай дайын болуға тиісті құжат 2 аптаға кешіктіріліп, осы жексенбі күні Ирақ парламентінің назарына ұсынылды. Алайда, шйит және күрд депутаттары басым Ұлттық Ассамблеяға ұсынылған Ата заң жобасына конституция жобасын дайындауға және талқылауға қатысқан сүннит лидерлері қарсы шығып, оны қазан айының қақ ортасына белгілеген референдумда өткізбеуге, яғни жаңа Конституцияны қабылдаттырмауға тырысып бағатындарын мәлімдеді. Сүннит лидерлері Ата заң жобасында өздерінің талап-шарттары ескерілмеді деп мәлімдеп отыр.

Жексенбі күні Конституция жобасын дайындаған конституциялық комиссияның төрағасы, шийт арабтарының өкілі Хумам Хаммуди мақұлданған жобаны Ирақтың Ұлттық Ассамблеясы – парламенттің назарына ұсынған кезде оптимизмге толы пікірін білдірді.

“Менің пікірімше және конституциялық комиссияның көпшілік мүшелерінің ойынша, бұл Конституция - осы саладағы мейлінше жетілдірілген құжат, Ирақ халқы үшін өте тиімді құжат болып табылады”, - деді Х.ХАММУДИ.

Ирақтың Ұлттық Ассамблеясы Ата заң жобасымен жексенбі күні танысты, бірақ оны не қабылдау не қабылдамау мәселесін дауысқа салған жоқ. Ирақтың өтпелі кезеңдегі әкімшілік-басқару құқы Ұлттық Ассамблеяға немесе Ирақ парламентіне Ата заң жобасын қарауға құзыр береді, бірақ оны парламенттің не мақұлдауын, не кейін қайтаруын қажет етпейді. Басқаша айтқанда, Ирақтың өтпелі кезеңдегі парламентінің жаңа Ата заңды қабылдайтын құзыры жоқ. Ал референдум 15-інші қазанға тағайындалып отыр. Осы күні күрдтердің ішінен сайланған Ирақ президенті Жалал Талабани ішкі наразылықтың болуына қарамастан, Ирақ халқының референдумда Конституцияны қолдап дауыс беретініне үлкен үміт артатынын жасырмады.

“Біз бүкіл Ирақ халқы әрбір Ирақ азаматына қажетті бұл Конституцияны қолдап дауыс береді деген үміттеміз”, - деп мәлімдеді Ирақтың уақытша президенті.

Ирақ билігі жағынан осындай оптимистік пікірлердің айтылып жатуына қарамастан, жаңа Ата заң жобасының болашақ тағдыры бұлыңғыр көрінеді. Ең басты проблема - сүннит арабтарының бұл жобаны қолдамауы болып отыр. Сондықтан да олар дүйсенбі күні Конституция жобасының мақұлдануын өзге ұлт өкілдерімен тойлауға қатыспады. Ата заңның референдумда қабылданбауы да әбден мүмкін, яғни олай болған жағдайда, Ирақта демократиялық қоғам орнатудың кестесін бұзып, Вашингтонның барлық жоспарын жоққа шығарады. Бұл кестеге сәйкес, Ирақ бірінші конституциялық билігін осы жылдың соңында сайлауға тиіс және бұл сайлау елдегі бүліктің ауқымын тарылтады деп жоспарланып отыр. Соған байланысты осы дүйсенбі күні АҚШ-тың Ирақтағы елшісі Залмай Халилзад: “Конституцияның жобасы өзінің мұң-мүддесін қанағаттандыра ма, жоқ па – оны шешу Ирақ халқының өз қолында”, деп атап көрсетті.

“Бұл – уәжге келуге болатындай мәселе. Конституция баршаның құқын қорғай ма? Бұл – осы күні-ақ жұмыс істей бастаған билік жүйесін қалыптастыра ма? Оны олардың (яғни, сайлаушылардың. САҚ) өздері шешуге тиіс. Бұл құжатта – билікті шектен тыс пайдалануға жол бермейтін, қайсыбір партияның немесе топтың басқа партияның немесе топтың үстінен үстемдік етуіне мүмкіндік бермейтіндей билік тармақтарының тепе-теңдігі мен шектеулері жеткілікті түрде қарастырылған”, - деді З.ХАЛИЛЗАД.

Өткен жексенбі күні АҚШ президенті Дж.Буш та сүнниттердің жаңа Конституцияға қарсы шығуға құқы бар екенін мойындады. Сонымен бірге ол Ирақ халқын референдумда жаңа Ата заңды қолдап дауыс беруге шақырды. “Әлбетте, қарсы пікірлер бар. Олар (яғни, сүннитер. САҚ.) оған құқылы”, деп атап көрсетті Дж.Буш.

“Аталған ерекше Конституция бойынша Ирақ халқының ішінде қарама-қайшы пікірлер баршылық. Пікірталас, әрине, бар. Біз бақылап отырмыз: Ирақта саяси үдеріс – қоғамда дүниеге келген Конституция бойынша “мынау болсын, ал мынау болмауға тиіс” дегендейін қызу пікірталас пен уәжге келген үдеріс етек жайып келеді”, - деді АҚШ президенті Дж.БУШ.

Жаңа Конституцияның жобасын парламент назарына ұсынудың қарсаңында бірнеше сағат бойы өз арасындағы қарама-қайшылықтарды шешу үшін сүнниттер мен шийт лидерлері өзара қиын да күрделі келіссөз өткізді. Ата заң жобасының жексенбі күні мақұлданған жобасында сол келіссөздің бірқатар нәтижесі көрініс тапты. Жобада Ирақ халқына федералдық облыс-аймақтар құру құқы беріледі және осы күннің өзінде айтарлықтай автономиялық құзыры бар Күрдістан автономиясы мойындалады. Бірақ, федерациялық құрылымның механизмдерін айқындап белгілеу жауапкершілігін келесі парламенттің құзырына қалдырады. Жаңа парламент желтоқсан айының ортасында сайлануға тиіс. Конституция жобасына бұл бап – шийт арабтарының да автономиясын құруға сүннитердің табанды түрде қарсы шығуынан соң енгізілді. Сүннит лидерлерінің пікірінше, Ирақта күрдтер мен шийттердің автономиясын құру елді бытыратып таратуы мүмкін еді. Конституция жобасындағы сүннитердің наразылығын туғызған “Баас партиясына тыйым салу туралы” тағы бір бабына осы дүйсенбіде қайта оралатын сияқты. С.Хусеиннің билігі тұсында сүнниттердің Баас партиясы толық үстемдік етіп келді. Жобаның жаңа редакциясында “Баас партиясына тыйым салынады” деген сөздің орнына “Саддам Хусеиннің Баас партиясы мен оның рәміздеріне тыйым салынады” деген тіркестің жазылуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG