Accessibility links

Қазақстанның төтенше жағдай жөніндегі вице-министрі Б.Қуандықовтың үстінен қылмыстық іс қозғалды


Қызылорда облыстық прокуратурасы облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, ал қазірде Қазақстанның төтенше жағдай жөніндегі вице-министрі Болатбек Қуандықовтың үстінен қылмыстық іс қозғады. Лауазымды шенеунікке Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 307-бабының 3-бөлігі бойынша “жауапты лауазым иесінің қызмет бабын теріс пайдалануы” деген айып тағылып отыр.

Бұл туралы “Азаттық” радиосына бейсенбі күні Қызылорда облысының прокуроры Зарлық Лақбаев мырза мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл іс 2002 жылы Қызылорда облысында Серікбай Нұрғисаев әкім болып тұрған уақытта орын алған оқиға бойынша қозғалыпты.

«Сол уақытта облыс әкімінің орынбасары болған Болатбек Қуандықов Қызылорда қаласындағы “Сырдария” қонақ үйін заңсыз 8 млн теңгеге сатуға қатысқан. Сол арқылы оның қазіргі уақытта мемлекет қазынасына 29 млн теңгеден астам зиян келтіргендігі анықталып отыр. Бұдан біраз уақыт бұрын облыстық прокуратура Қызылорда облыстық коммуналдық мүлік және жекешелендіру басқармасының бұрынғы бастығы Әбеновке ҚР Қылмыстық істер кодексінің 308-бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын. Қаржы полициясы Әбеновті тергеу барысында бұрынғы әкім орынбасары, қазіргі төтенше жағдайлар жөніндегі министрдің орынбасары Болатбек Қуандықовтың қатысы бар екендігін анықтады. Облыстық прокуратура оған ҚР Қылмыстық істер кодексінің 307-бабының 3-бөлігіне сәйкес “жауапты лауазым иесінің қызмет бабын ауыр зардаптарға әкеліп соқтыратын жайларға пайдалану” деген айып тағып отыр», - деді прокурор Зарлық Лақбаев.

Оның айтуынша, Болатбек Қуандықов «37 млн 351 мың теңге тұратын “Сырдария” қонақ үйін 8 млн теңгеге қонақ үй бизнесі саласында бұрын-соңды жұмыс істемеген “МД-Сервис” деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сатып, мемлекет қазынасына зиян келтірген». Ал заң орындары айып тағып отырған Болатбек Қуандықов мырза дәл қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар жөніндегі министрдің орынбасары қызметінде отыр. Прокурор Зарлық Лақбаев:

«Біз оған заң арқылы айып таққаннан кейін, тиісті орындар қылмыстық іс қозғағаны жөнінде құжаттарды жібереді», - дейді.

«Азаттық» тілшісі осы мәселеге байланысты Қазақстан төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Болатбек Қуандықовпен тілдесуге тырысқанымен, бейсенбі күні лауазым иесі журналистпен тілдесуге ықылас танытпады.

«Бұл бүгінгі жүйенің коррупцияға батқандығының көрінісі. Дегенмен, қазіргі уақытта сәл де болса бір жауапкершілік пайда болғандай. Кез-келген уақытта мұндай істердің ашылғаны жақсы. Бұл кейінгілерге үлгі болады. Өйткені, бүгінгі отырған әкімге оның орынбасарына сабақ», - дейді, Қазақстандағы коррупция тақырыбын зерттеп жүрген қызылордалық журналист Өмірзақ Асанов. Сондықтан оның пікірінше, кез-келген уақытта прокуратура маңызды құжатты тексеріп отырулары керек.
XS
SM
MD
LG