Accessibility links

Қытайда Тибет автономиясының 40 жылдығы мерекеленді


Бейсенбі күні Қытайда Тибет автономиясының 40 жылдығы кеңінен аталып өтіліп, Гималай аймағының экономикасын көтеру сөз болса, Тибет белсенділері Бейжіннің осы аймақтағы қатаң саясатын сынға алды. Тибетті Қытайдың коммунистік әскері 1950 жылы басып алған болатын, содан 15 жыл өткеннен кейін Тибет Қытайдың автономиялық облысы деген мәртебеге ие болды.

Тибеттің Қытайдың автономиялы бір облысы болғанының 40 жылдығын атап өтуге арналған аймақтық астана Лхасадағы көпшілік шеруіне мыңдаған адам қатысты. Қызылды-жасылды киінген ерлер мен әйелдер аймақтың елден қуылған діни көсемі Далай Ламаның бұрынғы үйінің жанында би билеп, ән айтып жүрсе, көлемді келген Қытай жалауын көтеріп алған әскерлер шеру жасап өтті. Тибет - жер әлемнің төбесі деген атауға ие, үлкен аймақ және онда тұрғындар шашырай жайылып орналасқан. Бұл Қытайдың ұлттық азшылықтар мекендейтін бес автономиялы облысының біреуі болып табылады. Адам хұқтары топтары болса мұнда адам хұқтары аяққа тапталып жатыр және бұл өлкені автономиялық аймақ деуге келмейді деген пікірлер айтуда.

Лондонда орын тепкен «Азат Тибет үшін» қозғалысының директоры Элисон Рейнолдс өз сөзінде 40 жылдықтың бұлайша кеңінен мерекеленуі - Қытай үшін басты алғанда Тибет автономиямыз деген ұғымды жарнамалаудың әдісі деуге болады дейді:

«Қытай бұл мерекелеуді Тибет аймағы өз автономиясы болғандықтан, біздің басқаруымыз арқасында қандай жеңілдіктерге ие болып отыр дегенді көрсету үшін өткізіп жатыр. Сөйтіп, Қытай Тибетті жақсы автономия болып отыр дегенді дәлелдегісі келеді».

Бейсенбі күнгі Тибет автономиясының 40 жылдығын мерекелеу шараларына Қытай үкіметінің 52 адамдық делегациясы қатысты. Делегацияны Қытай Коммунистік партиясындағы иерархия бойынша төртінші адам болып саналатын Шиа Чинглин басқарып келген болатын. Ол өз сөзінде Тибетте соңғы онжылдықтарда керемет өзгерістер болды, аймақта әлеуметтік және қауіпсіздік тұрақтылық орнады, бұл - Қытайдың жікшіл белсенділерді басып-жаншуының арқасында деп, атап көрсетті. Осылайша Қытай Бейжіннің басқаруы нәтижесінде Тибет гүлденіп, дамып келеді дегенді мәлімдейді. Алайда Элисон Бейжіннің аймақты дамыту жоспарынан тек қана санаулы тибеттік пайда көріп отыр дейді:

«Тибетке өте кең ауқымды инвестиция келіп жатқанға ұқсаса да, тибеттіктердің басым көпшілігі одан экономикалық тиімділік көріп отырған жоқ. Олар мүлде басқа түрдегі дамуды қажет етеді. Олардың инвестиция түрінде алып жатқандары аймаққа хансулардың көптеп келіп қоныстануы және келешекте өз діндері мен мәдениеттеріне деген қысымның ұлғаюы».

Қытай қазір Тибетпен байланыстыратын 2 мың шақырымдық теміржол салып жатыр. Теміржол Тибеттің Қытай экономикасына араласуына мүмкіндік береді дейді Қытай. «Тибет үшін» деп аталатын халықаралық қауымдастықтың Амстердамдағы кеңсесінің атқарушы директоры Церинг Жампа бұл қадамдар арқылы Қытай өзінің Тибеттегі қатаң саясатын жалғастыратындығын көрсетіп отыр дейді:

«Бұлардың бәрі де Тибеттің мәдениеті мен дініне қарсы қатаң саясаттың күшейе түсетінін көрсетеді. Мұның өзі болашақта тибеттіктердің Қытайдың экономикасы мен мәдениетіне кірігіп кетуі мүмкін екендігін байқатады».

Қытайдың басқаруына қарсы күресі нәтижесіз аяқталған соң, 1959 жылы Үндістанға өтіп кеткен Далай Лама өз Отаны -Тибеттің шын мәніндегі автономия болғанын қалайтынын айтып, Тибеттің тәуелсіз ел болғанын көргісі келеді деген Қытай тарапының өзіне таққан айыбын негізсіз дейді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG