«Қазақстандағы ұлтшыл-патриоттық қозғалыстар президент Назарбаев тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда қозғамауға тырысқан мәселелерді көтеріп жатыр. Сондықтан, Н.Назарбаев дәл қазіргі Қазақстанның жағдайында ұлтаралық қатынастар мәселесін тіл арқылы көтерудің қауіпті екендігін де жақсы түсінеді. Өйткені, мемлекет басшысы алдағы сайлауда орыс халқының да қолдауына ие болғысы келеді. Қазақстанда сандық жағынан басым түсетін орыс тілді қауымның қолдауына ие болғысы келгендіктен, оларды тыныштандыру үшін мемлекет басшысы осындай мағынадағы мәлімдеме жасап отыр”, - дейді Досым Сәтпаев.
Қыркүйектің 2-күні мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Түркістанда зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде айтқан сөзі шетелде және Қазақстанда тұратын зиялы қауым өкілдерінің арасында да түрлі пікір туғызды. Сенбі күні «Азаттық» радиосына Берлин қаласынан телефон шалған Тілеухан Бейболат Германияда тіл білмеген азаматтың жұмысқа орналаса алмайтындығын айтып, Қазақстанның да сондай қадамдарға баруы керек деген ойын білдірді. Ал Қазақстандық ғалым, әзірбайжан ұлтының өкілі Асылы Әли Османқызы сенбі күні «Азаттық» радиосына сұхбатында, мемлекет басшысын қолдайтындығын, алайда оның осы жолы Түркістанда айтқан пікірімен келіспейтінін білдірді.
«Біз басқа халықтарға өз ана тілдеріңізде сөйлемеңіздер деп жатқан жоқпыз. Алайда, бұл жердің тарихи мұрагері қазақтар болғандықтан, сол елдің тіліне басымдылық беру керек», - дейді ол.
Саясаткер Жақсыбай Бәзілбаев болса Президенттің тілге қатысты ұстамды саясат ұстанайық деген сөзінің жаны бар деп санайды.
«Себебі, дәл қазіргі уақытта тіл мәселесін қозғай беру - геосаяси ахуал үшін де аса қауіпті екендігін ескеру керек», - дейді Жақсыбай Бәзілбаев.
Қазақстандық кейбір сарапшылар болса, республикадағы мемлекеттік тілдің әлі талай жылдары бойы саяси ойынның құралына айналатындығын айтып отыр.