Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.08.2005 жыл


Бейсенбі күнгі жарық көрген басылымдарда, Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткерлерді тіркеудің басталғандығы хабарланып, қазіргі уақыттағы болып жатқан саяси оқиғаларға байланысты мақалалар жарық көріпті. Ұлыбританияның біріккен корольдігі мен Солтүстік Ирландияның төтенше әрі өкілетті елшісі Джеймс Шарп - Еуропа Одағының Қазақстандағы демократия мәселесіне қатты алаңдаушылық танытып отырғандығын мәлімдепті.

“Айқын” басылымының бейсенбі күнгі санында қыркүйектің 8-күні Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткерлерді тіркеудің басталғандығы хабарланып, сайлау туралы айтыстың тым ұзаққа созылғандығы сөз болыпты. Сондай-ақ “Айқын” басылымында “биылғы президенттік сайлаудың қандай ерекшеліктері болуы мүмкін?” деген сауал қойылып, осы мәселеге байланысты саясаткерлердің ой-пікірлері беріліпті. Қазақстан Патриоттар партиясы төрағасының орынбасары Айтқали Есенқұлов газет тілшісіне берген сұхбатында, Мемлекет басшысының саяси реформаларға қадам жасағандығын айтып, мұның өзінің сайлаудың алдында Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен имидж береді деген ойын білдіріпті. Қазақстан Азаматтық партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Азат Перуашов болса, “Айқын” басылымы арқылы бұл сайлауда қазіргі Президентке қарсылас бола алатын тұлғаның табылмай тұрғандығын сөз қылыпты.

Ұлыбританияның біріккен корольдігі мен Солтүстік Ирландияның төтенше әрі өкілетті елшісі Джеймс Шарп “Время” газетінің тілшісі Вадим Борейкоға берген сұхбатында, Еуропа Одағының Қазақстандағы демократия мәселесіне қатты алаңдаушылық танытып отырғандығын хабарлапты. Өз сөзінде Джеймс Шарп Қазақстанда алдағы президент сайлауының әділетті өтетіндігіне сенім білдіріпті. Газет тілшісі Вадим Борейконың “Қазақстанда түрлі-түсті төңкерістердің орын алуы мүмкін ба?” деген сауалына Ұлыбританияның біріккен корольдігі мен Солтүстік Ирландияның төтенше әрі өкілетті елшісі Джеймс Шарп – Қырғызстандағы жағдайдың өзіне біз көрегенділік жасай алмағандықтан, мен бұл туралы ештеңе айта алмаймын. Егер де Қазақстандағы президент сайлауы әділ өтсе, түрлі-түсті төңкеріс мәселесі күн тәртібінен өздігінен түсіп қалады, - деп, жауап қайтарыпты.

“Свобода слова” басылымының кезекті санында, бейресми ақпарат көздерінен Қазақстандағы оппозициялық күштердің атынан алдағы президенттік сайлауда бағын сынағалы отырған Жармахан Тұяқбайға қарсы қастандық әрекеттерінің ұйымдастырылып жатқандығы туралы мәліметтің белгілі болғандығы хабарланыпты. “Әділетті Қазақстан” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбай осы мәселеге байланысты газет тілшісіне берген түсініктемесінде, Өскемен, Шымкент және Атырау облыстарындағы өзіне қарсы ұйымдастырылған қастандық әрекеттерінен кейін, мұндай келеңсіздіктің орын алуы мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайтындығын тілге тиек етіпті. Жармахан Тұяқбайдың айтуынша, қазіргі уақытта ресми билік оппозицияға қарсы қылмыстық топтарды да іске қосуды көздеп отыр. Өз сөзінде Жармахан Тұяқбай құқық қорғау орындары саласында көптеген достарының бар екендігін айта келіп, расында да олардан жоғарғы кабинеттерде өзіне қарсы қастандық әрекеттерін ұйымдастыру әрекетінің жоспарланып жатқандығы туралы мағұлұмат алғандығынан мәлімдепті.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығында жарық көрген саясаткер Әміржан Қосановтың мақаласында Жармахан Тұяқбайға қарсы қастандық әрекеттерінің ұйымдастырылып жатқандығы туралы бейресми ақпарат көздерінен алынған деректің шын болуы мүмкін екендігі баяндалыпты. Осыған орай саясаткер Әміржан Қосанов 1998 жылдың қазанында экс-премьер Әкежан Қажыгелдин президент сайлауына қатысуға ниет білдіргенде, “Панфилов” совхозында оған қастандық жасалынып, оқ атылғандығын мысалға келтіріпті. Әміржан Қосановтың айтуынша Жармахан Тұяқбайдың арқасында Қазақстандағы оппозиция бірігіп, билікке қарсы күшке айнала білді.

“Жас Алаш” басылымы болса, АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтонның Қазақстандығы оппозициялық күштердің жетекшісі Жармахан Тұяқбаймен кездескендігіне айрықша назар аударыпты. Мақала авторының айтуынша, Билл Клинтон мен Жармахан Тұяқбайдың бір сағаттық кездесуі барысында Қазақстандағы қазіргі саяси ахуал, демократия мен адам құқықтары мәселесі жан-жақты сөз болыпты. Кездесу барысында Қазақстандағы президенттік сайлауды әділ өткізудің жайы кеңінен талқыланыпты.
XS
SM
MD
LG