Accessibility links

11-қыркүйектегі террорлық шабуылға төрт жыл: баласынан айырылған әке қайғысы ортаяр ма?


Талай адамға қан жұтқызып, қайғы құшақтатып кеткен 11 қыркүйек оқиғасынан бері төрт жыл өтсе де, Херб Қуиданың жанын жеген қасірет азаяр емес. Бүкіләлемдік сауда үйінде баласы Тоддтан айырылған сол бір қаралы күнді еске алып, ол туралы айтқанда Хербтің даусы дірілдеп, үні жыламсырап шығады.

Сол күні таңертеңгілік әкелі-балалы екеуі де әлемдік сауда үйінің солтүстік мұнарасында жұмыс орындарында болған еді. Хербтің өзі 77-қабатта, ал ұлы Тодд 105-қабатта жұмыс істеп жатқан. Алғашқы жолаушы ұшағы мұнараға келіп соғылғанда Херб әупірім тәңірмен далаға шығып үлгеріпті, бірақ Тодд болса іште қалып қойған еді. Сол сәтте Херб баласы Тоддпен таңертеңгілік жұмысқа бірге келген бұл ең соңғы күн екенін білген де жоқ. Оның өткен шақпен мүлде сөйлегісі де келмейді. Тоддтың бала кезінде әкесі оны талай қауіп-қатерден алып қалған, тіпті ауырған кездерінде үш жыл бойына ұлымен бірге мектептің емханасына барып жүрген кездері де болған.

Хербтің шыққан тегі араб, ол өзінің бұрынғы жұмысына қайта кіріскен, қазір ол Әлемдік сауда орталығы қауымдастығының Тодд Қуида атындағы балалар қорының вице-президенті. Қор арқылы ол бір жағынан 11 қыркүйекте құрбан болған баласын мәңгілік есте қалдырғысы келсе, екінші жағынан қыркүйек трагедиясына тап болған кедей отбасыларынан шыққан балаларға осы бір қасірет зардаптарын жоюға қаржылық жағынан көмектескісі келеді.

11 қыркүйек деп аталатын, үш тараудан тұратын әңгімеміздің бұл екінші бөлігінде біздің тілшіміз Николай Крастев Херб Қуидаға сауалдар қойып, сөзге тарту арқылы әйелі екеуінің осы бір қайғы азабын жеңілдетуге тырысқан.

«Бұл өміріңіздің қалған күнін ғана кешіп жатқан сияқты бір жайт, әркім-ақ біледі, ата-ана үшін дүниеде баласынан айырылудан асқан қайғы-қасірет жоқ. Және біз үшін 11 қыркүйекті еске алатын әр жыл жақындаған сайын тіпті қиын. Менің әйелім көбіне өзімен-өзі болып, іштен тынады, ол тамыз айының ортасынан осындай күйзелу жағдайында. Ол бұл арқылы өзін-өзі қорғаймын деп ойлайды. Десек те, біз білеміз, немерелермен және басқа балалармен бірге болу, өмір сүрудің бір амалы, жараның ептеп жазылуы. Біз кішкентай қорымыз арқылы басқаларға көмектесіп, әлемді жақсартуға тырысамыз. Бізге қажеті осы. Біз қаратүнекке лағнет айтып, жарық сыйлағымыз келеді, біз өз басымыздан өткен оқиғаларды айтсақ, адамдар бізге әрдайым рахмет айтады, алғыс жаудырады, мен ондайда оларға, жақсы, біздің қордың сіздерді рухтандыратын көз болуына рұхсат етіңіздер деймін», - дейді Херб Қуида.

Мұнан әрі біздің тілшіміз Херб Қуидаға «11 қыркүйек шабуылы американдықтардың санасына, психикасына қандай жолмен әсер етті деп ойлайсыз?» деген сұрақ қойған еді.

- Менің білуімде арабтар және Таяу шығыстың адамдары өзгерді және мен ойлаймын, дұрысталу үшін ұзақ мерзім керек. Мұсылмандар үшін - менің әкем ливандық болған - ислам дініндегілер үшін бұл өте қорқынышты жайт, бұл дінде миллиардаттаған адам бар. Екіншіден, біздің еркіндігіміз азайды. АҚШ-тың Патриоттық заңы бізді көп жағынан шектеп тастады және көп бостандығымызды алып қойды. Адамдар қазір көп нәрседен қорқады. Мен Тодд атындағы қорға қолдау танытуға барғанымда оларға мен сіздерге өз тағдырларыңызды қолға алуға мүмкіндік беремін. Жақсы бір нәрсе жасаңыздар, теріс қарап, қол қусырып отырып алып, өмір неткен жаман еді деп отыра бермеңіздер дедім.

- Херб, төрт жыл өткеннен кейін сол бір күннен есіңізде не қалды?

- Тодд екеуміз күндегі әдетімізбен жұмысқа бірге шықтық, екеуміз вокзалға келген кезде мен оған: "Жолдың ендігі қалған бөлігін пароммен жүріп өтемін" дедім, ол маған: "Жоқ, папа, мен поезбен барамын" деді. Одан соң мен оған: "Қайырлы күн болсын, қымбаттым" деген тілек айттым. Бұл менің Тоддқа айтқан ең соңғы сөздерім екен. Мен - біздің отбасымызда Тоддпен бірге болған және оны ең соңғы болып көрген адам болып қалдым. Ол ұшақ келіп, сауда үйінің мұнарасына соғылғаннан кейін шешесіне телефон соғыпты, ғимарат шайқалған кезде ол алдымен анасы туралы ойлаған. "Мама, Сауда орталығында бір жарылыс болды, сіз алаңдамаңыз, мен баспалдақпен кетіп бара жатырмын" деп айтқан. Ол осылайша жарылыс болған сәттегі дүрбелеңде сасқалақтамай, салмақтылық танытқан және анасы, әкең қалай деп сұрағанда, мен онымен қазір ғана сөйлестім, ол аман, жақсы деп жауап берген. Бұл өтірік еді, бірақ ол анасын мазасыдандырмайын деп осылай деген. Мен болған қабатта шыны сөре жарылды, мен баспалдақпен төмен қарай жүгірдім. Менің бойымды қорқыныш биледі, бірақ басқа адамдардың, өрт сөндірушілердің батыл қимылдарын көрдім. Мен бір сағаттан кейін Сауда үйінің сыртында тұрып, артыма қарай бердім, әне-міне Тоддты көріп қаламын деп, ол менен бар болғаны 28 қабат қана жоғары болды, ол шығады деген үмітім үзілмеген еді.

Осылайша сол бір қайғы-қасірет әкелген күннің әрбір сәтін еске ала отырып, Херб Қуида біздің тілшімізге сауда орталығының қалай жанып, қалай құлағанын көргенде менің әйелім баламды аман көремін деген үмітін бірден жоғалтыпты, ал мен болсам талай күн үміттеніп жүрдім, суретін алып ауруханаларға бардым, сұрастырдым, бірақ одан еш хабар болмады. Мен тіпті оның мәйітінің қалдықтарын да көрген жоқпын, дейді Херб Қуида.
XS
SM
MD
LG