Accessibility links

Қазақстан президенті Н.Назарбаев: «Қазақстан заңдары бойынша, шетелдік ұйымдар елдің саясатына араласуға, саяси партияларды қаржыландыруға құқы жоқ»


Қыркүйектің 12-інде Астанада мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы әріптестік қатынастардың жаңа үлгісін жолға қоюға арналған ІІ Азаматтық форумда сөз сөйлеген президент Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың Қазақстан заңдарын орындауын қатаң қадағалап отырамыз, деген тұрғыда мәлімдеме жасады. «Қазақстан заңдары бойынша, шетелдік ұйымдар елдің ішкі саясатына араласуға, саяси партияларды қаржыландыруға құқы жоқ, әсіресе сайлау науқаны кезінде», деді ол. Қайсібір сарапшылар бұл сөздің астарында не жатқаны белгілі дейді.

Бұл форумда көптеген мәселе көтерілді. Бірақ, екі нәрсеге ерекше көңіл бөлген жөн, дейді сарапшылар. Бұл кездесуде президент алдағы уақытта жасалатын шараларды айтып, әр салаға қанша қаражат бөлінетіндігін жеткізді. 2011 жылдан бастап үкіметтік емес ұйымдарына бөлінетін қаражат 1 миллиард теңгеге жетеді, деді президент. Назарбаевтың сөзінше, соңғы екі жылда әлеуметтік салада жұмыс істейтін ұйымдарға 170 миллион теңге берілген. Қайсібір бақылаушылар президент форумды пайдаланып, кезекті рет президенттік сайлау қарсаңында өз жұмысын насихаттап алды деген пікірде. Саясаткер Дос Көшімнің айтуынша, сайлауға байланысты насихат туралы заңда нақты айтылмаған жайттар бар:

«Сайлауға байланысты өзінің қызметін пайдаланбау керек деген баптар бар. Бірақ, оның ара жігі айтылмаған. Президент алда болатын жақсылықтарды айтса сайлау алдындағы адамдар дауысын тартып алу үшін айтылды ма жоқ па деп, нақты айтылмаған заңда».

Ал, Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Эрнест Төрехановтың айтуынша, үкіметтік емес ұйымдарға бөлінетін ақша бюджетте ескерілгені жөн:

«90 жылдары мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Оны үкімет елеген жоқ. Өздерінің қарны тоқ болған соң елдің де қарны тоқ деп ойлады. Біз солардың біріміз. Өмірдің бар саласын үкімет қамту мүмкін емес. Бірақ, үкіметтік емес ұйымдарға бөлінетін қаражат бюджетте бөліну керек. Ал, қазір жүйе жоқ берем десе береді бермеймін десе бермейді».

Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Есетжан Қосыбаев, мемлекет үкіметтік емес ұйымдарға қаржымен көмектесуге дайын дейді. Оның айтуынша, көп жағдайда үкіметтік емес ұйымдар қысқа мерзімді жобаларды жүзеге асырады. Бюджеттен бөлінген қаржы немесе грант көлеміне байланысты бұл жобалар көп жағдайда әрі кетсе 1 жылға ескерілген, дейді ол.

Президент Назарбаевтің айтуынша, мемлекеттік тапсырыс жүйесі үшінші сектордың дамуына жақсы орта жасайды. Ал, Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Эрнест Төрехановтың айтуынша, үкіметтік емес ұйымдарға жеке заң керек:

«Мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңға бізді кіргізді. Мен, мысалы, тілді дамытамын, оны олар қалай бағалайды. Бізге арнайы заң керек. 5 мың ұйымның бір бірін қайталағанын есептемегенде мың жарымы мың жарым бағытты алып отырған жайы бар».

Форумда айтылған екінші маңызды нәрсе президенттің шетелдік ұйымдарға жасаған ескертуі болды, дейді бақылаушылар. Форумда сөз сөйлеген президент Назарбаев шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың Қазақстан заңдарын орындауын қатаң қадағалап отырамыз деген мәлімдеме жасады. Оның сыртында шетелдік ұйымдар құнды қағаздардың 20 пайызынан басқа, бұқаралық ақпарат құралдарын ұстауға құқылары жоқ, деді ол. Президент Назарбаев көрші елдерде үкіметтік емес ақша салып қоғамды шайқалтты. Ол елдерде не болғанын сіздер менен жақсы білесіздер, деді. Саясаткер Дос Көшімнің айтуынша заңды орындаған дұрыс. Бірақ, шетелдік ұйымдар ішкі саясатты өзгертіп жатқан жоқ және басқа елдерде шетелдің ұйымдардың азаматтарды алаңға шығару үшін ақша бергенін көрген емеспін дейді:

«Біз ішкі ісімізге қол сұқтырмауымыз керек. Дегенмен шетелдік қорлардың барлық елдерде жасап жатқан жұмысына біздің қарсы болуымыз ыңғайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін. Грузияда, Қырғызстанда, Украинда болдық, бақыладық. Мен өзім шет елдік ақша азаматтарды алаңға шығарғанын көзіммен көрген емеспін».

Ал, Азаматтық форумға қатысушылар билік пен үкіметтік емес секторының қарым-қатынасын жақсарту жөніндегі бірнеше ұсыныс жасады. Барлық ұсыныстар жалпыланып, министрліктер мен мекемелердің қарауына беріледі.
XS
SM
MD
LG