Accessibility links

Қазақстанда тіпті жергілікті тұрғындар көп болғандығына қарамастан, іс қағаздары мемлекеттік тілге әлі толық көшпей отыр


Қайсібір сарапшылардың пікірінше, Қазақстаннан өзге елдерде мемлекеттік тілге деген немқұрайлы қатынас ел саясатына жасалған опасыздық сияқты бағаланады. Ал, Қазақстанда тіпті жергілікті тұрғындар көп болғандығына қарамастан, іс қағаздары мемлекеттік тілге әлі толық көшпей отыр, деген пікір бар. Әзірге мемлекеттік тілді насихаттау үшін әр түрлі байқаулар өткізілуде.

2008 жылға дейін Қазақстанда барлық облыстар іс қағаздарын мемлекеттік тілде толтыруға көшуге тиіс. Осы мақсатқа жету үшін, ақпарат министрлігінің тіл комитеті бірнеше шаралар ұйымдастырған. Ал, өзге ұлттар арасында қазақ тілін насихаттау үшін Астанада «Ана тіл» деген байқау ұйымдастырылды.

Байқауға Қазақстанның барлық облыстарынан адамар шақырылған. Осындай қатысушылардың бірі Юлия Головнева өзін өзі өлеңмен таныстырды:

- Ұрпаққа білім нұрын таратамын Би билеп, ән айтқанды ұнатамын Қазақта нар тәуекел деген сөз бар Өнерімді халыққа сынатамын.

Шара ұйымдастырушыларының бірі Ақпарат министрлігінің тіл комитеті бөлімінің бастығы Спабек Айтбозымовтың айтуынша, байқаудың негізгі мақсаты насихат:

«Өзге ұлт өкілдері ішінде насихат, ынталандыру, қызығушылық тудыру. Қазір бірнеше министірлікте мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізе алатын мамандардың еңбекақысына 15-20 пайыз қосылады».

Бұған дейін өткізілген байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінде істейтін аудармашылар қатысқан. Осындай байқаудың жеңімпазы Ақтау айлағында аудармашы болып істейтін Жұмагүл Қойланованың айтуынша, мұндай шаралардың көп болғаны жақсы. Өйткені, қазақ тілінің қолдану аясы әліде аз, дейді ол:

«Біз жоғары жақтан жақсылық күтеміз. Бірақ, әліде қатаң заң жоқ. Мемлекеттік тіл енгізуде енжарлық бар. Интертенеттен таба алмайсың. Материалдар жұтаң. Әзірге қазақ тілі аударма тілі болып тұр. Заңдардың барлығы алдымен орысша дайындаладыда, сосын қазақшаға аударылған соң ол үстірт болып естіледі».

Көптеген лингвист ғалымдардың пікірінше, Қазақстанда осы уақытқа дейін, терминдерде бір ізділік жоқ. Кәсіби аудармашылар жетіспейді. Мемлекеттік тілде жазылған оқушылардың оқулықтары тапшы. Ал, Ақпарат министрлігінің тіл комитеті бөлімінің бастығы Спабек Айтбозымовтың айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейген:

«Тілді саясатқа айналдыруға болмайды. Біздің мемлекетіміздің тірегі бірлікте. Біздің мемлекеттік тіл өзге ұлттарды біріктіретін тілге айналып келе жатыр».

Тіл саясатының сыншылары бұқаралық ақпарат құралдарының біразы тілдер туралы заңды түңгі эфир арқасында ғана орындайды. Көптеген заң актілері заңда айтылғандай алдымен мемлекеттік тілде емес, ресми тілде жазылып барып аударылады деген пікірде. Ал, Павлодар университетінің проректоры Владимир Шнадердің айтуынша, іс қағаздарды мемлекеттік тілге толық көшіруге болады:

«Іс қағаздар орыс тілінде жазылып, сосын қазақ тілге аударылады. Ең алдымен қазақ тілінде іс қағаздар жүргізу үшін, компьютерлік нұсқа жасау керек».

Сарапшылардың пікірінше, өзге елдерде мемлекеттік тілге деген немқұрайлы қатынас ел саясатына жасалған опасыздық сияқты бағаланады. Ал, Қазақстанда тіпті жергілікті тұрғындар көп болғанына қарамастан, іс қағаздары мемлекеттік тілге әлі толық көшпей отыр, деген пікір бар. Тіпті жарнама мен маңдайшаларда қазақ тіліндегі сөз тіркестерінде қателіктер көп болады, дейді филолог мамандар. Ал, терминдерді ұзақ жылдар зерттеген Астанадағы медициналық академия доценті Мұхамбедиа Ахметовтың айтуынша, тілдің аясын біртіндеп кеңейту керек:

«Бір күнде ауру жазылмайды. Ол санаға сіңіп кеткен. Мысалы, шрифт дейміз, оны өзгерту оңай болса, санаға кірген нәрсені шығару қиын. 100 жылдан астам орыс тілді түбір, орыс тілде ойлану кірген соң, бірден қазақшаға алып кету қиянат».

Ал «Ана тілі» байқауын ұйымдастырушылардың айтуынша, біртіндеп мемлекеттік тілдің мәртебесі бәрібір көтеріледі, деген пікірде.
XS
SM
MD
LG