Accessibility links

Қазақстанда тәуелсіз басылымдар тәркіленіп жатыр


20 қыркүйек күні “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының өкілдері “Азаттық” радиосына Қазақстанның кейбір аймақтарында оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдардың тәркіленіп жатқандығын хабарлады. Олар заң орындарының қызметкерлері заңды негізде тіркелген тәуелсіз басылымдарды ешқандай да негіз-себепсіз тартып алып, оны бөлшек саудада еркін сатуға жол бермей отырғанын айтты.

«Азаттық» радиосымен Астанадан байланысқан «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Серікқан Жақыпов, сейсенбі күні оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдардың тәркіленіп жатқандығын айтып, өздерінің осы орын алған оқиғаға орай заң орындарына шағым түсіргенін хабарлады.

«Қызылордада сондай газеттерді тартып алған. Олар - «Эпоха», «Апта кz”, “Жұма таймс/Дата недели” секілді басылымдар. Міне, осы айтылған газеттерді милицияның қызметкерлері келіп алып қойған. Оның бәрі заңға сәйкес емес. Өйткені бұл басылымдардың бәрінің де заңды құжаты бар, тиісті мекемелерден тіркеуден өткен. Сондай-ақ, “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының кітапшалары мен қағаздарын да алып қойған. Олар да заң бойынша шығып жатқан кітапшалар”, - дейді Серікқан Жақыпов.

Шығыс Қазақстан облысындағы “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысы белсенділерінің бірі Амангелді Керімтаев та сейсенбі күні “Азаттық” радиосына, өзі тұратын Аягөз аймағында тәуелсіз басылымдарды тәркілеудің қатты белең алып кеткендігін айтты. Оның сөзінше, заң орындарының қызметкерлері, сайлау алдындағы үгіт деген желеумен, саудаға түскен тәуелсіз басылымдардың бәрін тартып алады екен.

Біз осы мәселеге байланысты түсініктеме беруін өтініп Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігіне хабарластық. Осы мекеменің бас маманы Қымбат Ысқақова республикада тек заң бойынша жабылған басылымдарды ғана сатуға тиым салынатындығын айтты.

Алматыда қыркүйектің 20-күні арнайы мәлімдеме жасаған “Журналистер қауіп-қатерде” атты қоғамдық қор өкілдері, елдегі заң орындарының қызметкерлері шығуға ресми рұқсаты бар басылымдарды тәркілеп жатқанын сынға алып, «олар билікті сынағаны үшін жазаланып жатыр» деген баға берді. Қор президенті Розлана Таукина бұл орын алып отырған оқиғаларды Қазақстанда алдағы желтоқсан айының басында өткелі отырған президент сайлауымен байланыстырды.

“Президент сайлауының алдында тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына жасалып жатқан қысым күннен-күнге күшейіп барады. Атап айтқанда, құзырлы мекемелер кейбір тәуелсіз басылымдарды ешқандай себепсіз тіркемей тастайды немесе билікті сынаған журналистерді қорқытып-үркіту немесе ұрып-соғып кету оқиғалары жиілеп барады”, - деді Розлана Таукина.

Оппозициялық пікірдегі журналист Ермұрат Бапи елде, әсіресе соңғы уақыттары, заңдық негізде тіркелгеніне қарамастан тәуелсіз басылымдарды тәркілеу оқиғалары күшейіп кеткенін айтады. Соңғы алынған мәліметтерге жүгінсек, президент сайлауының алдында кейбір оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдардың таралымы әдеттегіден 4-5 есеге өсіп, 100 мың данаға жеткен болатын.
XS
SM
MD
LG