“Бұл – шынында да осыған дейінгі “көзге шөп салуды” көздеген сот процестерінің жалғасы ғана емес, мамыр айында Әндіжандағы болған оқиғаны бұрмалап көрсетуді мақсат еткен өзбек үкіметінің үгіт-насихат науқанының айқын көрінісі болып табылады”.
Сотқа тартылған 15 айыпталушының өздеріне тағылған барлық айыпты түгел мойындарына алуы бейхабар адамды аң-таң қалдыруы мүмкін. Бірақ А.Шилдстің айтуынша, сот залына кірген айыпталушының өзіне тағылған нақақ айыпты “мойындаудан” басқа еш амалы қалмайтынын осыған дейінгі сот процестерінің тарихы айқын көрсетті. А.Шилдс пен “Хьюман райтс уотч” ұйымы бақылаған террористік қылмыстар қаралған сот процестерінде айыпталушы ақталып шыққан бірде-бір оқиға болған емес. А.Шилдстің атап көрсетуінше, айыпталушылардың жұртшылық алдында бар “кінәсін” мойнына алуында терең сыр жатыр.
“Олар полицияның құрығында отырғанда мойындауға мәжбүр болады. Ондай процестің қалай болатынын түсіндіру қиын емес: біз тіркеген бұрынғы сот процестерінде әбден қиналған айыпталушылар “кінәсін” мойындауға мәжбүр болды. Алайда, абақтыда өздерін қинап, зорлағанын туыстарына айтып қоймауы үшін полиция айыпталушылардың туыстарын да қинайды, айыпталушылардан өздерін қинағанын айтпауды, өзінің айыпсыз екенін айтпауды талап етсе, ал туыстарынан олардың тағылған бар айыпты мойындарына алуын талап етеді”, - дейді Акация Шилдс.
Сәрсенбі, қыркүйектің 21-і күні, айыпталушылардың бірі Мухитдин Сабиров ресми Ташкенттің сонау бастан-ақ айыпты деп нұсқап көрсеткен кісілерді “Әндіжандағы көтерілістің” лидерлері” деп “таныды”. Сондай-ақ М.Сабиров көрші Қырғызстанда террористік базада жаттығудан өткенін де “мойындады”. Бұл да - “Әндіжандағы көтерілісті ұйымдастырғандар көрші елде орналасқан әскери базада оқу-жаттығудан өткен жүзеге асырды” деген өзбек прокуратурасының мәлімдемесін сөзбе-сөз қайталайды. Бірақ Қырғызстан үкіметі ондай айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр.