“Ана тілі” апталығында жарық көрген Мырзан Кенжебайдың мақаласында да Олжас Сүлейменовтың қазақ тіліне байланысты айтылған сөздері сынға алыныпты. Мырзан Кенжебайдың өз мақаласында Олжас Сүлейменовты сынға алуына ақынның Алматыдағы Достық үйінде Демократия және Азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комитет отырысында сөз сөйлеп, қазақ тілін енгізуге әлі асықпайық дегені себеп болыпты. Сондай-ақ “Ана тілі” апталығында ақын Олжас Сүлейменовтың “Қалайша Алматы қаласында іс-қағаздарын қазақ тіліне көшіруге болады. Мұндай сыбысты таратып жүрген кімдер?” деген сөзі беріліпті. Сондай-ақ “Ана тілі” басылымында ақын Олжас Сүлейменовтың іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіруге қарсылық білдіріп, оны қазақстандықтарға қарсы заң ретінде бағалаған пікіріне наразылық білдірген бір топ зиялы қауым өкілдері қол қойған ашық хаты жарияланыпты. Ашық хатқа қойған зиялы қауым өкілдері Олжас Сүлейменовтың мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге талай рет қарсы шыққандығын айтып, оған бірқатар мысалдар келтіріпті.
“Түркістан” басылымына берген шағын сұхбатында ақын Олжас Сүлейменов журналист тарапынан “Сіз неге қазақ тілі туралы айтудан қашасыз” деген сұрағына “Мен қашамын, әрине! Орыс, мектебін бітірдім. Университетті орысша бітірдім. Докторлығымды Москвада қорғадым” деп жауап қайтарыпты.
“Время” газетіне берген көлемді сұхбатында ақын Олжас Сүлейменов өтпелі кезеңде Қазақстан немесе Ресей секілді көпұлтты мемлекеттерде авторитарлық билік сақталуы тиіс деген ойын білдіріпті. Олжас Сүлейменовтың айтуынша Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен күнде де оның орнына келген адам, осы авторитарлық басқару жүйесін сақтап қалуы тиіс. Сондай-ақ ақын Олжас Сүлейменов “Время” газетіне берген көлемді сұхбатында қазақ тілі мәселесіне қатысты да өз ойын ортаға салыпты. Олжас Сүлейменовтың айтуынша, өкінішке қарай қазақ тілі халықаралық қатынас тіліне айнала алмағандықтан, оны қоғамға енгізуде асығыстық танытпауымыз керек. Газет тілшісіне берген сұхбатында ақын Олжас Сүлейменов Алматыда іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы бастамының көтерілуінің осы қалада тұратын орыс тілді мамандардың алаңдаушылығын туғыза бастағандығын сөз қылыпты. Олжас Сүлейменовтың пікірінше, келешекте Қазақстанның әр азаматы үш, атап айтқанда, орыс, қазақ және ағылшын тілдерін білуі тиіс.
“Свобода слова” басылымында жарық көрген мақалада өткен аптада Олжас Сүлейменовтың бастамасымен алдағы президенттік сайлауды бақылауға байланысты қоғамдық комитеттің құрылғандығы баяндалыпты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, алдағы Президент сайлауының әділ өтуін бақылағысы келетін бұл ұйымның артында шын мәнісінде ақын Олжас Сүлейменов емес, Президент әкімшілігі қырағы көзі тұр.