Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.28.2005 жыл


Сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдарда алдағы Президент сайлауының қалай өтетіндігіне байланысты түрлі болжамдар жасалыныпты. Кейбір басылымдардың хабарлауынша, алдағы Президент сайлауынан оппозиция шеттетіліп қалуы ықтимал. Өйткені Парламент Мәжілісінің өткен сәрсенбідегі жалпы отырысында депутат Трошихин Орталық Сайлау Комиссиясы мен Бас прокуратураға Жармахан Тұяқбайды сайлау науқанын алдын-ала бастап жіберді деп айып тағыпты. Орталық сайлау комиссиясы бұл мәселені тексеріп, оның нәтижесін айтуға уәде беріпті.

“Айқын” газетінің сәрсенбі күнгі санында жарық көрген Айхан Шәріптің мақаласында алдағы президенттік сайлауда бағын сынағалы отырған үміткерлердің бірі Жармахан Тұяқбайдың сайлау сүргіні басталмай жатып-ақ жарыс жолынан шығып қалуы мүмкін екендігі айтылыпты. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы осы кандидатқа қарсы шағым-арыздың алынғандығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, мұндай оқиғаның орын алуына Парламент Мәжілісінің өткен сәрсенбідегі жалпы отырысында депутат Трошихиннің Орталық Сайлау Комиссиясы мен Бас прокуратураға Жармахан Тұяқбайды сайлау науқанын алдын-ала бастап жіберді деп айып тағуы себеп болыпты. Ал, Бас сайлаукомның орынбасары Қ.Тұрғанқұлов мырза “Айқын” газетіне берген түсініктемесінде “Өкінішке қарай, әлгі айтқан үгіт-насихат материалдары біздің қолымызда жоқ дегенді айтып, осыған орай бірнеше шағым-арыздың келіп түскендігін растапты. Бас Сайлаукомның орынбасары Қ.Тұрғанқұлов мырзаның айтуынша, түскен шағымдардың бәрі тексерумен айналысатын органдарға тапсырылған. Орталық сайлау комиссиясы болса, таяу арада тексеріп, оның нәтижесін айтуға уәде беріпті. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, егер де президенттіктен үміткерлердің бірі Жармахан Тұяқбайдың сайлау алды науқанын ерте бастағаны анықталса, оның бұл додаға қатыстырылмауы ықтимал.

Қазақстан Президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев “Экспресс К” газетіне берген көлемді сұхбатында алдағы президент сайлауына байланысты өз ойын білдіріпті. Ермұхамет Ертісбаевтың пікірінше алдағы Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев өзін қолдауға байланысты құрылған қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардан басқа күштерге де арқа сүйейді. Газет тілшісіне берген сұхбатында Ермұхамет Ертісбаев мұнда тұрған ешқандай да өрескелдіктің жоқ екендігіне тоқталып, Америка Құрама Штатында өткен Президент сайлауы барысында барлық әкімшілік күштің Джордж Бушқа жұмыс істегендігін мысалға келтіріпті. Сондай-ақ Ермұхамет Ертісбаев өз сөзінде Жармахан Тұяқбай мен Алтынбек Сәрсенбайұлының Президенттің командасында жұмыс істегендігін айтып, олардың ешқашан да саяси сатқын деген айыптаудан қашып құтыла алмайтындығын айрықша атап өтіпті.

“Литер” басылымында жарық көрген Равиль Усмановтың талдау мақаласында президенттік сайлауда бағын сынағалы отырған көптеген үміткерлердің, Жармахан Тұяқбай мен Әлихан Бәйменовқа тиесілі дауыстарды алып кетуі үшін қатыстырылып отырғандығы туралы болжам жасалыныпты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, мәжіліс депутаты Ғани Қасымовтың президент сайлауына қатысудан бас тартуы оппозиция тарапынан білдірілген өтініштің нәтижесі болуы мүмкін. Автор өз мақаласында бірінші орынды Нұрсұлтан Назарбаевтың иеленетіндігіне, ал екінші орынды Жармахан Тұяқбай мен Әлихан Бәйменовке бұйыруы мүмкін екендігіне айрықша назар аударыпты. Мақала авторының айтуынша, Жармахан Тұяқбайдың өзін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең басты қарсыласы ретінде көрсетуге тырысуы оның ең басты қателіктерінің бірі болады. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы кезінде Серікболсын Әбділдиннің де өзін осылай көрсетуге тырысуының үлкен саяси қателік болғандығына қатысты өз тұрғысынан мысалдар келтіріпті.

“Жас Алаш” басылымының соңғы санында Қазақстанда түрлі деңгейдегі мәдени ұйымдардың, саяси партиялардың бір адамды Президенттікке кандидат ретінде ұсынудың сәнге айналып кеткендігі айтылыпты. Ал, Мұхтар Жанұзақұлының талдау мақаласында оппозициядан гөрі, өкіметтің айналасындағы басылымдардың “революция” терминиін жиі қайталауды әдетке айналдырғандығы баяндалыпты. Мұның себебін мақала авторы шын мәнісінде де ресми биліктің алдағы президент сайлауынан кейін төңкеріс болып кетуі мүмкіндігінен сескеніп отырған үрейімен байланыстырыпты. Газет тілшісінің айтуынша, ресми билік сайлауды әділ өткізсе, төңкерістің ауылы алыс болады.
XS
SM
MD
LG