Accessibility links

Қазақстан экономикалық бәсекеге төтеп беру жағынан әлемде 61-ші орынға көтерілді


Қазақстан экономикалық бәсекеге төтеп беру жағынан әлемде 61-ші орынға көтерілді. Ал ТМД елдері арасында алдыңғы қатарға шығып, Балтық елдерінен кейінгі позицияны иемденді. Бұл жөнінде сәрсенбі күні жария болған World Economic Forum зерттеу ұйымының 2005-жылғы қорытынды есебінде көрсетілген. Алайда, кейбір қазақстандық сарапшылар шикізаттық экономикаға негізделген Қазақстанның бұл көрсеткіші қысқа мерзімдік деп есептесе, енді бір зерттеушілер адам факторының дамуы жағынан республиканың рейтингі төмен екендігіне меңзейді.

Қазақстанның экономикалық бәсекеге төтеп беруі жағынан әлемде 61-ші орынға көтерілуін қазақстандық сарапшылар әрқилы бағалайды. Мысалы, экономика ғылымдарының докторы Ғани ҚАЛИЕВ мұндай көрсеткіш қысқа мерзімдік болуы мүмкін деп қауіптенеді. Оның пікірінше, Қазақстанның қазіргі экономикалық жетістіктері экспортталатын табиғи ресурстардың әлемдік базардағы қазіргі жоғарғы бағасымен байланысты, ал өңдеуші сала әлі күнге дейін дамымай отыр дейді ғалым:

- Экономикамыздың бір қиын жері – біз шикізаттардың сыртқы бағаларына бағыныштымыз. Ертең баға түсіп кетсе, экономикамыз әлсірейді, біз де жаңағы орнымыздан күрт төмен түсеміз. Сондықтан, экономика бір аяғында тұрмауы керек, екі аяғы тең болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен Қазақстандағы өңдеуші сала дамуы керек.

Экономист-ғалым, академик Әзімхан САТЫБАЛДИН Қазақстан экономикасы экспорттық бағытта екендігіне меңзей отырып, дәл қазір мемлекеттің рейтингісінің жоғарлауын заңды құбылыс деп бағалайды:

- Мұнайдың бағасы жоғары емес пе?! Ал біздегі өндірілетін мұнайдың көлемі 60 миллионға жетіп отыр. Оған қоса біз астық та, металл да сатып жатырмыз. Соңғы кезде бюджетте артық ақшаның пайда болғаны да мәлім. Осындай жағдайда, әрине, экономикалық көрсеткіш жоғары болады.

Ал бұрынғы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Әлихан БАЙМЕНОВ Қазақстан қазірдің өзінде ТМД елдері арасында ғана емес, әлемдегі экономикасы дамыған алдыңғы қатарлы 40 мемлекеттің арасынан көрінуіне толық мүмкіндігі бар деген ойда:

- Ең алдымен біздің экономикамыздың негізі – шикізат байлығымыз. Осы саладағы инвестициялық ахуал көптеген елдер үшін, олардың зерттеушілері үшін оң болып бағаланады. Ол салада табыс алу оңайырақ. Жемқорлыққа кететін шығындарын алатын табыстары толығымен өтеп отырады. Бұл біздің көрсеткіштеріміздің жоғарлауына әсер етеді. Бірақ, егер елде саяси реформа, басқа да түрлі өзгерістер жасап, экономикада әділ, ашық жағдай орнықса, онда біз сөзсіз 60 емес, алдыңғы 40 елдің арасынан табылар едік.

World Economic Forum зерттеу ұйымының 2005-жылғы қорытынды есебінде бірінші орында Финляндия, одан кейін АҚШ тұрса, ТМД елдері арасында алдыңғы орынды Балтық елдері алған. Одан кейінгі позицияларды Қазақстан мен Әзірбайжан иемденсе, Ресей осы жолы бірден 5 позициясын жоғалтып, 75-ші орыннан бірақ шыққан. Алайда, бұл елдердегі адам факторының даму рейтингісі олардың экономикалық көрсеткіштерімін сәйкес келмейді дейді келесі бір экономист-ғалым, Қазақстан коммунистерінің лидері Серікболсын ӘБДІЛДИН БҰҰ-ның биылғы жылғы зерттеу есебіне сүйене отырып:

- Себебі, әлемдегі адамның даму жағдайы бізде 80-ші орында. Ал Ресей шамамен 54-56 орында. Бізде, мысалы, 5-6 миллиард доллар шетте жатыр. Ол мұнда ешкімге қызмет жасамайды. Оның есесіне ол «өскен» экономикамыздың ішінде жатыр. Ал экономика қанша өскенімен, адамдардың тұрмысы жақсармаса, меніңше, оған мақтанудың қажеті жоқ. Ал Ресей мен Балтық елдерінде адам дамуы индексі бізден әлдеқайда жоғары.

Қазақстанның келесі бір көршісі World Economic Forum ұйымның 117 ел кірген тізімінің соңын алыпты. Қырғызстан - бәсекелестік рейтингінде... арттан санағанда 2-ші орында екен. Әлемнің әр бұрышындағы елдердің экономикалық жағдайын әшкерелейтін мұндай зерттеулер соңғы 26 жылда жыл сайын жүргізіліп тұрады. Сауалнамаға 11 мыңға жуық бизнесмендер мен зерттеу институттары қатысқан.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG