Accessibility links

Астанада Дүниежүзі қазақтарының ІІІ-құрылтайы ашылды


Дүниежүзіндегі қазақтардың қажеттіліктері үшін банк иелері және басқа да кәсіпкерлердің көмегімен арнайы қор құрылуы мүмкін. Бұл туралы Астанада қыркүйектің 29 күні қазақтардың 3 дүниежүзілік құрылтайында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді. Осы құрылтайда қаралған екінші маңызды мәселе - Қазақстанды латын әліпбиіне көшіру.

Қазақтардың ІІІ дүниежүзілік құрылтайына 32 елден 300-ден аса делегаттар келді. Бұл жолғы құрылтайда қаралған мәселе бұрынғыларынан аз емес. Бірақ, ең негізгісі екеу, дейді бақылаушылар. Біріншісі, қаржы мәселесіне байланысты. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, алдағы уақытта дүниежүзіндегі қазақтардың қажеттіліктері үшін банк иелері және басқа да кәсіпкерлердің көмегімен арнайы қор құрылуы мүмкін. Бұл ұсынысқа көпшілік қолдау білдірді. Құрылтайдың ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Уатқан да оларға қосылып отыр:

- Шет елден болсын, өзімізден болсын бізден келіп көп көмек сұрайды. Бірақ, біздің қауқарымыз жоқ. Өйткені, мемлекет бізді қаржыландырмайды.

Ал, Қазақстандағы ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есімовтың айтуынша, шетелдегі қазақтар Қазақстанға деген көзқарасын өзгерту керек.

«Қазақстан бізге не береді екен деп емес, біз Қазақстанға не береміз деген көзқарас болу керек», - дейді ол.

Бірақ бұл пікірмен келіспейтіндер де бар. Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Жәнібек Елікбаевтің айтуынша, шетелдегі қазақтардың көбі кәсіппен айналысатын ауқатты адамдар:

- Қазақстанға алақан жайып қараушылық бар шығар, бірақ, ондайлар көп емес. Осы құрылтайға келгенде сөйлесіп жүрміз, ондай пікірлер бар, бірақ, ол көпшіліктің пікірі емес.

Дегенмен, Қазақстан жағынан қолдау күтіп отырған қазақтар жеткілікті деген ақпарат бар. Олар тарихи отанына оралуға көмек сұраған. Ал, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, ел тәуелсіздік алғалы Қазақстанға 600 мың қазақ оралған, бірақ, жер бетіне тарыдай шашылған қазақтың бәрін жинау қиын шаруа. Әйтседе, өз қаржысына келген қазақтарға қолайлы жағдай жасалады деді ол:

- Әлемдегі әрбір үшінші қазақ шетелде тұрады. Сондықтан, олардың барлығын бір мезгілде туған отанға көшіруге мүмкіндік жоқ екенін ашық айтуға тиіспін. Оның қажеті де бар ма екен?

Өзбекстандағы қазақ тілі қоғамының төрағасы Мәйірманқұл Бәкіров көтерген екінші проблема - әліпби мәселесі. Бәкіровтың айтуынша, Өзбекстан латын әліпбиіне көшіп жатқандықтан, ондағы қазақ мектептерінің саны қысқарып келеді:

- Өткен құрылтайда айтылған 586 қазақ мектебінің қазір 524-і қалды. Кейбір қазақ мектептері жабылып жатыр. Себебі, өзбек мектептері латын әліпбиінде жазады. Ал, қазақ және басқа да мектептер кирил әліпбиінде қалып отыр.

Құрылтайдың ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Уатқанның айтуынша, латын әліпбиіне көшу керек:

- Барлық шетелдердегі қазақтар латын әліпбиінде жазады. Осы құрылтайға қонақтарды шақырғанда мен осы кедергіге көп ұшырадым. Бізге олар латын әліпбиінде хат жазады. Ал, жауап берген кезде бізде латын әліпбиімен жазып отырдық, өйткені олар кирилицаны оқи алмайды.

Ал, Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Жәнібек Елікбаевтің айтуынша, латын әліпбиінде немесе кирилицамен жазатын екі жаққа да қолайлы жағдай жасаған дұрыстау:

- Егерде кирилицадан бас тартсақ миллиондаған кітап, 70 жылдан астам білім алған кісілердің кітаптары керексіз болып қалады. Ал, латын әліпбиіне көшпесек, интернет жүйесі, компьютер бәрі соған бейімделген. Сондықтан, біреуін құрбандыққа шалу дұрыс емес. Мүмкін, екеуін де алып жүруге болатын шығар.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, латын әліпбиіне көшу мәселесін әлі де асықпай ойлану керек деп санайды:

- Біреулер латынға көшпеуге болмайды, бұл түркі әлемінің бірден бір жолы. Бүкіл әлем түбінде соған көшуі мүмкін, дейді. Біреулер латынға көшсек, қазақ фонетикасына тән дыбыстардан айырыламыз, кирилицада жарық көрген жүздеген кітаптарда жинақталған білімнен қол үземіз, дейді. Екі пікірдің де жаны бар. Сондықтан, ғалымдар асықпай зерделеп бір тоқтамға келсе деймін.

Дүниежүзі қазақтарының ІІІ-құрылтайы жұма күні жұмысын аяқтағалы отыр.
XS
SM
MD
LG