Accessibility links

Қазақстан үкіметі есірткі бизнесіне қарсы күреске қосымша 1,25 млн доллар бөлмек


Есірткі бизнесіне қарсы күреске қосымша қаражат бөлінеді. Бұл туралы үкімет отырысында Қазақстан премьер-министрі Даниал Ахметов хабарлады. Жоспарланған іс-шараның тиімді іске асуы үшін 167 миллион теңге немесе 1 миллион 255 мың доллар көлемінде қосымша қаржы бөлу қажет, деді ол. Қаражаттың негізгі бөлігін «Нашақорлыққа тосқауыл» жүйесіндегі бекет желісін кұру үшін Ішкі істер министрлігіне бөлу көзделген.

Астана қаласының кәмелетке толмағандармен жұмыс басқармасының қызметкері Галина Хабарованың айтуынша, қаржы дер кезінде беріліп отыр. Нашақорлардың саны барған сайын қатты болмаса да өсіп келеді. Мысалы, соңғы уақытта нашақор ретінде тіркелген 104 жеткіншек болса, шын мәнісінде бұл санды онға көбейту керек, дейді маман.

«Меніңше, жеткіншектерді спортқа баулыса, нашақорлықпен күресуге болады», - дейді Астана қаласының кәмелетке толмағандармен жұмыс басқармасының қызметкері Галина Хабарова.

Ресейдегі наркодиспансерлердің бірінде істеп, кейін Қазақстанға келген дәрігер Геннадий Еремин, мұндағы нашақорлардың санын көріп, жеке емхана ашады. Дәрігердің айтуынша, есірткі бизнесімен ақша арқылы күрескеннен пайда жоқ. Өйткені, бұл саланың басында беделді адамдар бар. Ұйымдасқан қылмысты топ басшылары есірткіден түсетін орасан қаржыдан құр алақан қалмас үшін, бәрібір амалын табады, дейді ол. Нашақорларды емдейтін жеке меншік емхана бастығы Геннадий Ереминнің айтуынша, есірткі сататындарға қатысты заңдарды күшейту керек.

«Оның сыртында, нашақорлардың өзін кем дегенде 6 жылға соттап, күштеп емдету керек. Өйткені, әр нашақор дені сау 10 адамды нашақор қылады», - дейді дәрігер Г.Еремин.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет отырысында ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков қазіргі заңнан ешкім қорықпайды, деген мәлімдеме жасады. Сондықтан, мектепте есірткі сатқандар мен аса ірі көлемде есірткі таратқандарды өмір бойы бас бостандығынан айыру ұсынылды. Сарапшылардың пікірінше, кейбір елдерде есірткі сатқандарға өте қатаң жаза қолданылады. Мысалы, Қытайда мұндай адамдар өлім жазасына кесіледі. Ал, Қазақстанда есірткі тарататындардың төрттен бір бөлігі тек шартты түрде бас бостандығынан айырылады. Қазақстандық заңгер Марат Башимовтың айтуынша, Қазақстан бірнеше шет елдік келісімдерге қосылған. Сондықтан, мемлекет имиджін түсірмес үшін, заңдарды қаталдатуға болмайды. Әсіресе есірткі тұтынушыларға қарсы заңдарға тиіспеу керек дейді ол:

«БҰҰ болсын, басқасы болсын Қазақстанды қандай болсада демократиялық ел санайды, біздің Конституция халықаралық шарттарға сәйкес келеді деп. Сондықтан, тұтынушыларды жазаға тартпау керек. Оларды дүние жүзінде ауру адам деп санайды».

Нашақорларды емдейтін жеке меншік емхана бастығы Геннадий Ереминнің айтуынша, Қазақстанда есірткінің жеңіл түрін заңды түрде саудаға салған тиімді. Сонда есірткінің заңсыз саудасы азаяды, нашақорлардың саны тіркеледі және мемлекетке салық түседі дейді дәрігер.

Заңгер Марат Башимовтың айтуынша, жеңіл есірткі түрі Голландияда еркін саудаға қойылған. Бірақ, бұл елдің барлық заңдары басқа елдерге қарағанда өзгеше. Онда тіпті жезөкшелік пен бір жыныстылар арасындағы неке заңдастырылған.дейді ол. Ал, Қазақстанда есірткіні еркін сату қауіпті, дейді Марат Башимов:

«Әлемде тек Голландия сөйтеді. Біздің дәрігерлер соған қарайды. Бірақ, бізге ол келмейді. Бұған дейін қорқытып келген жастарға енді есірткіні еркін алыңдар десек, көп өзгеріс болуы мүмкін».

Ал, премьер-министр Даниял Ахметов есірткі саудасымен күресу үшін, қаржыны бірнеше министрлікке беретіндігін жеткізді. Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне салауатты өмір салтын насихаттауға, нашақорлықка қарсы иммунитетті қалыптастыруға, мониторинг жасауға, мамандардың біліктілігін арттыруға, мекеме аралық семинарлар өткізуге қосымша қаржы бөлу жоспарланған.
XS
SM
MD
LG