«Ақ орда» талдау орталығының басшысы Айдос Сарым соңғы уақыттары құқық қорғау орындарының тым шектен шығып кеткендігіне тоқталып, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Кондализа Райс келе жатқан кезде оппозиция өкілдерінің бірі Төлен Тоқтасыновтың ұсталуының осы соңғы кадрлық өзгерістерге ықпалы болуы мүмкін екендігі туралы ойын білдірді.
Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев Ішкі Істер Министрі болған Зауытбек Тұрысбековтың басқа қызметке ауыстырылуын, соңғы уақыттарда дау-дамай туғызған оқиғалармен байланыстырып отыр.
«Келе жатқан сайлаудың алдында Ішкі Істер Министрлігі қалыптасқан ахуалды қадағалай алмағандықтан президент осындай өзгеріс жасауға мәжбүр болған сыңайлы. Өйткені, қазіргі уақытта Президентке абырой әпермейтін көптеген дау-дамайлар туындай бастады. Атап айтқанда, құқық қорғау орындарының таяуда Алматы қаласында өткен шеруді басу үшін күш қолдануы билікке ұпай әперген жоқ, қайта керісінше, оның беделін түсірді», - дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Алайда, Д.Сәтпаевтың пікірінше, Ішкі Істер министрі қызметіне тағайындалған Бауыржан Мұхаметжановты биліктегі күшті тұлғалардың қатарына жатқызуға болмайды. Сол себептен де ол Бауыржан Мұхаметжановтың бұл қызметте ұзақ отыра алатындығына сенімсіздікпен қарайды.