Accessibility links

Кейбір сарапшылар үкіметтің мұнай-газ саласына бақылауды күшейтпек ниетін құптағанымен, оның іс жүзіне асатындығына күмән білдіріп отыр


Қазақстан президенті «Қазақстан Республикасында мұнай операцияларын жүргізу және жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» заңға қол қойып, аталған құжат заңнамалық күшіне енгенімен бұл турасында бірқатар сарапшылар мен мамандар осы Қазақстан үкіметінің елдің мұнай-газ саласына бақылауды күшейтпек ниетін құптағанмен, оның іс жүзіне асатындығына күман білдіріп отыр.

«Қазақстан Республикасында мұнай операцияларын жүргізу және жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» заңға түсініктеме берген ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Серік Әбдірахманов аталған құжаттың басты ұстанымы жер қойнауын пайдалану саласындағы қарым-қатынастарды мемлекет тарапынан реттеу тетіктерін жетілдіруге бағытталғандығын айтады. Атап айтқанда жер қойнауын пайдалану құқығына рұқсат беру ережелеріне өзгерістер енгізілмек. Бұл өзгерістерге сәйкес енді үкіметке ұлттық қауіпсіздік мүддесіне нұқсан келу мүмкіндігі бар жағдайда жер қойнауын пайдалану құқығын беруден бас тарту құзіреті жүктеледі дейді депутат. Дегенменде елдегі мұнай-газ саласына бақылау жасауда үкіметке осыншалық құзірет берілгенімен оның алдағы уақытта орындалу жағы және күман тудыратындығын айтады Серік Әбдірахманов. Оның айтуынша, осы уақытқа дейінгі шетелдік инвесторлардың ыңғайына көніп келіп, кенет бірден тізгінді қолға алам деу күдік туғызады.

«Ал, кезінде қатып қалған келісім-шарттарға қол қою арқылы жұмыс істеп жатқан компаниялардың тәртіпке көне қоюы екіталай», - дейді депутат Серік Әбдірахманов.

Ал, экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есеркепов ел экономикасының күретамырына айналған мұнайды Қазақстан көп өндіргенімен одан алынатын табыстың түсімі аз екендігі осы уақытқа дейін таңқалдырып келгендігін айтады. Мұнай-газ саласындағы осы және басқа да көптеген бұл реттегі қайшылықтарды аталған заң аясында қатал түрде үкіметтің қолға алуы аса қажет дейді Тоқтар Есеркепов. Алайда саясаткер Сейдахмет Құттықадам кезінде, тоқсаныншы жылдары жіберген кемшіліктерді қазір түзеу мүмкін еместігін айтады.

«Қазақстан мұнай-газ саласындағы барша келеңсіздіктерді шешудің бір жолы, ол алдымен сол жылдары шетелдік мұнай компанияларымен үлкен қателіктерге бой алдырып жасалған келісім-шарттарды Қазақстанның экономикалық мүддесін ескере отырып қайта қарау қажет. Онсыз сипай-қамшылаумен бұл мәселені қанша заң шығарса да биліктегілер шеше алмайды», - дейді саясаткер Сейдахмет Құттықадам.

Және де ол бұл жоғары биліктің сайлау алдындағы саяси ұпай жинау әректінен туындап жатқан шарасы болуы да мүмкін екенін айтады. Осылайша бірқатар сарапшылар Қазақстан үкіметінің мұнай-газ саласындағы заңнамалық жаңа қадамына кереғар пікірлер білдіріп отыр.
XS
SM
MD
LG