Accessibility links

Татарстан президенті Мінтемір Шаймиев Қазақстанға не үшін келді?


Қазанның 27-күні Қазақстанға қысқа сапарымен келген Татарстан президенті Мінтемір Шаймиев журналистердің алдына шықпады. Мәртебелі қонақтың Астанадағы Ақ Ордада президент Н.Назарбаевпен кездесуінен журналистерге тек телемонитордан марапаттау рәсімі көрсетілді. Н.Назарбаев Шаймиевті Қазақстан Президентінің Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығымен марапаттады. Осы рәсімнен кейінгі қысқа сөзінде Шаймиев Қазақстанда алдағы желтоқсанда өтетін прездиент сайлауына тоқталып кетті. Осылайша, кейбір сарапшылар бұл сапар саяси мақсатта жасалған десе, келесілері экономикалық қарым-қатынасты дамыту үшін деген пікірде.

Президент Н.Назарбаевтың қолынан Бейбітшілік сыйлығын алған Татарстан басшысы бейбітшілік болмаса, ешқандай даму туралы сөз де болмайтынын айтты.

“Барлығы да бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізінде дамуға қол жеткізгісі келеді. Бірақ, ол әркімнің қолынан келе бермейді”, – деді ол.

Бұдан соң М.Шаймиев Қазақстанда өтетін президенттік сайлауға қатысты пікірін білдірді.

«Менің ойымша, жақсы өзгерістерге тікелей қатысып отырған Қазақстан халқы кезекті рет ақылдылығын танытады», - деді Татарстан басшысы.

Президент М.Шаймиев Қазақстанға тура бір жыл бұрын келген болатын. Ол кезде Татарстан басшысы экономикалық қатынасты дамытуға келдім деген еді. Алайда оның қазіргі сапарының неге арналғаны нақты хабарланбаған. Ал, Қазақстан сарапшылары М.Шаймиевтің бұл жолғы сапары экономикаға ғана емес, саясатқа да байланысты болды деген пікірде. Қазақстандағы экономика ғылымдары докторларының бірі Атамұрат Шаменнің пікірінше, Татарстанмен ықпалдастықты дамыта берген абзал.

«Олардың мұнай саласында, химия саласында, машина жасау саласында істеп келе жатқан шаралары бар. Әрі бізге жақын туыс ел», - дейді Атамұрат Шамен.

Ал, саясаткер Жұмабай Доспанов, Татарстан президентіне демократиялық бағыттағы адам емес деген баға береді.

«Енді, Татарстан мұсылман республикасы Қазақстанмен байланыс жасағысы келеді. Бірақ, оның президенті демократиялық адам деп айта алмаймын. Көршісі Башқортастан президенті секілді бұл да Ресей Федерациясының бірінші басшысына жалтақтаумен өз халқын ұмыта бастаған адамдардың бірі».

Бірақ, кезінде М.Шаймиевпен кездесіп, сұқбаттасқан саясаттанушы Болатхан Тайжан болса, әлгіндей пікірмен келіспейді:

«Қазір сіз Қазаннан шығатын телеарналарды қарасаңыз, олар татарша сайрап тұр. Және салт-дәстүрді уағыздайды. Мінтемір Шаймиевті Мәскеуге бас иіп, жорғалап тұр дей алмаймын. Ол түрік халықтарына келгенде бауырмал».

Қазақстан үкіметінің өкілдері бұған дейін, мұнай-химия саласында Татарстанның тәжірибесі және экономикалық мүмкіншіліктері мол деген пікір білдірген болатын. Сондықтан, мұнай өндіру, машина жасау және өндіріс салаларында да Татарстанмен жұмыс жүргізіледі деп хабарланған. Билікке жақын экономистердің пайымдауынша, Татарстанда кен орындарын тиімді игерудің жолдары жасалған, ал Қазақстан осы проблемамен көптеген жылдар бойы айналысып келеді. Сондай-ақ, қорғаныс саласында Татарстанның тікұшақ жасау зауытымен қарым-қатынасқа көп көңіл бөлінеді деп хабарланған. Алайда, саясаткер Жұмабай Доспанов, Қазақстан мен Татарстан арасындағы экономикалық қатынастан Қазақстанның қорғаныс саласына түсетін пайда шамалы деген ойда:

«Атырауда бұрынғы тікұшақ жасайтын зауыт бар еді. Бірақ, ол осы күнде толық қуатында жұмыс жасамайды. Әскери қуат үшін Татарстан пәлендей нәрсе істей қояды деп ойламаймын. Екі республика басшыларының байланысымен ғана шектеліп қалуы мүмкін».

Бұл пікірге саясаттанушы Болатхан Тайжан да қосылып отыр:

«Қазақстан технологиясы дамыған елдермен қарым-қатынас құру керек. Әлемдік базарға ресейлік машинамен басқа заттарды салсаңыз, оны ешкім алмайды. Өйткені, технология жағынан артта қалған. Осы тұрғыдан қарағанда, «КамАЗ», «НИВА»-ға бет бұру Қазақстанды артқа тарту деп түсінемін».

Осы жолғы сапарында М.Шаймиев Астананың құрылысымен танысып көрді және жергілікті журналистерге Татарстандағы тұрғын үй бағдарламасы жайлы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, Татарстанда тұңғыш сәбиі туған жас отбасына әлеуметтік кепілдік түрінде 18 шаршы метр, екінші бала дүниеге келгенде 32 шаршы метр көлемінде тұрғын үй бөлінеді екен.
XS
SM
MD
LG