Accessibility links

БҰҰ Даму бағдарламасы “Гендерлік теңдік және Қазақстандағы әйелдер жағдайы” туралы кезекті есебін жариялады


Қазан айының 27-күні Алматыда БҰҰ Даму бағдарламасы гендерлік теңдік және Қазақстандағы әйелдер жағдайы туралы кезекті есебін жариялады. Аталмыш баяндаманың 2005 жылғы есебінде Қазақстанда саясаттағы әйелдердің үлес салмағы 8 пайызды құрап, әйелдердің үкіметтік және саяси құрылымдарда аз көрініп отырғандығы айтылған.

Алматы қаласының тұрғыны Гузел Құлжабаева ұзақ уақыт білім саласында қызмет істеп, соңғы 5 жылда кәсіпкерлікке бет бұрған әйелдердің бірі. Ол кәсіпкерлік қадамын сауда-саттықтан емес, гүл өсіруден, яғни аула көгалдандырудан бастаған.

“Бір қарағанда тосын естілетін көгалдандыру саласына көп ешкім тәуекел етіп бара қоймайды. Кім болса да өзінің көңіліне ұнайтын жұмысты істегені дұрыс. Мынау табысты, мынау табыссыз жұмыс деуге болмайды. Дегенменде гүл өсіріп, баптау - қиындау іс. Онымен жыл он екі ай айналысасың”, - дейді Гузел Құлжабаева.

Алматы қаласындағы 7 жеке фирмалар мен балабақшалардың аулалары мен кеңсе іштерін көгалдандырған Гузел Құлжабаева өз фирмасының өзіндік таңбасы бар екендігін айтады.

Қазіргі таңда Қазақстанда Гузел Құлжабаева сынды кәсіпкерлік салада еңбек етіп жүрген әйелдердің жалпы үлес салмағы 40 пайызды құрайды. Бұл туралы қазанның 27-күні Алматыда таныстырылымы өткен БҰҰ Даму бағдарламасының “Гендерлік теңдік және Қазақстандағы әйелдер жағдайы” туралы есебінде келтірілді. Осы есепте жарияланған дерек бойынша, Қазақстан халқының 51,9 пайызын әйелдер құрап отыр. БҰҰ-ның Қазақстандағы “Гендер және даму” бюросының директоры Гүлира Мырзабаева:

“Қазақстан Конституциясында ер мен әйел тең құқылы деп көрсетілгенімен, елде әйелдер құқығының сақталмай жататындығы байқалады”, - дейді.

Оның айтуынша, әйелдер бүгінде еңбек ақы аз төленетін, кішігірім қызметтерде шоғырланып отыр. Олардың еңбек ақысын ер адамдардыкімен салыстырғанда анағұрлым алшақтықты байқауға болады дейді сарапшылар.

“Бұл әйелдердің ерлерге қарағанда өмір сүру деңгейінің төмен екендігін көрсетеді. Дамыған елдердегідей жұмыс істейтін әйелдер 100 пайыз болатын болса, олардың 30-40 пайызы басқаруда болу керек”, - дейді Гүлира Мырзабаева.

БҰҰ Даму бағдарламасының “Гендерлік теңдік және Қазақстандағы әйелдер жағдайы” туралы есебінде келтірілген деректер бойынша, өкімет органдары мен жоғары деңгейдегі басқарудың арасында, ұйымдардың жетекшілерін қоса есептегенде әйелдердің үлес салмағы небәрі 3,5 пайыз, саясаттағы әйелдердің үлес салмағы - 8 пайызды, ал төменгі лауазымдық деңгейдегі қызметкерлердің арасындағы үлесі – 76,6 пайыз болып отыр екен.

“Бұл деректермен келісуге болмайды. Мысалы, басқару мен саясат жүйесінде әйелдердің үлес салмағы 8 пайыз дейді. Осы деректі АҚШ, Германия, Франция сынды елдермен салыстыратын болсақ, қандай көрсеткіш? Меніңше, бұл көрсеткішпен сол елдерден біз көп қалып жатқанымыз жоқ”, - дейді Алматыдағы Еуразия Нарық институтының ректоры, профессор Айтқали Нұрсейіт.

Оның пікірінше, Қазақстандағы жағдайды дамыған елдердің көрсеткішімен салыстыруға болмайды.

«Мамандар осындай зерттеулер жүргізгенде күллі дүниежүзі елдерін 3-4 топқа бөлгені жөн. Ең алдымен 8 өте дамып кеткен елдер, одан кейін дамыған елдер, дамып келе жатқан елдер, соңында басқа елдер. Әр топта түрлі салада әйелдердің үлес салмағы қандай болу керек. Зерттеу бойынша, оның бүгінгі күні деңгейі қандай? Осы сауалдарға жауап ізделсе сонда бұл зерттеудің мәні жоғары болады. Мәжілістерді, мәслихаттарды алатын болсақ бізде әйелдер көп болуы мүмкін. Бірақ, олардың құқығын ешкім шектеп отырған жоқ. Қазақстан әйелдерінің жағдайы жақсарғандығын жоққа шығармауымыз керек. Ал Қазақстандағы әйелдердің эмансипацияланған дәрежесі басқа көршілес елдерге қарағанда өте жоғары”, - дейді Айтқали Нұрсейіт.
XS
SM
MD
LG