Accessibility links

Оппозиция қайраткерінің Алматыдағы сайлау штабы қызметкерінің қызы жоғалып кетті


Сәрсенбі күні Алматыда, қазақстандық оппозиция өкілдері, президенттіктен үміткер, «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың Алматы қалалық сайлау штабының қызметкері Елена Никитинаның 14 жастағы қызы Оксана Никитинаның 31 қазаннан бері жоғалып кетуіне Қазақстанның заң қызметкерлерінің қатысы бар деп мәлімдеп отыр. Сондай-ақ, олар Қазақстанның батыс аймағына оппозиция кандидатының үгіт-насихат өнімдерін әкеткен, ішінде төрт адам бар көліктің төрт күннен бері хабар-ошарсыз кетуі де осы орайлас оқиға екендігін айтады.

ҚР президенттігінен үміткер, оппозициялық «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың Алматы қалалық сайлау штабының басшылығы қызметкерлері Елена Никитинаның қызының екі күннен бері із-түзсіз жоғалып кетуіне заң орындары адамдарының қатысы бар екендігіне бірнеше нақты дәлелдер бар дейді. Бұған айғақ ретінде олар Оксана Никитина жоғалып кетердің алдында бірнеше рет анасы Елена Никитинаны өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріміз деп таныстырған екі азаматтың «өздеріне жұмыс істеуге» үгіттегенін және ол үшін қомақты қаржы беріп тұрмақ болғандарын айтады. Оппозиция өкілдері бұл кездесу жазылған бейне және үн таспаларын алға тартып отыр.

Ал Елена Никитина 31-қазан күні сағат 20-шамасында досын аялдамаға шығарып салмақ болып үйден шыққан қызы Оксананың үшті-күйлі жоғалуы кездейсоқтық еместігін айтады.

«Мұның алдында маған бейтаныс әлдекімдер мені бірнеше рет мазалап, менімен кездесіп, өздерінің полициядан келгендерін айтып, маған штабта болып жатқан жаңалықтарды өздеріне жеткізіп тұруды, яғни өздеріне жұмыс істеуге шақырды», - дейді Елена Никитина.

Сондай-ақ Қазақстан президенттігінен үміткер, оппозициялық «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың Алматы қалалық сайлау штабының заңгері Андрей Якунин әлгі күдікті азаматтардың кейіннен Елена Никитинаның қызының қайда оқитындығы мен көбіне қайда болатындығын сұрастырғандығын және олардың осы әрекеттері барысындағы жазылып алынған бейне-, үнтаспалары қалалық прокуратураға тапсырылғанымен, әзірге ол мекемеден ешқандай жауап болмағанын хабарлады.

Осы айтылған жайтқа орай Азаттық тілшісінің қойған сұрағына берген жауабында Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз хатшысы Итен Қарымсақов өздерінде бұл жөнінде ешқандай ақпараттың жоқ екендігін айтты.

Ал, президенттікке кандидат Ж.Тұяқбайдың Алматы қалалық сайлау штабының жетекшісі Асылбек Қожахметов болса «қалалық прокуратураға осы оқиғаға қатысы бар күдіктілерді оңай табатын барлық айғақ-деректерді бердік. Дегенмен, олардың үн-түнсіз қалуына қарап, Оксананың жоғалуының саяси астары бар деп есептейміз» деген тұжырым жасайды.

Және де А.Қожахметов мырза президенттіктен үміткер Ж.Тұяқбайдың сенімді өкілі ретінде Оксананы табуға көмектесетін қандай да ақпарат берген адамға 1 миллион теңге сыйақы берілетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар, оппозициялық «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының өкілдері, осы оқиғаға орайлас дерек ретінде, Қазақстанның батыс аймағына оппозициялық кандидаттың үгіт-насихат өнімдерін әкеткен, ішінде төрт адамы бар көліктің соңғы төрт тәуліктен бері хабар-ошарсыз кетуі өздерін қатты мазалап отырғандығын айтады.

«Бұл төрт қызметкерімізбен бірге 9 тонна үгіт-насихат өнімдері бар көліктің хабарсыз кетуі кездейсоқтық емес», - дейді оппозиция белсенділерінің бірі Ермұрат Бапи.

Әзірге Қазақстанның ресми орындарынан оппозицияның бұл мәлімдемелеріне байланысты ешқандай жауап айтылған жоқ.
XS
SM
MD
LG