Accessibility links

Батыс Қазақстан облысында уытты қалдықтарды көметін полигон құрылысы басталды


Қарашаның 10 күні Батыс Қазақстан облысында қауіптілігі жағынан бірінші, екінші және үшінші класты уытты қалдықтарды көметін полигон құрылысы басталды. Бұл туралы экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасынан хабарланды. Полигон құрылысына бюджеттен 52 миллион теңге бөлінді. Оның аумағы 18 гектар болмақ. Алғашқы кезеңде қалдықтарды тек уақытша сақтау жоспарланған. Кейін уытты заттар сақталып қана қоймай жойылатын болады деп хабарланған.

Қазір мұнайдың арқасында Қазақстанның Батыс аумағы тез дамып келеді. Бірақ, дәлі осы мұнай кәсіпорындарының кесірінен қоршаған ортаға қатты және газ тәріздес уытты қалдықтар шығып жатыр, дейді экологтар. Осы аумақта тасталған кен орындары мазут төгілген шағын өзендер тағы бар. Мамандар кейде улы химиялық заттар тобын «химиялық СПИД» деп атайды. Құрамы бойынша, ол диоксинге ұқсайды. Экологтардың айтуынша, бұл зат негізінен химия, қағаз жасау, метталургия, және басқа да кәсіпорындарда кездеседі. Сондай-ақ уытты заттар қоқыс, жанар-жағар май жаққан кезде пайда болатындығы дәлелденген. Экология мәселесімен айналысатын үкіметтік емес ұйым директоры Дмитрий Калмыковтың айтуынша, полигондар жоқтың қасы, өндіріс компаниялары қалдықтарды жасырып далаға тастайды, өйткені, ресми көметін жері жоқ, ал, кәсіпорында сақтау қауіпті.

Табиғатты қорғау мекемесінде айтылғандай, қазір Батыс Қазақстан облысында уытты қалдықтарды сақтайтын бірде бір полигон жоқ. Ірі кәсіпорындар қалдықтарды өз территориясында контейнерлерде сақтауға мәжбүр. Бұл облыста улы химиялық заттардың бір тобы жиналып қалған. Олар ұзақ уақыт бойы жойылмай жата береді және ауа су арқылы оңай тарайды. Экология мәселесімен айналысатын үкіметтік емес ұйым директоры Дмитрий Калмыковтың айтуынша, Батыс Қазақстанда мұнай органикалық заттарға бай: парафин, ұшатын заттар және басқалар, ал өңдеу барысында бұл заттар зауыттан сыртқа шығады. Былтыр тіпті бір ауылды толығымен мемлекет көшіруге мәжбүр болған дейді ол.

Уытты қалдықтар онкологиялық ауруларға әкеп соғады және жүйке жүйесіне зақымын тигізеді. Мамандардың айтуынша, улы химиялық заттар тобы адамның репродуктивті жүйесіне зақым тигізеді. Және бұл қасірет бірнеше ұрпаққа тарауы мүмкін дейді дәрігерлер. Ал, Қазақстандағы ерлі-зайыптылардың 15 пайызында ұрпақ өрбіту мүмкіндігі жоқ. Гинеколог дәрігер Гүлбану Құсманқызының айтуынша, соңғы кезде бедеу әйел, белсіз еркек көбейген және оған экологиялық жағдай әсер етуі мүмкін:

- 30-40 адам келеді күніне. Осы соңғы екі жылда тіпті көбейіп кетті. Қазір мысалға тұрмысқа шығады, бір жылдан кейін бала көтере алмай қалады. Жастарда бар.

Кезінде белсіздік ауруынан емделгеннен кейін бала сүйіп отырған Талғат Нәліппаевтің айтуынша, ол өзінің бедеу болып қалғанын білмептіде:

- Дәрігерлерге барып емделгенде солар айтты. 3 жыл емделдім, еш пайда болмады. Олар сен сәулеленгенсің деді.

Болжам бойынша, республиканың шамамен 5 миллионға жуық тұрғыны ауасы ластанған жерде тұрады, ал, 2 миллион адам өте ластанған аумақта тұрады деп хабарланған. Экологтардың мәліметінше, Қазақстанда 30 миллиард тонна өндірістік қалдық жиналдған оның ішінде 6 тоннасы уытты қалдықтарға жатады. Және жыл сайын 1 миллиард тонна қалдықтар қосылып отырады деген мәлімет бар. Қазір Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарда сақталады. Оның тек 5 пайызы ғана өртеледі.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG